16 Маусым, 2010

ҚАЙРАТКЕР

864 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Өлке тарихы мен оның мақтанышына айналған тұлғалардың өнегелі істерін оқып үйрену жастарға руханият пен патриоттық тәрбие берудің қажетті буыны болып та табылады. Десек те, өлке тарихы мен оның танымал тұлғаларын кейінгі ұрпаққа танытуда олқылықтар да аз емес. Оның бір себебі кеңестік мектеп жүйесінде қалыптасқан өлкетану үйірмелерінің қазіргі мектептердің көпшілігінде жүргізілмеуінен болса, екіншіден, қазіргі уақытта өлке тарихы мен одан шыққан тұлғалар туралы әдебиеттердің аздығы да себеп болуда. Сыр өңірінде басшылық қызметте болған, аймақтың әлеуметтік-экономи­калық дамуы мен оның жетістіктеріне өзінің ұйымдастырушылық қабілеті мен жігері арқылы үлес қосқан тұлғалар туралы кейінгі ұрпақ көп біле бермейді. Облыстың 70 жылдығына дайындық пен оны өткізу барысында да жергілікті бұқа­ра­лық ақпарат құралдарында мардымды материал беріле қой­мады. Олардың қоғамдық-саяси тұлғасы мен ең­бегіне арналған кездесу­лер, кештер және т.б. аз өткізілді. Дегенмен де, ештен кеш жақсы дегендей, бұл олқылықтың орнын әлі де болса толтыруға болады. Мектептерде, басқа да оқу орындарында өлкетану үйірмелерінің жұмысын жандандырып, өскелең ұрпақты өз өлкесінен шыққан, өлкеге еңбегі сіңген қайрат­кер­лерге елік­теп өсетіндей тәрбиелік жұ­мыс­тарға көбірек көңіл бөлу керек. Қызылорда облысы құрылғаннан бері өңірді партиялық билік бойынша (1938-1991 жылдары) 17 адам басқарыпты. Олардың қай-қайсысы болса да өз заманында әрқилы биліктік талаптарға сәйкес облыстың өркендеуі мен дамуына өзіндік үлестерін қоса алды. Ешқайсының да өлкеге сіңірген еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ солар­дың ішінде елдің ерекше ықыласына бөленген, шоқтығы биік басшылар да болды. Солардың бірі басшылық қызметі КСРО-дағы қайта құру және жария­лылықпен тұспа-тұс келген Еркін Әуелбеков еді. 1985-1989 жылдары Қызылорда облы­сы­ның басшылығында болған Е.Әуел­беков кім еді, ол облыс тарихында несі­мен есте қал­ды деген сұрақтарға жауап іздесек, төмендегідей деректерді кездес­тіреміз. Оның Қызылорда облысына келгенге дейін өмірбаяндық дерегіне үңілсек, Еркін Нұржанұлының 1930 жылы 20 маусымда бұрынғы Көкшетау облысының Рузаев ауданындағы Фрунзе ауылында дүниеге келгенін көреміз. 1953 жылы Мәскеудегі К.А.Тимирязев атын­дағы Ауыл шаруашы­лы­ғы академиясы­ның экономика факуль­тетін бітірген ол 1953-1957 жылдары Сол­түстік Қазақстан облысындағы Коновалов МТС-інің бас агрономы, Преснов ауда­нындағы Ни­колаев МТС-інің директоры, 1957-1961 жылдары Маресьев кеңшарының директоры, 1961-1963 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төр­ағасының орынбасары, 1963 жылы Сол­түстік Қазақстан облыстық партия коми­тетінің хатшысы, 1963-1965 жылдары облыс­тық атқару комитетінің төрағасы, 1965-1967 жылдары Қазақ КСР Ауыл ша­руашылығы министрінің бірінші орын­басары, 1967-1968 жылдары Астық өнімдері және мал азығы өнеркәсібі министрі, 1978-1985 жылдары Көкшетау облыстық партия комитетінің және Торғай облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерінде болды. 1985 жылы 22 қаңтарда Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Е.Әуелбеков облыс басшылығына кел­ген күннен бастап-ақ аймақтағы әлеу­меттік-экономикалық жағдаймен танысып, облыстағы көп жылдан бері қордаланып қалған мәселелер мен кемшіліктерді ше­шуді қолға алды. Осы жылдың 2 ақпанында облыстық партия-шаруашылық активі мек­тебінің тыңдаушылары алдында сөйлеген сөзінде облыстағы жағдайға терең талдау жасап, алда тұрған міндеттерді баяндады, өзінің пікір-ұсыныстарын ортаға салды. Ал бұл кездегі облыстағы ауыл шаруа­шылығындағы, өнеркәсіптегі, құрылыс­тағы және тағы басқа салалардағы жағдай рес­пуб­ликадағы орташа деңгеймен салыс­тыр­ғанда алаңдатарлықтай еді. Күріш шаруа­шылығы біршама дамығанымен оның сапасы мен агротехникалық шараларды жақсарту қажет етілетін. Суармалы егін­шілікке қолайлы аймақ болғанымен бақша дақылдарын өсіру негізінен жеке секторда ғана жақсы өнім берді. Бақша дақылдарын өсірудің жоспары жеке секторлар есебінен ғана орындалып келді. Жоңышқаның әр гектарынан 4-5 центнер (ал бұл кезде көр­шілес Шымкент облысында 12-14 центнер) ғана өнім жиналды. Ал мұның өзі мал шаруашылығын дамытуға, ет пен сүт өндіруде қиыншылықтар әкелді. Картоп пен көкөніс және басқа да дақылдар әрбір жан басына шаққандағы республикалық деңгейден едәуір кем өндірілді. Облыстағы ет өндіру де жылдан жылға азайып, мем­лекетке 1985 жылы 10 мың тонна ет қарыз болды. Ірі қараның етке өткізу салмағы орташа есеппен алғанда 302 кг. ғана болды, әр сиырдан жылына 230 кг. сүт өндірілді. Өнеркәсіп өндірісі де басқа аймақтар­мен салыстырғанда едәуір артта қалды. Қызылорда облысында өнеркәсіп өнімі жан басына шаққанда республикалық орташа деңгейден 4 есе аз өндірілді. Ал бұл уақытта жұмысқа қабілетті тұрғындардың 20 пайы­зы жұмыссыз отырды. Қызылордалықтар ет, сүт, жұмыртқа, көкөніс және картопты республика және Одақ бойынша 1,5-3 есе аз пайдаланды. Соған қарамастан, осы жылдардағы облыс басшылары мадақталып, мемлекет­тік наградаларға ие болып, қызметтері жоға­рылап жатты. Күрделі құрылыс бойынша өткен 4 жылдық жоспар тек 3 жыл бой­ын­ша ғана орындалды. Жыл бойында бірде-бір үй салмаған кеңшарлар да болған. Облыс құрылыс көлемі бойынша респуб­ликалық орташа деңгейден үш есе артта қалды. Облыстағы коммуналдық салада да күрделі жағдай қалыптасқан еді. Сондықтан да жаңадан келген облыс басшысы монша, жылу, су, көлік қызметтерін жандандыру мәселесін алға қойды. Мәселені күн тәртібіне қоюмен ғана шешуге болмайтын еді. Оны шешудің нақты жолдары белгіленіп, оған жауапты адам­дар­дан қатаң жауап­кершілік те талап етілді. Е.Әуелбековтің облыстық партия ак­тиві алдында сөйлеген сөзінде тұрғын үй бөлудегі әділдік, арыз-шағымдармен жұмыс істеу, жиын­дар мен іс­сапарларды азайту, бас­шылардың каби­нет­тері мен даң­ға­радай үйлері, қызметтік кө­ліктерді пайдалану, көрнекі насихат және тағы басқалар да назар­дан тыс қалмады. Аймақ басшысы облыс активі алдын­дағы алғашқы сөй­ле­ген сөзі­нен кейін-ақ облыс жұртшылы­ғы­ның ықы­ласына бө­лене бастады. Ол облыстың кейбір өндіріс орындары мен мекемелеріне, халыққа қызмет көрсететін орын­­дар мен дүкен­дер­ге алдын ала ес­керт­­пестен, өзінің кім еке­нін айтпастан барып кө­ріп, жағдаймен көз­бе-көз танысты, халық­пен ашық пікірлесті. Е.Әуелбековтің ме­кемелерге, дүкендерге барып, қоғамдық көлік­ке мініп, халықпен шүйір­келескенін қы­зыл­ордалықтар әлі күн­ге дейін жыр қылып айтады. Е.Әуелбековтің жоғарыда аталған әре­кеті қарапайымдылықты ғана емес, іске деген жауапкершілікті, оны шешудің тың әрекеттеріне баруын көрсетеді. Дүкендерде кезекке тұрып, таңертеңгі “су жаңа” жаңалықтарды естуге болатын болса, өзінің кім екенін айтпай шаруа­шылықтарға баруы арқылы түйткілі көп мәселелерді (ал ондағы мәселелерді сол жерде жұмыс істеп жатқандардан артық ешкім де білмейді) шешудің тиімді жол­да­рын табады. Халық көп жағдайда бас­шы­ларға “ақылсынып” ұсыныстар айта берсек, жергілікті жағдайға қарай өз пікірімізді білдірсек, жоғарыдағыларға да, өздерінің тікелей басшыларына да жақпай қалуымыз мүмкін деп те жалтақтайды. 1985-1989 жылдары облысты басқарған Е.Әуелбеков әртүрлі әлеуметтік топтың да, жеке адамның да, төменгі басшылықтың да мүдделері мен мінез-құлқын әрдайым зерт­теп, қадағалап отырды, мәселелерді жұмыс барысына қарай, халықтың, аймақтың ерекшелігіне қарай шешті. Қызылорда облысына келген күннен бастап-ақ ұзақ жылдардан бері жинақталып қалған мәселелерді, күрмеуі қиын түйіндерді шешу үшін өзінің “жаңа тәртібін” орнатты. Бұл тәртіптің негізі өздерін жергілікті князь­дар­дай сезінетін басшыларды “артықшы­лықтарынан” айырудан, жұмыс істеудің “кабинеттік стилінен” бас тартқызудан, зәулім үйлерінің “қоршауын” бұзудан, қо­ғамдық көліктермен жүруді міндеттеу­ден және тағы басқалардан тұрды. Е.Әуелбеков енгізген “жаңа тәртіп­тер­дің” бірі облыс орталығындағы дүкендерге, көшелерге, шағын аудан­дарға, жатақхана­ларға, бастауыш ұйым­дарға облыстық пар­тия комитетінің қызметкерлеріне жауап­кер­шілік жүк­теп, сондағы мәселелерді дер кезінде шешуді тапсырып, соларға бекітіп беруі болды. Еркін Нұржанұлының өзі Ок­тябрьдің 60 жылдығы көшесін (қазіргі Жел­тоқсан көшесі) және осы көше бойындағы “Көктем” гас­трономын, меди­цина училищесінің жатақханасын шефтік қамқорлыққа алды. Облыстық партия комитетінің қызметкерлері де өздеріне бекітілген көшелер мен дүкендердің және тағы басқалардың жылуына, жарығына, тазалығына, безендірілуі мен көгалдан­дырылуына, тұрғындардың мұң-мұқтажда­ры мен арыз-шағымдарына жауап берді, басшылық пен тұрғындар­дың да өз кө­шелері мен үйлері, тазалығы үшін жауап­кершіліктері арта түсті. Е.Әуелбековтің Қызылорда облысын­дағы басшылық қызметі Арал экологиялық апатының мәселесін жалпы мемлекеттік және халықаралық деңгейде көтеруімен, оның зардаптарын жою үшін Одақ көле­мінде шаралар қабылдауға жеткізуімен де есте қалды. 1988 жылы 28 маусым-2 шіл­де күндері Мәскеуде өткен Бүкілодақтық XІX партия конферен­циясында Е.Әуел­беков делегаттарға және Одақ басшы­лығына сол кездегі облыстың жағдайы туралы объективті шындықты жеткізіп, Аралдың, бүкіл облыстың әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағ­дайын жақсарту шараларын қолдануды ұсынды. Бұл кезде облыстың жан басына шаққандағы кірісі КСРО-дағы орташа кіріс­тен екі есе төмен еді. Ол КСРО Ми­нистрлер Кеңесінің “Қызылорда облы­сының әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету жөніндегі шаралар туралы” арнайы қаулысының қабылдануына қол жеткізді. КСРО Министрлер Кеңесінің “Арал теңізі ауданындағы экологиялық және санитарлық ахуалды түпкілікті жақсарту жөніндегі шаралар туралы” қаулысының қабылдануы және оның қағаз жүзінде қалып қоймай, дер кезінде жүзеге асуы үшін де аянбай еңбек етті. Об­лыс басшы­лығы ұсын­ған дәйектемелер негі­зінде осы кезеңде Қы­зылорда облысы бой­ынша КОКП Орталық Ко­ми­теті, Қазақстан Ком­пар­тиясы Орталық Комитеті, КСРО Ми­нистрлер Кеңесі және Қазақ КСР Министр­лер Кеңесінің бес партия­лық-мемлекеттік құжат­тары қабылданды. Е.Әуелбековтің күш-жігерінің арқасында еңбекақы төлеудің шө­лейт­тік коэффициенті енгізілді. Қызылорда облы­сының өндірістік қуатын арттырудағы “Құмкөл” мұнай кен орнын и­ге­ру­дің қаншалықты маңыз­ды болғандығы айтпасақ та түсінікті. Оңтүстік Торғай кенінде гео­ло­гиялық барлау жұмыс­тары 70-жылдардың басында қолға алынған еді. Ал оны бұрғылау және игеру 1984 жылдан басталды. Е.Әуел­беков­тің облысқа басшы болып келуімен бірге бұл ау­қым­ды жұмыс одан әрі жанданды. 1985 жылдың ортасына қарай КСРО Мұнай өнеркәсібі ми­нистрлігінің “Қазақ КСР-індегі “Құмкөл” мұнай кен орнын ашуға дайындау және игеруге байланысты жұмыс­тарды ұйымдастыру туралы” бұйрығы да шықты. Мұ­най кен ор­нын ашу мен оны игеру жұмыстарын ұйым­дас­тыру аталмыш министр­ліктің 1985 жыл­ғы маусым айындағы №314 бұйрығы бойынша “Маңғыстаумұнай” бір­лестігіне жүктелді. Нәти­жесінде 1986 жылдың алғашқы жартысында 33 ұңғыма қазылып, оның 28-інен мұнай көзі та­былды. Осылайша Е.Әуел­беков өзінің Қы­зылорда облысында басшылық еткен жылда­рында “Құмкөл” мұнай кенішін игерудің барлық шарттарын қолға алып, оның жүзеге асуына орасан зор ықпал етті. Е.Әуелбековтің бас­шы­лығы кезінде Қызыл­орда облысында “Ісмер” тігін және тоқылмайтын маталар фабрика­лары, “Рисмаш” зауыты, Арал электр техникалық зауы­ты, Қызылорда вагон жөндеу зауыты, Шалқия кенішін пайдалану құ­ры­лысы және тағы басқалар пайдалануға берілді немесе қолға алу бас­тал­ды. Еркін Нұржан­ұлының облыстағы әлеу­мет­тік-экономикалық саладағы сан-салалы қыз­метін қысқаша түйіндер болсақ, ол облыстың таяу және ұзақ мерзімдерге бағытталған стратегиялық даму жоспарлары мен бағдарламаларын Одақ және республика көлеміндегі мемлекеттік жоспарға енгізуге және оларды жүзеге асыруда көп күш-жігер жұмсап, табандылық таныта алды. Е.Әуелбеков одақтық жиындарда КСРО Денсаулық сақтау министрі Е.Чазовты, Мелиорация және су шаруашылығы ми­нистрі Х.Васильевті, Ауыл шаруашылығы машиналарын жасау министрі А.Ежев­скийді, Қаржы және еңбек министрлігі мен комитетінің басшылары Б.Гостев пен Н.Гладкийді Қызылорда облысына көңіл бөлмегендігі, бюрократтық әрекеттері мен жайбасар­лықтары үшін Кремль мінберінен сын садағына алды. Мысалы, “Қызылорда күріш зауыты” бойынша КОКП Орталық Комитеті мен Министрлер Кеңесінің бір­неше рет қаулылар қабылдағанына қара­мас­тан А.Ежевский басқарған министр­ліктің жауапсыздығынан аталған құры­лыстың тым созылып кеткендігін ашына айтып, бұл мәселені съезд делегаттарына да хабардар етті. Рас, соқтықпалы-соқпақсыз сол заманда Еркін Әуелбековтің де ашық айтамын деп асыра айтқан, басынан бағы тайған басшының соңынан тас атқандай ауыр сөйлеген тұстары да, оның тұсында жоғары қызметке көтерілген тұлғаларды тұқыртпақ болғандай әсер қалдырған сәттері де жоқ емес. Мұның бәрі азаматтарымызды бір-біріне айдап салып қойған кер кезеңнің кесірлі көріністері дегеннен басқа қазір не дейік? 1989 жылы тамыз айында Е.Әуелбеков КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, Ұлттар кеңесінің ұлт саясаты және халықаралық қатынастар жөніндегі комиссиясы төр­ағасының орын­басары болып сайланды. 1991 жылдың со­ңында, КСРО тарағаннан кейін Қазақ­станға қайтып оралса, 1999 жылдың басында өмірден озды. Еркін Нұржанұлының Сыр өңірі үшін атқарған қызметін облыс халқы  ұмытпайды. Мұрат МҰХАМЕДОВ, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, саяси ғылымдар докторы.