Тұлға • 23 Сәуір, 2024

Қонысбайдың халықшыл қасиеті

33 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

2022 жылдың 3 желтоқсаны. Түн құшағындағы елордада қыс қаһарына мініп, аяз ақырып тұрған. Жұртты әбігерге салған осындай ызғарлы, суық ауа райымен бірге бізге бірер жылдан бері денсаулығы сыр беріп жүрген аяулы досымыз Қонысбай Әбілдің дүниеден озғаны туралы суық хабар жетті. Қайғылы қазаны сол тұстағы Жазушылар одағының басқарма төрағасы, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет Фейсбук парақшасында жеткізген еді...

Қонысбайдың халықшыл қасиеті

Қаралы хабар бәріміздің қабыр­ғамызды қайыстырды. Аяулы досымызды ҚазМУ-дың жур­­на­­лис­тика факультетінде бес жыл бір­ге оқыған біздердің – курстастардың ғана емес, оның жаназасына жиналған қара­құ­рым халықтың өлімге қимайтыны қақаған аязда күңіренген көпшіліктің лебінен анық аңғарылып тұрды.

Сол жолы досымыздың өмірі мен өнері арқылы халқының қадірлі де қимас ұлына айналғанына және бір куә болдық. Қалың нөпір легі өзінің өнерпаз ұлымен жүрекжарды сөздерін айтып қоштасқаннан кейін қаралы шеру Қонысбайдай асыл перзентін жер қойнына беру үшін Президент пәрменімен белгіленген қазақтың көрнекті тұлғалары мәңгілікке дамыл­даған Пантеонға қарай бет түзеді...

Міне, содан бері де арада 1,5 жылға таяу уақыт өте шығыпты. Тірі болса Қонысбай досымыз биыл жиырма бірінші мамырда қалың қазағымен қауышып, 70 жылдық мерейтойын әдеттегі әдетімен мереке мен берекеге айналдырып, дүрілдетіп тойлап жатар еді-ау.

Иә, Қонысбай бәріміздің досымыз еді. Бәріміз онымен дос болуға ұмтылушы едік. Өйткені ол курстастар арасынан ә дегеннен-ақ суырылып шығып, өзімен қатар жүргендерді елең еткізген мінездің иесі еді.

Мінез деген адам жанының айнасы ғой. Сол айнадағы бейнесін Қонысбай курстастарымен енді-енді таныс бола бастаған алғашқы айларда-ақ жария етіп үлгерген болатын. Ә дегеннен-ақ әзіл-қалжыңымен, ән-жырымен достарының көңілін аулап, жүрегін баурап алған еді.

Келе-келе осы бір қараторы өңді, орта бойлы жігіт ағасын курстас достары ғана емес, бүкіл Қазақстан танып-біле бастады. Біліп қана қоймай, жұртшылық оның аты аталған жерде азаматтығын, адамгершілігін, жан дүниесі жарасымды әзіл-қалжыңға бай, төңірегін күлкіге көмкеріп, мәз-мейрам күйге бөлей білетін ақжарқын мінезін айтып тауыса алмай, ризашылықпен таңдай қағып отыратын болды. Ал ол болса, халқы құрметтеген сайын шабыты шалқып, қанаттана түсумен қатар, қошемет пен қолпаштың буына балқып, болдым-толдым күй кешетін баз біреулердей емес, керісінше, ізетіне ізет қосып, қашанғыдай сыпайылық қалпынан бір танбайтын.

Әрине, ілтипат пен сый-құрмет өздігінен келмейді. Әсіресе халықтың ілтипатына бөлену оңай емес. Оған жүзден жүйріктер ғана қол жеткізеді. Қонысбай Әбіл сол жүйріктер қатарынан орын алып, ел сүйіспеншілігіне бөленген сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз еді. Және өнер өлкесіне өзінің кездейсоқ келмегенін әлдеқашан әлденеше рет дәлелдеген нағыз саңлақ-тын.

Қонысбайдың өнер үшін, халқының ар-намысын өнерімен қорғау үшін жаралған азамат болғанына дәлел көп. Жора-жолдастары кейде әзіл-шыны аралас мынадай әңгіме айтатын. Қонысбай Қазақ мемлекеттік университетінің журналистер даярлайтын факультетіне оқуға түскен жылы талапкерлерді конкурстық іріктеу кезінде кімнің қандай музыка аспабында ойнай алатындығына назар аударылса керек. Кезек Қонысбайға келгенде: «Мен кез келген музыка аспабында ойнаймын», демей ме. Мұны асыра айтылғанға балаған ұстаздар қауымы шәкірттің қабілетін тексеріп көрмек болады. Сонда Қонысбай шынында да домбыра, мандолин, баян тәрізді музыка аспаптарын құйқылжыта тартып, ұстаздар назарын аударған деседі. Кейін 2-курстан бас­тап факультет студенттерінен «Ләйлім шырақ» атты вокалдық ансамбль құрып, оның жұмысына Нұртілеу Иманғалиұлы, Ұлықбек Есдәулет, Бақыт Табылдиев, Марат Нұрқалиев, Бақыт Ахмеров тәрізді өнерлі жігіттерді тартып, оқу бітіргенше өзі жетекшілік еткен.

Демек Қонысбайдың өнерге бейімдігі балалық шағынан бастау алады. Мектеп қабырғасында жүргенде домбыраға, ән-күй мен өлең-жырға әуестенеді. Респуб­ликалық газет-журналдарда өлең­дері жарияланады. Мектептің көркем­өнер­паздар үйірмесінің ұйытқысы болады. Той-томалақ, мерекелерде көпшілікті әнімен, әзіл-қалжыңымен баурайтын өнерпаз бала атанады. Келе-келе авторлық құқыққа ие болған, «Ауыл кеші көңілді» жинақтарына енгізілген көптеген ән жазады. Ол әндерді «Айгүл», «Адырна», «Шертер», «Ғасырлар пернесі» ансамбльдері орындап, халыққа кеңінен танылады.

Қонысбайдың таланты әсіресе айтыс өнерінде жарқырап көрінді. Қадым заманнан бері халқымызбен бірге жасасып келе жатқан бұл өнердің өзіндік ерекшелігі бар екенін жұрттың бәрі біледі. Табан астынан суырып салып, көпшіліктің көңілінен шығатын тапқыр ой айту Құдай талант берген адамның ғана қолынан келеді. Қонысбайдың осындай қиын өнердің шаужайынан ұстап қана қоймай, оның биік шыңына көтерілуінің басты себебін оның туып-өскен ортасынан іздеген жөн. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Нұрхан Ахметбеков, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков тәрізді дүлдүлдер өмір сүрген құнарлы Торғай топырағы Қонысбайды да бастау бұлағының қайнар көзінен қанаттандырған тәрізді. Оны бір айтыста: «Торғайдан шыққан бір таймын, Жалғаған жырын Нұрханның» деп, Қонысбайдың өзі де тілге тиек еткен-ді.

Қонысбай айтысқа араласа бастаған сонау 80-жылдардан бастап әр жылдары Қазақстанның халық ақындары Көкен Шәкеевпен, Әсілхан Қалыбековамен, Әсия Беркеновамен, Моңғолиядан келген Тоқтамұрат Жомартпен, өзбекстандық Мекембай Омаровпен, ресейлік Аман­гелді Жүсіповпен, белгілі айтыскерлер Қатимолда Бердіғалиевпен, Ерік Асқаровпен, Көпбай Омаровпен, Серік Құсанбаевпен, тағы да басқаларымен сөз сайыстарына түсе жүріп, осы өнердің шынайы шеберіне айналды. Талай рет бас бәйгені иеленді. Атап айтқанда 1990 жылы Ташкент қаласында Балқы Базардың 150 жылдығы құрметіне өткізілген Орта Азия және Қазақстан ақындарының айтысында, сол жылғы республикалық ІІІ ақындар айтысында жеңімпаз атанды. Сондай-ақ С.Торайғыров пен Б.Майлиннің 100 жылдығы құрметіне өткізілген республикалық айтыстарда, телевизиялық айтыстарда сан мәрте топ жарды. Айтыс өнеріне сіңірген зор еңбегі үшін 1990 жылы «Қазақстанның халық ақыны» атағына ие болды.

Аталған абырой-атақтар, қала берді халықтың сүйіспеншілігі Қонысбайға кейбір ақындар сияқты сахнаға шығып алып, домбыраның шанағын сабалап, арзанқол ұйқастар айтып, уақыт ұтқаны үшін берілмесе керек. Керісінше, ортаға түйдек-түйдегімен тастаған отты жырлары тыңдаушылардың айызын қандырып, жұртшылықты «Әп берекелді!» дегізген сәттері аз болмаған. Қоғамдық ой-пікір­­мен астасып жататын мұндай па­йым­дау­лар көпшілікті сүйсіндіріп ғана қоймай, көтерілген көкейкесті мәселенің келешекте оң шешімін табуына да әсерін тигізді. Әсіресе ақынның тілге, елге, жерге байланысты айтқан орамды шумақтары көпшіліктің көңілінен шығатын. Мысалы, Қонысбай бір айтыста:

«Кезінде талай-талай атқа қалдық,

Бүгінде жайымыз жоқ мақтанарлық.

Ұсталған 37-де атамыздай,

Әзер деп тілімізді ақтап алдық», деп, қуануға әлі ерте екенін ескертеді. Айтса айтқандай, тіліміздің әзір қатарға қосылар түрі байқалмайды. Ақынның кең-байтақ қазақ жері туралы:

«Жетісу Арқа менен екі араны,

Жалғауға қандай құшақ жете алады.

Бабалар сойылменен қорғап соны,

Қанымен сызып кеткен шекараны», деген бейнелі теңеуі де көкейге қонымды.

Мұндай тапқыр сөз, ұтқыр ойлар Қонысбай айтыстарынан молынан­ кез­десетін. Оның бәрін тізбелеуді мақсат тұтпадық. Бір ғана айтарымыз – Қоныс­бай­дың айтыс өнерінде шеберлік шыңына көтеріліп, өзіндік мәдени мектебінің қалыптасуына оның жазба әдебиетте де өнімді еңбек етуі игі әсерін тигізді деген ойдамыз. Атап айтқанда, ол айтыс өнерімен ғана шектеліп қалмай, өзін журналист ретінде де, жазушы ретінде де, әзіл-қалжың, сықақтың айтулы шебері ретінде де әр қырынан таныта білген нағыз әмбебап талант еді.

Оқу бітіргеннен кейін өзі туып өскен Жангелдин аудандық «Жаңа өмір» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, «Лениншіл жас» газетінің Торғай, Целиноград облыстары бо­йынша меншікті тілшісі, облыстық «Торғай таңы» газеті редакторының орынбасары, қалалық «Арқалық таңы» газетінің редакторы, Торғай облыстық телерадиокомпаниясының төрағасы, Астана қаласында Тілдерді дамыту басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің аппаратында Редакциялау және аударма бөлімінің сектор меңгерушісі қызметтерін ойдағыдай атқара жүріп, әр жылдары оқырман тарапынан жылы қабылданған «Бастау», «Көршілер», «Алаңғасар», «Қонысбайдың қалжыңдары», «Жетпіс жетінің жігіттері» «Топ жардым туын жықпай туған елдің...», «Әй-әй, ақын әлдиі», «Жадымдағы жазбалар» тәрізді сықақ өлеңдер, әзіл, қалжың, қағытпалар, өлеңдер мен айтыстар, повестер мен әңгімелер жинақталған бірнеше әдеби туындылар ұсынды.

Қонысбай қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін, өнерін насихаттау саласында көптеген жетістікке қол жеткізді. Мысалы, «Қазақстан айтыс ақындары мен жыршылар одағының» төрағасы болып тұрған кезінде Қ.Әбілдің ұйым­дастыруымен Астана қаласында рес­публикалық деңгейде 10 ақындар айтысы өткізілді. Жас ұрпақты халық ертегілері кейіпкерлері рухында тәр­биелеу мақсатында «Тазша бала» конкурсы қолға алынып, ел ішіндегі көптеген таланттардың танылуына жол ашты. Осы байқаудың жеңімпаздары атанған Данияр Хамзин, Тұрсынбек Қабатов, Ринат Зайытовтардың есімі бұл күнде республика көлеміне кеңінен танымал. Сол секілді Наурыз мейрамын халықтық мереке ретінде тойлау, Тіл фестивалін қалыптастыру, Абай ескерткіші жанында «Поэзия сағатын» ұйымдастыру, елордада тұратын қаламгерлермен кездесулер өткізу Қонысбайдың тұсында дәстүрге айналды.

Қонысбай халқына бойындағы табиғи дарынымен, шығармашылық туындыларымен ғана қызмет еткен жоқ. Күнделікті мемлекеттік қызметте де ол елінің еңсесін көтерер іспен айналысты.

Қонысбай Әбіл 1998 жылдан бас­тап Астана қаласында мемлекеттік тіл­ді дамыту ісінің негізін қалады. Ал­ғаш­қы қадамын Астана қаласы әкім­дігінде Тілдерді дамыту секторы мең­геру­шілігінен (1998) бастаған ол араға 4–5 ай салып секторды Тіл бөліміне айналдыруға қол жеткізді. 2002 жылдың басында елордада Тілдерді дамыту бас­қармасын ашып, ана тілді өркендету бағытында бел шеше еңбек етті. Сол кездегі Астана қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Мұхамеджановтың басшылығымен басқарма жанынан «Руханият» мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталығы ашылып, онда өзге ұлт өкілдері де арнайы даярлықтан өтті.

Сондай-ақ Қонысбайдың Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы ретінде де атқарған шаруалары айтарлықтай. Мыңдаған көрермендер куә болған шаршы топтағы айтыстарда туған тілінің жоғын жоқтаған, соны өрге бастыру жолында қызыл тілді барынша безеген ақын енді сол тілді өркендетуге басшылық жасау тапсырылса, аянып қалсын ба. Бұл бағытта да өндіріп жұмыс істеді. Оған тәубе, әрине. Бірақ бітуі қазақ баласының өзіне ғана байланысты, алайда бітіруге мойны жар бермей, енжарлыққа салынатын, тіпті қазақ тілінің қатарға қосылып жүріп кетуіне іштей қарсылық та білдіріп жүрген қандастарын көргенде ашынып та, қынжылып та қалатын.

«Тіл мәселесіндегі күрделі жағдайға өзіміз кінәлі, – дейтін Қонысбай. – Тіпті аралас мектепті былай қойғанда, таза қазақ мектептеріне барсаңыз, үзіліс кезінде оқушылар орысша сөйлесіп тұрады. Бұл – ата-анасының, қоғамның жауапсыздығы. Қалалы жерде салт-дәс­түрімізге немқұрайды қарайтындар көп. Астана кәсіпкерлері нысандарына қазақша ат қоюдан қашады. Себебін сұрасаң: «Қазақша атасақ, ешкім бармай қояды», дейді. Намысын оятпақ болып айтқан сөздерің көбіне далаға кетеді. Ел мүддесі үшін, тіліміз, діліміз, дініміз үшін халық болып күреспейінше, ілгерілеуге қол жеткізе алмаймыз».

Қонысбай осылай тебіренетін. Кейінірек Мәжіліс аппаратының Редакциялау және аударма бөлімінде сектор меңгерушісі қызметін атқарған жылдарда да қазақ тілінің өмірдің барлық саласында айналысқа енуіне жан аямай еңбек етті. Жүздеген терминді қалыптастыруға атсалысты. Сол арқылы болашақта қазақ тілінің күнделікті қолданысқа емін-еркін кірігуіне негіз қалады.

Халқының сүйіспеншілігіне бөленген Қонысбай 1990 жылғы «Қазақстанның халық ақыны» атағынан кейін «Парасат» орденімен, бірнеше мемлекеттік медальмен марапатталды. Арқалық қаласының, Торғай қаласының құрметті азаматы атанды.

Ол – өнер жолындағы қиындықтарды былай қойғанда, тіршіліктің ащы дәмін татудай-ақ татса да, мойымаған жан. Он үш жасында анасынан айырылған шерлі жеткіншек еді. Сол кезде үйдің үлкені болып, соңынан ілескен екі інісін демеген. Анадан айырылу оған ауыр тиді. Азалы жағдай оның жүрегінде ән боп өріліп, бүгінде жұртшылықтың сүйікті шығармасына айналған «Бала махаббаты» деген ән сонда дүниеге келген.

Отбасындағы осындай ауыртпалықты қайсарлығымен жеңген Қонысбайдың Алматы кезеңінде бағына Мүнира сұлу жолыққан. Оқуын бітіріп, Мүнирамен жұбы жарасып елге оралды. Екеуі інілерін қамқорлығына алып, ұзақ жыл ауыл өмірінің дәмін татты...

Қаймағы бұзылмаған қазақы тәрбие­ні өнер дәрежесіне дейін көтеріп, халқы­мыздың рухани байлығын түрлі жанрда насихаттай білген өнер тұлғасы ұлттық бояуға суарылған табиғи шығармашылық өркен жая берсе деп армандаушы еді.

Айтулы ақынның бұл аңсарын ізбасарлары жалғастырады деп сенеміз.

 

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,

филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның құрметті журналисі