Қоғам • 18 Сәуір, 2024

Апатты өңірлердің оқушылары ҰБТ-ға дайындала алмай отыр - сенатор

75 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тасқын су салдарынан бірқатар өңірдің мектептері оқушыларды қашықтан оқытуға көшкені мәлім. Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев өзінің депутаттық сауалында тасқын судан зардап шеккен өңір түлектерінің ҰБТ-ға дайындық мәселесін көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Апатты өңірлердің оқушылары ҰБТ-ға дайындала алмай отыр - сенатор

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенатордың айтуынша, мемлекеттік білім беру гранттары бойынша конкурсқа қатысуға арналған ҰБТ-ға дайындықты төтенше жағдай өзгертіп жіберді. Салдарынан оқушылардың алдағы тестіге сапалы дайындалуға мүмкіндігі жоқ. Балаларды ҰБТ-ға дайындау саласындағы реттеуді мемлекеттік органның бірде-біреуі жүзеге асырмайды. Өйткені Оқу-ағарту министрлігінде де, Ғылым және жоғары білім министрлігінде де аталған міндет көзделмеген. 

«Талапкерлер бір мекемеге оқушы емес, екіншісі үшін әлі студент емес. Осыған байланысты зардап шеккен аймақтардағы оқу бітіретін түлектердің тағдырына алаңдап отырмыз. Табиғи апатқа байланысты сол балалардың ұлттық бірыңғай тестілеуде төмен нәтиже алу қаупі бар. Сондықтан олар мемлекеттік білім гранттарын ала алмай қалуы мүмкін», деді Ғалиасқар Сарыбаев.

Осыған байланысты депутат талапкерлерді даярлау мәселесін шешу мақсатында тиісті шара қолдануды сұрады. Әсіресе, түлектердің құжаттарын тезірек қалпына келтіруге жәрдем көрсету туралы министрліктерге ұсыныс айтылды. Тестілеудің екінші сессиясының басында ҰБТ өткізу пункттерінің қызметін қалпына келтіру қажеттігі атап өтілді.