Сараптама • 02 Сәуір, 2024

Геральдика: түс пен пішін

161 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекеттік құрылыс пен ұлттық бірегейлікті қалыптастыру үрдісі символдық жүйені құрумен тығыз байланысты. Нышан­дық белгілердің ең жоғары деңгейіне Елтаңба, Ту және Әнұран сияқты мемлекеттік атрибуттар жатады. Нышандар арқылы мемлекет өзінің жергілікті және әлемдік деңгейде танылуын қамтамасыз етеді. Ресми атрибутика белгілер мен символдар арқылы әлемге оның бірегейлігін және тарихи жолының ерекшеліктерін жеткізеді. Бұл ретте мемлекеттік нышандар жеңіл оқылатын және құндылықтар жүйесіне сай болуға тиіс.

Геральдика: түс пен пішін

Аумақтық брендинг – аймақтың тарихи ерекшелігі мен зама­науи дамуын ескере отырып, оң әсер қалыптастыру арқылы имиджді мақсатты түрде жасау. Яғни бүкіл елдің имиджі жалпы аймақтық брендингтің табысты болуына байланысты.

Мемлекеттік нышандарды жетілдіру қажеттілігі бірнеше себеппен байланысты. Біріншіден, аумақтық геральдиканы қалыптастыру үдерісінде ресми атрибутиканы әзірлеудің артуы. 20 облыс, қала, ірі елді мекендердің өз ресми белгісі бар. Яғни геральдика мәселесі мамандар мен кәсіби дайындығы бар геральдистерді тартпай өз бетінше шешіле бастады. Бұл геральдика негіздері мен ережелерінен ауытқуға әкелді. Таңбалардың қайталануы немесе түсінуге қиын болуы геральдикалық және логикалық қатеге соқтырады. Ал бұл іс жүзінде геральдикалық белгілердің рөлі мен мақсатын қабылдауды және түсінуді қиындатып отыр. Өкінішке қарай, билік ұсынған аймақтық нышандарға халықтың наразы болғанын білеміз.

Екіншіден, квазимемлекеттік және кәсіпкерлік сектордың әртүрлі субъектілері де мемлекеттік нышандарға сілтеме жасай отырып, өз брендтерін қалыптастырады. Олар өздерінің нышандарын жасауда еш шектелмей, имидж және мемлекет үшін белгілі бір тәуекелдер де тудыруы мүмкін.

Үшіншіден, жергілікті деңгейдегі мемлекеттік нышандар аумақтың (облыс, қала, аудан, ауыл) брендіне негізделуі, өзара байланысты болуы керек. Яғни облыстың немесе қаланың геральдикалық дизайнында біртұтас визуалды қатар жасалуы қажет. Әлемдік тәжірибеде қала брендингінің Амстердам, Нью-Йорк іспетті сәтті үлгілері бар.

Француз аймақтарының елтаңбалары

сми

 

Мысалы, француз аймақтарының елтаңбалары біртұтас формада жасалып, Францияның туы мен елтаңбасының түстерімен үйлесетін үш түске (көк, сары, қызыл) айқын басымдық берілген.

Ұлттық брендтің қалыптасуы бір стильде және ортақ стандартта жүруге тиіс. Нышандар бірегей ұлттық кодымызды нақты және айқын көрсетуі керек. Сол сияқты, жергілікті деңгейде брендтер мен рәміздерді қалыптастыру маңызды.

 

Қазақстан аймақтарының елтаңбалары

апр

Бүгінде көптеген өңірлік атрибуттың ең қарапайым талаптар мен қағидаларға сәйкес келмейтінін кө­ріп жүр­міз. Олар пішіні мен мазмұны жағынан қатты түр­леніп, аймақтың ерек­шеліктерін, оның тарихы мен мәдениетін көрсетпейді.

Оған қоса, бір­қатар орталық мемле­кеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар лого­типінде кеңестік элементтер бар, олар қазіргі семантикалық кеңістік пен бүгінгі күннің мәнін көрсетпейді. Сонымен қатар мұндай логолар сабақтастық қағидатын және белгілі бір бағыттағы бай ұлттық тарихты елемей, тек кеңестік кезеңнің тарихымен байланысты қалыптастырады.

Сондықтан бұл салада жан-жақты талдау жүргізіп, ортақ тәсілдер әзірлеу қажет. Яғни аймақтық нышандарды әзірлеу және бекіту жүйесін барлық өңір үшін біркелкі ете отырып, оңтайландыру қажет. Осы орайда, түс пен пішінге қатысты мәселелерді де пысықтау маңызды. Өйткені геральдикада түс маңызды рөл атқарады. Қазақ танымындағы белгілердің негізгі түстері – көк және алтын (сары). Алтын түс байлықты, әділдікті және жомарттықты білдірсе, көк түс бейбітшілік пен өркендеуді білдіреді.

Аймақтардың көпшілігінде облыстардың таңбалары қазақтың шеңбер пішінді – қалқан тәрізді болып келеді. Сол себепті, барлық облыстың таңбаларының пішінін бір жүйеге келтірудің мәні бар. Бұл ретте таңбада өлкенің, елдің тарихы жайлы мәліметтер қамтылуы керек. Аймақтық атрибуттарда көрсетілген белгілердің мемлекеттік нышандарға және бүкіл елдің тарихына қатысты сілтемесі болуға тиіс. Сонымен бірге өңірлік елтаңба өз аймағының бірегейлігі мен даму болашағын көрсетуі қажет. Өйткені Елтаңба – өңірлік бірегейліктен ұлттық бірегейлікті қалыптастыруға ықпал ететін рәміздік нысан.

Бұрын айтылғандай, аймақтың символикасы өңірдің брендингімен байланысты болуы қажет. Бұған оң имиджді қалыптастыратын, мемлекеттік және бизнес сектор пайдаланатын аумақтың символын таңдау кіреді.

Бизнес қауымдастық, кәсіпорындар, өнеркәсіптік өндіріс және басқа да ірі тауар өндірушілер мен креативті индустрия ұйымдары өздерінің атрибуттарында аймақтық және мемлекеттік нышандармен үйлесімділік қағидатын сақтауға тиіс. Алдағы уақытта ол үшін мәдениет мамандары, суретшілер, тарихшылар мен жергілікті қауымдастықты талқылауға тарту маңызды болмақ.

 

Тасым РИЗЗАТ,

ҚҚДИ Қоғамдық үрдістерді зерттеу орталығының басшысы