16 Маусым, 2010

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ КӨШБАСШЫ ЕЛ

1013 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
ТҮРКИЯ ҚАЗАҚСТАНДЫ ОСЫЛАЙ ДЕП ТАНИДЫ “Бүгін Кеңес Одағы – досымыз, одақтасымыз. Алайда, ертең не бола­рын бүгін ешкім кесіп айта алмайды. Дүние жаңа тепе-теңдікке ұласуы мүм­кін. Міне, сол кезде Түркия не істеу керектігін білуі тиіс. Бұл досы­мыз­дың қол астында тілі, діні, тегі бір бауырларымыз бар. Оларға қол ұшын созуға дайын болуымыз қажет! Әзір болу – сол күнді үнсіз күту емес. Дайындалған жөн. Халықтар бұған қалай әзірленеді? Рухани көпір­лерді сақтай отырып әзірленеді. Тіл – бір көпір... Сенім – бір көпір... Та­рих – бір көпір. Тамыр – тегімізге оралып, сан қилы оқиғалармен сө­гіл­ген тарихымызда түгенделуге тиіспіз”. 1933 жылғы 29 қазанда түрік­тердің көсемі, тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүрік осылай деген екен. Ататүріктің осы мағыналы сөз­дері – барша түрік халқына қал­дыр­ған өсиет. Осы бағытта елдің бас­шылары түбі бір тарих, мәдениет, тіл және сенім негізінде құрылған көпірлерді одан әрі нығайтуды, бау­ыр­лас ха­лықтар мен келешек ұр­пақтар алдын­дағы міндеті санайды. 1991 жылы 16 желтоқсан күні Қа­зақстан өз тәуелсіздігін жариялап, әлем­ге жаңа мемлекет келгенін әйгі­леді. Дүние жүзі бойынша осы жаңа­лығымызды ерекше қуана қар­сы алған ел – Түркия. Сол кездегі Түркия Президенті Тұр­ғыт Өзал біз­дің Тұңғыш Президентіміз Нұр­сұл­тан Назарбаевқа телефон шалып, жүрек-жарды тілегін жеткізе келіп: “Біз Қазақстанның Тәуел­сіздігін таны­дық!” депті. Міне, осы бір ауыз сөз­бен Қазақстан мем­лекеті әлемдік қау­ым­дас­тыққа енді. Осындай ыс­тық ықыласпен бас­талған бауыр­ластық, дипломатиялық байла­ныс екі елдің арасын өте жақындас­тырып жіберді. Әрбір мемлекет өзге елмен дип­ломатиялық байланыс орнататыны анық. Келісімдерге қол қойылған соң, екі елдің ынтымақтастық қа­рым-қатынасы жалғасын табады. Сауда-эко­номикалық байланысы өрбиді. Ал Қазақстан мен Түркия арасында жеке мемлекеттер ретінде ынтымақтастық байланыстың келісімдері заңмен бе­кітілгенге дей­ін-ақ екі елдің тұрғын­дары бірден байланыс орнатты. 1992 жылдан бастап Қазақстан азаматтары Түркия әлемін ашты. Сауда-саттық байла­нысы өріс алды, туризм дамыды. Де­малыс орындарының бағасы жо­­ға­­ры емес, алайда, қызмет көрсетуі сапалы болғандықтан Анталия секілді ку­рорттары ТМД елдерінің азаматтарын көбірек қызық­тыр­ғаны жасырын емес. Ұшақпен барып қайту қымбатырақ болғанымен, демалу үшін әлі күнге дейін Түр­кияны бетке алатын азамат­тарымыз көп. Егер пойызбен немесе автокө­лік­пен баратын жер болса, ел тұрғындары тіптен көп барар еді. 1992 жылы наурыздың 2-3-і күн­дері екіжақ­ты ынтымақтастық ке­лісім-шарттарға, ар­найы хаттама­ларға қол қойылды. Қос мемлекет арасын­дағы дипломатиялық байла­ныс сол күн­­нен басталды. Сол жы­лы бір айдан кейін екі елдің ара­сында визалық ре­жім алынып таста­лын­ды. Сөйтіп, Түр­кия мен Қа­зақстан аза­маттары бір-біріне виза­сыз емін-еркін барып тұруына мүм­кіндік туды. Бұл режім осы күнге дейін сақталып келе жатыр. 30 күн мерзім ішінде визасыз барып келуіне болады. Нарық экономи­касы енді басталған тұста 1990 жыл­дардың басында тауарлар жоқ ке­зінде біреулер Қытайдан заттар та­сыса, сапасы жақ­сырақ өнімді Түр­киядан әкелді. Бүгінгі таңда “Түркия қандай мем­лекет?” деп сұрасаң, екінің бірі жауап бере алады. Бауырластықтың және бір көр­і­нісі 1992 жылы сәуір айында елі­мізде тұңғыш шетелдің елшілігі өз қыз­метіне кірісті. Ол – Түркия елшілігі. Алға­ш­­қы Түркияның Қазақстандағы елшісі Арғын Оспай болды. Сол сәуір айында Қа­зақ­станға Түркия үкіметінің бас­шысы Сү­лей­ман Демирел арнайы іссапармен келді. С.Демирел ақ тілегін айтып, Түркия елшілігінің туын көтер­ді. Ал өз кезегінде 1992 жылы қазан ай­ында Анкара қаласында Қазақстан елшілігі ашылды. Қазақ елінің Түр­киядағы тұңғыш елшісі болып Қанат Сауда­баев тағайын­далды. Қ.Саудабаев ол қызметке дейін министр, басқа да жауапты қызметтерді атқарды. Тұңғыш елшіге жүктелетін міндет те көп. Ол мемле­кетке беделі жоғары, екі елдің қа­рым-қатына­сын әрі қарай дамыта­тын азамат керек болды. Осының бар­лығын ескере отырып, Тұңғыш Пре­зидентіміз Н.Ә.Назар­­баев жау­апты да бе­дел­ді, тарихи маңызды­лығы зор қыз­метке Қа­нат Сауда­баевты тағайын­дады. Осы сенімнен шы­ға білген Қ.Сау­дабаев қос мем­лекет арасын­дағы ынтымақ­тастық байланыстың жедел қарқын­мен дамуына қыруар еңбек сіңірді. Бү­гінгі таңда Қ.Б.Саудабаев Мемле­кет­тік хат­шы – Сыртқы істер ми­нистрі және Қазақстан­ның ЕҚЫҰ-дағы Іс басындағы төрағасы қызме­тін абыроймен атқаруда. 1997 жылы елдің астанасы Алма­тыдан Ақ­молаға ауысқан кезде де Тү­рік бауырларымыз осы орасан зор жо­баны іске асыруда өздерінің ат-са­лысқысы келетіндігін мәлімдеді. Түрік компаниялары, сәулетшілері келіп, елорданың құрылысын салуға белсенді кірісті. Қазақстан Президенті әлемді ын­­тымаққа шақыруда көптеген баста­малар көтеріп жүргені белгілі. Оның ішінде атом қаруына қарсы, қауіп­сіздікті сақтау, бейбітшілікті қорғау мәсе­лелерін бірінші кезекте айтып жүр. Елбасының осындай бастамала­рын Түркия тарабы әр­дайым бірінші болып қолдап келе жатқанын анық көріп отырмыз. Айталық, Н.Назар­баевтың бас­та­масымен Түркі тілдес елдердің Пар­ламенттік Ассамблеясы құрылды. Бұл түркі тілдес халықтарды бір-біріне жақындатуға жасалған маңызды қадам екені анық. Қос мемлекет басшылары кез­десіп, үлкен келісімдер жасасқаннан кейін екі елдің саяси, сауда-эко­номикалық байланысы жаңаша қар­қында дами­тыны сөзсіз. Биылғы мемлекет бас­шы­ларының кездесуле­рінен кейін үлкен сер­піліс болады деп нық сеніммен айта аламын. Айталық, Абдулла Гүлдің шақы­руымен өт­кен жылы 20-22 қазан күн­­дері Қазақстан Пре­зиденті Нұр­сұлтан Назарбаев ресми сапармен Түркияға барып келді. Делегация құ­рамында бол­ған өзім де сол сапар­дан үлкен әсер алдым. Сол жолы Елбасымызға Түр­кияның ең жоғарғы наградасы табыс етілді. Сол жолы Ыстамбұлда түріктің мыңнан астам кәсіпкері Қазақстанның кәсіпкер­лерімен бизнес-форум өткізіп, қан­дай ортақ жобаларды жүзеге асыру туралы мәсе­лелерді талқылап, өзара әріптестік байланыс орнатты. Ал осы жолы Абдулла Гүл де Астанада өткен екі елдің экономикасын да­мытуға ықпал ететін бизнес-форумға түріктің алдыңғы қатар­лы кәсіп­орындары мен өндіріс компанияла­рының жетекшілерін алып келген еді. Мұндай басқосулардың алдағы уақытта нәтижелі бо­латыны сөзсіз. Екі елдің арасында 60-тан астам келісім-шарттарға қол қойылған. Түрік инвес­торларының елімізде заңға сәйкес тұрақты жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Қазақстан-Түркия парламен­т­аралық достық тобының Мәжіліс­тегі жетекшілігі маған жүктелген болса, ал Түркия Парламенті жағы­нан танымал саясаткер Мехмет Чичек жетек­ші­лік етеді. Бұл топқа екі елдің көптеген де­пу­тат­тары ен­ген. Парламентаралық кездесу­лерде заң шығару ісіне байланысты тә­жірибе алмасулар өтеді. Түркияның соңғы жылдардағы шығарған заңда­рымен танысамыз. Олар да Қазақ­станның қабылдаған заңдарын біздер арқылы біліп отырады. Түркия Қазақстанды Орталық Азиядағы көшбасшы ел деп біледі және біздің мемле­кетімізді осы ай­мақтағы сенімді стратегиялық және маңызды сауда-экономикалық әріп­тесі санайды. Айталық, 2008 жылы сауда айналымы 2,9 млрд. АҚШ долларына жеткен. Бір қуанар­лығы, оның ішінде Түркияға шығарған экс­портымыз 1,9 млрд. долларды құ­раса, им­порт көлемі 971 млн. доллар болды. Ал 2007 жы­лы сауда айна­лымы 1,9 млрд. доллар дең­гейінде болған. Ол жылы экспорт та, импорт та 1 млрд. долларға жуықтапты. Қазақстан мен Түркия арасын­дағы сауда айналымына әлемдік қаржы дағдарысы да өз ықпалын тигізді. Соған орай 2009 жылы алыс-берісіміз 2007 жылғыдан да төмен­деп, 1,4 млрд. АҚШ долларын құра­ды. Соның ішінде өткен жылы экс­порт – 791,8 млн. доллар, импорт 570,9 млн. доллар көлемінде бол­­­ды. Де­генмен, екі елдің статистика агент­тік­тері биыл жыл басынан бері сауда-экономикалық байланыс қайта қарқын алғанын мәлімдеп отыр. Биыл Түркия Президенті Абдул­ла Гүл Қа­зақ­станға жасаған сапарын Түркістаннан бас­тады. Бұл да елі­мізге, тарихымызға деген құр­мет деп білемін. Қасиетті де киелі мекенде бо­луы Түрік Президентінің көреген­дігін таны­та­ды. Түркістанда Қазақ-түрік университеті құ­рыл­ғаны бел­гілі. Ол қазір еліміздегі танымал оқу орнына айналды. Қазақстандағы қазақ-тү­рік лицейлері де білімді шәкірттерді тәрбиелеп келеді. Абдулла Гүл Елбасымыз Нұрсұл­тан Әбіш­ұлымен жүздескеннен кейін екеуі бірнеше ма­ңыз­ды саяси шара­ларға қатысты. Сонымен қа­тар 26 мамыр күні Түркия Президенті Қа­зақ­стан Парламентіне келіп, Сенат төрағасымен, Мәжіліс төрағасымен жүздесті және қос палата депутат­тары алдында сөз сөйледі. Жақынырақ білу үшін айтар болсам, Түрік мемлекетінің басшысы Абдулла Гүл 29 қазанда 1950 жылы Кайсери қаласында туған. Ыстам­бұл университетінің экономика факуль­тетін бітірген. 1976-78 жылдары док­торлық диссер­тациясын Ұлыбрита­ния­да қорғаған, экономика ғылы­мының докторы. Сакария универси­тетінде экономикадан дәріс берген. 1983-91 жылдары Сауд Арабия­сы­ның Жидда қаласында орна­ласқан Ислам даму банкінде кеңесші-эко­но­мист қызметін атқарған. 1991 жылдан бастап Түр­кия Парламен­тінің бірне­ше шақырылы­мының де­путаты бол­ды. Сондай-ақ Түркия­ның Мем­ле­кеттік министрі, Премь­ер-министрі, Сыртқы істер минис­трі қызметтерін атқарып, мол тә­жірибе жинақтаған тұлға. Абдулла Гүл 1992-2001 жылдар аралығында Еуропалық Ке­ңес­тің Парламенттік Ассамблеясының (ЕКПА) мүшесі болды. Айта кету ке­рек, Парламент­тік Ассамблея Еуро­палық Кеңестің ең басты жарғылық органының бірі болып табылады және де оған мүше-мемлекеттердегі саяси партиялардың негізгі мүдде­лерін қарастырады. Бүгінгі таңда оның құрамына 50-ге жуық демо­кра­тиялық мемлекеттің өкілдері енген. 2007 жылы Түрік Республика­сының Президенті болып сайланды. Түркі тілдес халықтардың тілін тү­сінетіндігімен қатар ағылшын және араб тілдерін жетік меңгерген. Астанаға келген сапарында Түр­кия Президенті Абдулла Гүл Қазақ­станның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегі ұстанымын жоғары бағалады. Және де еліміздің бейбітшілік мақсаттағы бастамаларын ерекше атап өтті. Жер шарының кейбір тұстарында орын алып отырған саяси қайшылықтар мен қақтығыс­тарды бейбіт жолмен шешу үшін атсалысып отырғанын айтты. Осы жолда Қазақстанның беделі үлкен рөлге ие екенін жет­кізді. Түркия Президенті барша түріктердің ыстық сәлемін жеткізді. Сөзінің соңында Абдулла Гүл қазақ еліне ізгі тілегін арнады және де түрік халқы Қа­зақстанның тәуел­сіздік алған кезден бері өр­кениет жолындағы жетістіктерін, яғни, бар­лық салада алға қарай нық қадаммен қарыштап бара жатқанын үлкен мақтанышпен айтатынын мәлімдеді. Осы жолы Түркия Президенті Аб­дулла Гүл Астанадағы Түркия ел­шілігінің жаңа ғимаратын салтанат­ты жағдайда ашты. Бұл ғимарат сәні мен салтанаты келіскендігімен, көрікті жерде орналасқандығымен ерекшеленеді. Екі елдің ынтымағына үлкен сенім білдірді. Айта кету ке­рек, бұрын Түркия елшілігі әртүрлі ғима­рат­тарды жалға алып келген болатын. Міне, енді, жаңа ғимаратқа ие болды. Бұл да екі елдің өза­ра сый­ластығын, бір-біріне деген құр­метін көр­се­теді. Арнайы өздерінің қаражатына салды. Жо­басы да қаламызға көрік беріп тұр. Бұл бір күн­дік немесе жүз жылдық емес, мәңгілік тұр­сын деп салынған елшілік екені айқын сезіліп тұр. Сондай-ақ Абдулла Гүл елор­да­дағы Ата­түрікке орнатылған ескерт­кішке барып гүл шоғын қойды. Қазақ халқының Түрік көсеміне көрсеткен құрметі үшін үлкен тебіреністе болғанын жасырмады. Абдулла Гүл: “Әр келгенімде гүл­дене түс­кеніне куә болып жүрген Ас­тана қаласы – Қазақстанның динамизмі мен Президент На­зарбаев мырзаның көрегендігін бейнелей­тін ең үлкен туынды. Астананың құ­рылыс жұмыстарына түрік фир­малары мен жұмысшы­ларының да үлес қосуын түрік-қазақ ынтымақ­тастығының ең әсем нышанда­ры­ның бірі деп білеміз”, – деді. 8-9 маусым күндері Түркияның Ыстамбұл қаласында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің ІІІ саммиті бо­лып өтті. Осы келелі халықаралық бас­қосуды ашқан АӨСШК-нің іс басындағы төрағасы, Елбасымыз Нұр­­сұлтан Назарбаев “Біздің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығымыз Шығыс пен Батыс арасындағы қатынас­тардың жаңа ке­зеңіне жол ашады, Ванкуверден Владивостокқа дейінгі ұлан-ғайыр кеңістікте өзара сенімді нығайтуға септігін тигізеді деп се­не­міз”, – деп әлем қауіпсіздігін қорғау бағытындағы ойларын ортаға салды. АӨСШК-нің ІІІ саммитінің жұмысына 36 елдің мемлекет және үкімет басшылары, ми­нистр­лері мен ресми өкілдері, 14 халықаралық ұйымның өкілдері қатысты. ІІІ саммит кезінде Азия Кеңесіне мүше мемлекеттердің құрамы ұлғайды. Осы Ыстамбұл саммитінде Вьетнам мен Ирак АӨСШК-ге мүше болып қабыл­данды. Сөйтіп, Азия Кеңесіне мүше елдердің саны 22-ге жетті. Ал Бангладеш бақылаушы мәртебесіне ие болды, қазіргі таңда жеті мемле­кетте аталмыш өңірлік бірлестікте бақылаушы мәртебесі бар. Саммит барысында форумдағы төрағалық Қазақстаннан Түркияға өтті. АӨСШК-ге төрағалық етуді Түркия еліне тапсыру жөнінде ой қозғаған кезде Н.Назарбаев парсы ақыны Жалаледдин Румидің “Бір шамшырақ басқа шамшырақты тұтатқанда жарығын жоғалтпас” деген қанатты сөзін айтты. Бұл ойдың ішінде көп мағына жатыр. Бір елдің екінші елге мәр­те­белі міндетті табыс етуі, бауырлас мемлекет­тердің әрқашанда бір-біріне қолдау көрсетуі қажет екені, өркениет жолында ын­тымақтаса білсе, түркі әлемінің туыс­тығы үлкен жетіс­тіктерге жеткізе­тіні жөнінде айтылғанын ұғынуға болады. Ойымды қорытындылай келе, Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық өзге елдерге де үлгі болады деп ойлаймын. Осы қос мем­­ле­кет тілі мен тілегі бір бауырлас ел­дерді өз ортасына жақын тартып, олар­дың да мүд­де­лерін қорғап, түркі әле­мінің дамуында көш­бас­шылық қыз­­метін атқаратынына кәміл сенемін. Уәлихан ҚОҢЫРБАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан-Түркия парламентаралық ынтымақтастық тобының жетекшісі.