Өндіріс • 12 Сәуір, 2024

Халықтың қажетіне жараған қазандық

22 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Щучинск қаласындағы «Азиякотломаш» серіктестігі шығарып келе жатқан бу және су жылыту қазандықтары айрықша сұранысқа ие. Кәсіпорын төл тарихында бірнеше мәрте қайта құруды, жаңғыруды бастан өткергенімен, жұмыс ауқымы кеміген жоқ. Олар қазандықтың 120-дан аса түрін шығарады. Қажетінше арнайы тапсырыс бойынша да дайындап бере алады.

Халықтың қажетіне жараған қазандық

Сонау 1971 жылы ҚазКСР Селолық құрылыс министрлігінің бұйрығымен Щучье жөндеу механикалық зауыты ашылған. 1982 жылы КСРО Ауыр машина жасау министрлігінің қарамағына өтіп, «Бискэнергомаш» ғылыми өндірістік бірлестігінің құрамына енгізіл­ген. Міне, сол кезден бастап күллі кеңес одағын бу қазандықтарымен жабдықтауды жолға қойған. Жұмыс ырғағы туралы көне деректі қайта тірілтсек, күніне салмағы 12 тонна болатын бір бу қазандығын шыға­рып отырған. Асылында, мұндай қазандықтар сұранысқа ие болған сыңайлы. 1998 жылы зауыт «Азия энерго проектмонтаж» серіктестігі болып қайта құрылған, қазір «Щучье қазандық-механикалық зауыты» деп аталады.  

Қысы қатты солтүстік өңір үшін зауыт өнімі қасқалдақтың қанындай тапшы зат. Су жылыту қазандықтарын 50 мгВТ-қа дейін, бу қазандықтарын 24 атмосфералық қысымға дейін шығарады. Мамандардың айтуына қарағанда, мұндай қазандықтар салмағы 25 тоннаға дейін баратын бу шығарады екен. Бір жақсысы, қазандықтарда кез келген отын түрін – көмір, газ, мазутты жағуға болады. Қыстың қамын жаз ойлап тапсырыс берушілер қатарында білім ошақтары, мемлекеттік мекемелер, зәулім ғимараттарын жылытқысы келетіндер бар.

Ел де осы зауыт өнімдерінің игілігін көріп отыр. Мысалды алыс­тан іздеудің де қажеті жоқ. Щучинск қаласының алты қазандығында осы зауыт өнімдері қатал қыстың сынағына шыдап, жүйелі жұмыс істеп тұр. Зауыт мамандары қазандықтарды орнатып, іске қосып қана қоймай, қажет бола қалса жөндеу жұмыстарына да қатысады. Өйткені өздері жасаған, бар қыр-сырын бес саусақтай меңгерген өнімдері емес пе? Айтпақшы, зауытта блокты-модульді қазандықтар, әрқилы жабдықтар, жылу желілерінде пайдаланылатын оқшауланған құбырлар өндіріледі.

Елге игілігі тиіп тұрған тұстың бірі – 143 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуі. Өткен жылдың жайын сараптасақ, зауытта жұмыс істейтін еңбек адамдарының орташа жалақысы 220 мың теңгені құраған екен. Аудан тұрғындары үшін тәп-тәуір табыс.

сми

Енді бір сәт бастан кешіріп отыр­ған кейбір қиындықтар хақында. Ал­дымен кадр тапшылығы сезіле бас­тапты. Щучье етек-жеңі кең пішілген қала болғанымен, зауыттағыдай бейнетке батып, қара жұмыс істеуге тілек білдіргендер қатары сиреген. Дәл қазір дәнекерлеуші, білікті инженер, дизайнер қажет. Жалғыз бұл зауыт қана емес, ауыл шаруашылығы құрылымдарында да алдынан жұмыс үркіп отыратын ынталы жұмысшының азайғандығы сойылдай мәселеге айналып отырғаны шындық. Бәлкім, еңбек адамын ескере бермейтіндігімізден шығар.

Зауыттың көнекөз жұмысшылары бүгінгі жайды өткен шақтың елесімен салыстырып, таразы басына тартады. Енді қайтіп келмейтін көне заманды аңсағандықтан емес, еңбек адамына деген көзқарас айырмашылығының ара-жігін ажыратып, пайымдағандықтан туатын пікір. Алдағы уақытта көк темірмен алысып, денсаулыққа зиян­ды цехтарда жұмыс істеп жатқан жұ­мыс­шылардың жалақысын көтеру, зейнет демалысына ертерек шығару, денсаулығын сақтау, емдеу мәселелері шешілсе екен деген тілек айтады. 

– Біздің білуімізде елімізде инженер кадрлар аз даярланады, ал инженер конструкторлар мүлдем оқытылмайды. Оның үстіне қазіргі жастар мұндай мамандықтарға аса көп қызығушылық танытпайды. Әрине, біз бұл бағытта жұмыс істейміз. Өзіміз оқытамыз, тәжірибелік дағды­лар­ды үйретеміз, – дейді зауыт дирек­­торының орынбасары Асқар Нұр­ма­ғамбетов, – Ертеңге деген алаң­­дау­шылық та бар. Бүгінгі күні жұмыс істеп жатқан адамдар зейнет демалысы­на шықса, олардың орнын кім басады?

Соңғы жылдары дуальді оқыту жүйесінің тиімділігі айқын аңғарыла бастады. Кәсіпорын оқу орындарымен шарт жасасуға әрдайым дайын. Астанадағы жоғары оқу орындарымен және Щучье қаласындағы екі колледжбен ынтымақтаса жұмыс істеп жатыр. Іргедегі Қатаркөл ауыл шаруашылығы колледжімен де байланыстарын нығайта түскен.

Енді ең үлкен мәселені екпін түсіріп айта кетелік. Ол – қазандық дайындау үшін қажетті материалдарды сатып алу жайы. Мемлекеттік стандарттың талабы бойынша бу қазандықтарына дәнекерленбеген, жіксіз болат құбырлар пайдаланылуы керек. Мұндай бұйым елімізде жоқ.  Қазақстанда металл көп болғанымен, көршіге қол жаюға мәжбүрміз. Кісідегінің кілті аспанда екендігі осы жерде көрінеді. Сол себепті, өзіндік құн қымбаттап кетеді.

Қазандықтың өне бойына пайдаланылатын тақта металл Теміртаудан жеткізіледі. Онда да зауыттың өзінен емес, алыпсатарға алақан жаюға тура келеді. Егер зауыт бағасымен алса, қазандықтың да құны қымбаттамас еді. Неше жылдан бері екі-үш алы­п­сатар арқылы алғаннан кейін онсыз да шарықтап тұрған баға үнемі өсу үстінде. Бұл мәселе биік мінбелерден де айтылыпты. Жалғыз бұл зауыт емес, әлгіндей металды қажет ете­тін өзге кәсіпорындар да осындай қолай­сыз­дықты сезініп отыр емес пе?

Демек, отандық өндірісті өрге жүздіреміз десек, көз алдымызда болып отырған келеңсіздіктің тамырына балта шабу керек-ақ. Соңғы алты жыл бойы серіктестік әкімшілігі осы бір өздері үшін де, өзгелер үшін де өте өзекті мәселені шеше алмай, хат жазумен әлек. Бірақ өзегі өкінішке толған өтініш иелерінің сөзіне құлақ асып жатқан ешкім жоқ.

Металды сатып алу, сатудың ұзақ және реттелген тізбегіндегі дилер­лердің армиясы рабайсыз өсіп кеткен. Яғни Теміртау зауытынан материалды вагонмен сатып алатындар ғана зауыттың өзінен тікелей сатып ала алады. Ал қазандық зауытына мұншалықты металдың бірден қажеті жоқ. Ендігі амал – алыпсатардың арбайтындығын біле тұрып жүгіну. Одан арғысы түсінікті. Серіктестік өніміне өз пайдасын қосады. Ең соңында қымбатшылықтың зардабын тартып жатқан – тұтынушылар. Жоғарыда біз айтқан мәселе оңынан шешілсе, қымбатшылықтың құрығы жалпақ жұрттың мойнына түспес еді.

 

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы