Үкімет • 20 Сәуір, 2024

Маман даярлау ісіндегі маңызды мәселе

41 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өңірлердегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын бейіндеу бойынша кеңестер өтті.

Маман даярлау ісіндегі маңызды мәселе

Қазірде еліміздің әр өңірінде даму бағдарламасы, сондай-ақ инфра­құры­лымдық, инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Нәти­же­сін­де, жұмысшы және орта буын мамандарын даярлау қажет­тігі туын­дап отыр. Бұл ретте колледждердің рөлі артып келеді.

«Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері ең алдымен жергілікті еңбек нарығына қажет мамандарды даярлауы қажет. Ол үшін ең бас­тысы колледждердің оқытушылық құрамына, материалдық-техникалық жабдықталуына және сапалы білім бағдарламаларына назар ауда­ры­лу­ға тиіс. «Жас маман» жобасы аясында бірқатар колледждің базасы жабдықталды. Әр аймақта озық тәжірибе жинақтаған оқу орындары бар. Олар тірек колледжі  және құзыреттілік орталық есебінде  өзге білім беру мекемелеріне көмек беруі шарт»,  деді Т. Дүйсенова.

Кеңестер аясында әр аймақтың оң тәжірибелері қарастырылып отыр.

Мәселен, Шымкентте 2 колледж базасында қанатқақты жоба аясында эксперименттік топтар ұйымдастырылған. Мұнда мектептің жоғары сынып оқушылары сабақтан бос уақытта түрлі мамандық меңгереді. Атап айтқанда, 30 бала тігіншілік ісін үйреніп жатыр. Осыған ұқсас тәжірибелер барлық өңірде бар.

Тағы бір мысал – Жамбыл облы­сын­дағы Қордай ауданында шетелдік мамандар қолдауымен колледж ішінен тігін цехі ашылды. Қазір ол өңірдегі сұранысты қамту үшін ірі тапсырыстар алып, қызмет көрсетіп жатыр. Мұнда колледж студенттері кәсіптік практикадан өтіп, тәжірибе жинақтап, әрі қарай жұмысқа орналаса алады.

Халықаралық әріптестік аясында Алматы қаласында да оң тәжірибе бар. Биыл 20 колледждің 200 арнайы пәндер оқытушылары мен  өндірістік оқыту шеберлері шет мемлекеттерде тағылымдамадан өтті. Бұл бағыттағы жұмыс  алдағы уақытта да жалғасын табады. Сондай-ақ алматылық колледж­дерге кәсіпорындардан тәжірибелі мамандарды тарта отырып, кадр даярлау ісі жолға қойылған.

«Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оң тәжірибелері кеңінен таратылуы керек. Бұл жұмыс Оқу-ағарту министрлігінің тұрақты назарында болуға тиіс. Бас­ты мақсат – түлек дайындау ғана емес, жастарға тұрақты жұмысқа орналаса алатындай жағдай жасау. Колледждердің тек мемлекеттік тапсырысқа иек артуы дұрыс емес. Жұмыс берушілер де өздеріне қажет мамандарды даярлауға ат салысуы керек. Оған қоса, колледждерде қазір өндірілген өнімнен түсетін табыс сол мекемеде қалатындай мүмкіндік берілген. Мұны материалдық-техникалық базаны жақсартуға және педагогтердің біліктілігін арттыру үшін қосымша табыс көзі ретінде қарастыруға болады»,  деді Премьер-министрдің орынбасары.