Егемен Қазақстан • 14 Наурыз, 2024

«Хат қоржын»

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Ата салтымызды ардақтайық

Ұялы телефонның қазіргі заманда пайдасы мен зияны бірдей екені баршаға аян. Әсіресе жас балаларға тигізіп жатқан кесірі көп. Өз басым әлеуметтік желі дегенге де қызықпаймын. Сондықтан смартфон емес, қарапайым телефон ұстаймын. Тіпті оның өзін өте аз пайдаланамын. Кейде немерелерім телефондарынан беріліп жатқан бір хабарларды әкеліп тыңдатады. Сондай хабарлардың бірінде ұлттық құндылықтарымыз құлдырап бара жатқандығы туралы әңгіме қозғалып жатыр екен. Хабар барысында пайымды пікірлер айтылып, ұтымды ойлар ортаға салынды.

Бұл қазіргі кезде бүкіл қазақ халқының басында бар қасірет десем, артық айтқандық емес. Ұлы Абай: «Бас-басына би болған өңкей қиқым, мінеки кетірді ғой елдің сиқын» десе, Асан қайғы бабамыз: «Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар» деген еді. Сол Абай мен Асан қайғының немесе Мөңке бидің айтқан сөздері қазір айнымай келіп тұр. Бұған заман кінәлі емес, адам кінәлі. Өйткені адамның пиғылы өзгеріп, ойына не келсе, соны істейтін болған.

Қазақтың салт-дәстүрлері мен жөн-жоралғыларының өз тәртібі, өз мәдениеті, өз орны бар. Біздің өзіміз де олардың шет жағасын көріп өстік. Меніңше, осының бәрі «Қарттары кімнің жоқ болса, жастары болар дуана» дегендей, бұрынғыдай ақыл айтып, жөн сілтер абыз ақсақалдардың аздығынан орын алып отырған келеңсіздік деп ойлаймын. Есесіне сақалы бар, мұрты жоқ, қолынан үш картасы мен шөлмегі түспеген, мейрамханаларда қыздарымен, келіндерімен тайраңдап билеген, бірауыз жөнді сөз айтпақ түгілі дұрыстап бата бере алмайтын шалсымақ пен ақсақалсымақ толып жүр ортамызда.

 «Көп білімді болсаң да, көптен білімді болма» деген тәмсіл бар. Мен көп білемін демеймін, бірақ жеті жасымнан бастап кітап пен газет-журналды жата-жастанып оқыдым, 73 жасқа келсем де әлі оқимын. Абай «Артық білім – кітапта» дейді. Көзің көріп, құлағың естіп тұрса, кітап оқығанға не жетсін. Ал бәзбіреулердің тура жолдан таюына барлықтың, байлықтың, бәсекелестіктің, даңғаза-мақтаншақтықтың, алды-артын ойламайтын көрсеқызарлықтың басты себеп болып отырғаны анық. Мұндай тоғышарлыққа көп болып тоқтам салудың жолын қарастыру қажет-ақ.

Жеткіншек ӘУЕЛБАЙҰЛЫ,

ардагер ұстаз

 

Маңғыстау облысы,

Маңғыстау ауданы,

Қызан ауылы

 

 

Денешынықтыру – денсаулық кепілі

Әр адам өз алдына мақсат қоя тұра, оны қалай және қандай жолмен бастасам деген ойға тіреледі. Кейбіреуі кітап оқып, көптеген зерттеулерге бел буа кірісіп, ғылым жолына түседі, ал келесі біреулері денесін шынықтырып, спорт әлемін бағындыруға талпынады.

Бұл жолдар, әлбетте, өте дұрыс. Бірақ екінің бірі атақты ғалым немесе кәсіпқой спортшы бола алмайды. Сондықтан да мейлі мұғалім, журналист, аспазшы, дәрігер, тағы басқа мамандық иесі атан, денсаулықты ойлау бірінші орында тұруға тиіс. Себебі денсаулық арқылы ғана үлкен жетіс­тіктерге жетіп, елімізге, оның өркендеуіне үлес қоса аламыз. Ал ден­саулықты қалай сақтап, нығайтуға болады десек, оған, әлбетте, спорт көмекке келеді.

Спортпен шұғылдану – ол зілдей темір көтеріп, ентіккенше жүгіру емес, әр күні үзбей істеген кішігірім арнайы жаттығулар да спортқа жатады. Мысалы, таңертең қарапайым жаттығулар жасап, турникке тар­тылудың өзі жеткілікті. Егер денсаулығыңызды одан әрі ны­ғайтқыңыз келсе, кешке қарай спорт кешеніне барып, 30-40 мину­ты­ңызды бөлсеңіз өте керемет болар еді. Спорт кешенінде денеңізді жа­рақат­тап алмас үшін арнайы білікті жаттықтырушыларға жүгінгеніңіз жөн.

Сіз бар денсаулығыңызды жұмысқа салып, күн-түн демей жұмыс істесеңіз, денсаулығыңыз сыр беруі мүмкін. Сондықтан да бәрін өз ретімен аздан бастап қолға алу керек. Атам қазақ «дені саудың – тәні сау» деп бекер айтпаған. Бәріңіздің де денсаулықтарыңыз өз қолда­рыңызда. Ерінбей-жалықпай күніне бір мезгіл осыған көңіл бөлсек, дұрыс болмақ. Ендеше, өзімізді осыған дағдыландырып, спорт деген құдіретке салқын қарамайық.

Әнуар КӨШЕРБАЙ,

саламатты өмір салтын ұстанушы

 

Ақмола облысы

 

 

Облыстық сайысқа жолдама алды

Айтыс өнерін насихаттау мақсатында «Жыр алыбы – Жамбылым» тақырыбында өткен айтысқа «Қаратау» орта мектебінен 7-сынып оқушысы Алдияр Сәттұрсын қатысты. Ақынның тілі қылыштан өткір, қылдан нәзік деп бекер айтылмаса керек. Облыстан келген дарынды оқушылардың өнеріне халықаралық, республикалық айтыстардың жүлдегері, «Ақ жол» газетінің аға тілшісі Е.Досалы, Талас ауданы білім бөлімінің әдіскері, қосымша білім беру мекемелерінің кураторы С.Сағынбекова, Балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры А.Бескемпірова қазылық жасады.

Айтыс жеребесін оқушы айтыскерлердің өздері таңдады. Көркем көмкерілген қазақы нақыштағы киіз үйде кең жасалған ақ дастарқанның басында өткен айтыс жиналғандардың көңілдерінен шықты. Ал «Ақ жол» газетінің аға тілшісі Есет Досалы ағамыз айтыстың соңында айтыскер оқушыларға арнап былай деді: «Көркем безендірілген қазақы үйде бізден бір тілек болсын. Айтысып жатқан ұлдарымыз бен қыздарымыздың сөздері алтын жақұт жібек болсын. Әсемай мен Нұрайдың өнерлері Жамбыл атасынан, Айкүмістен, Ұлбике мен Жаңылдан қалғандай мұра болсын. Маржан мен Алдияр да айтыскер ұл мен қыздан болсын. Бүкіл қасиетті Талас аймағы тамсанып тыңдайтын айтыс бола берсін. Осы өнер сайысын ұйымдастырған Жасөспірімдер орталығына үлкен рахмет айтамын. Араларыңнан үлкен айтыскер ақындар шыға берсін. Бүгін жеңген үкілі ару қыздарымыз облыстан бас жүлдемен оралып, ауданымызды қуанта берсін!».

Қазылар алқасының шешімімен облыстан қонақ болып келіп, айтыстың шырайын кіргізген Інжу Жаңабайға ерекше алғыс айтылып марапатталса, А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп гимназияның оқушысы Әсемай Сейдақбарова мен Б.Тоқтықожаұлы атындағы орта мектептің оқушысы Нұрайым Боранбай жеңімпаз атанып, облыстық айтысқа жолдама алды. Алдияр Сәттұрсын мен Маржан Серік екінші орын иеленді.

Біз де өз тарапымыздан өлең сөзінің құдіреті мен қуатын жанымен сезініп жүрген жасөспірімдерге өнерлерің өрге жүзсін деген тілек қосамыз.

Ақбаян БҮРЛІБАЕВА,

Қаратау орта мектебінің қосымша білім беру педагогі

 

Жамбыл облысы,

Талас ауданы,

Есейхан ауылы