Медицина • 14 Наурыз, 2024

Шетелдіктер МӘМС мүмкіндігін пайдалана ала ма?

69 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшкенімізге көп бола қоймағанымен, оның тарихы әріден басталады. Біздегі жүйеде сол дамыған елдердің сақтандыру тетіктеріндегі артықшылықтар басшылыққа алынған. Мұны мәжбүрлік деп емес, заман талабы деп түсінгеніміз дұрыс болар.

Шетелдіктер МӘМС мүмкіндігін пайдалана ала ма?

Ашық қоғам болған соң, әр­түрлі пікір қалыптасатыны заң­­дылық. Бүгінде отандық меди­ци­наның әлеуетіне сенім артпайтындар да табылады. Жеке емханада қаралғанды дұрыс көретіндер көбейді. Шет елдерге барып, күрделі операция жасататын отандастар да бар. Ол операцияға елдегі дәрігерлердің әлеуеті жет­песе мейлі дейсің. Әрине, қайда барып, емделем десе де өз еркі. Әйткенмен, отан­дық медицинаның әлеуеті жылдан-жылға артып жатқанда, осындай қоғамдық пікірлерге кейде келіскің келмейді. Ше­тел­ге қонаққа, емделуге бар­ған­дар сақтандыру пакетінсіз медициналық көмекке жү­гіну қып-қызыл қаражат еке­нін айтады. Бізде күрделі опе­ра­циялардың құны жоғары болғанымен салыс­тырмалы түрде кейбір дамыған елдерге қарағанда әлдеқайда арзан. Ал ел азаматтары квота арқылы күрделі операцияларды тегін жасатады. Қиын, күрделі операцияларға МӘМС жүйесінен бөлініп жатқан қаржы қомақты. Біздегі медициналық сақтандырудың тағы бір артық­шы­лығы, қордың қаражаты ортақ. Салымшылардың бүгін салған қаражаты ертең жаны қысылған өзге азаматқа, тек арғы күні ғана өзіне тиеді.

МӘМС жүйесінен кейін, отандық медицинадағы көп өзгеріске куә болдық. Соның бірі – «Бізге келген шетелдіктер сақтандыруға жарна аудармаса қайтеді» деген сауал. Бұл былай екен, елге сапарлаған кез келген шетел азаматына төңірегіне қауіп төндіретін ауру диагнозы қойылса, оған медициналық көмек көрсетіледі. Сол секілді тосын жағдай, жазатайым оқиғаға ұрынып, жарақат алған болса да дәрігерлер далада қалдырмайды. Әйелдер жүктілік кезіндегі шұғыл жағдайларда жедел медициналық көмекті алаңсыз шақыра алады. Медициналық көмектің түрлері мен көлемі Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекі­тілген. Жоғарыда аталған жаза­тайым жағдайларда емнің қаражаты тегін медициналық кө­мектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде төленеді.

2000 жылғы 29 ақпанда ТМД елдерінің азаматтарына меди­циналық көмек көрсету тура­лы келісім бекітілген. Бү­гін­де ЕАЭО елдерінің (Ре­сей, Беларусь, Армения және Қырғызстан) азаматтары және олардың отбасы мүшелері жоға­рыда аталған шұғыл көмек­терден бөлек, МӘМС жүйесінде сақ­тан­дырылған мәр­те­бесін алып, медициналық көмекке жүгіне алады. Ол үшін шетелдіктер ерікті медициналық сақтандыру шар­ты қажет екенін білу қажет. Шетел азаматы ке­лісім­шартты қо­лына алған соң, емханаға тіркеле алады. Егер еңбек ми­г­рантының отбасы мү­ше­лері жұмысқа орналаспаса, онда олар дербес төлеуші ретінде МӘМС-ке жарна аударуға тиіс. Ал балалар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, мүгедектігі бар азаматтар, студенттер жеңіл­дік санатына кіріп, мемлекет есебінен сақтандырылуы мүм­кін. Қазақстанда тұруға ық­тияр­­хаты бар шетелдіктер де меди­ци­налық көмекті Қазақстан азаматымен теңдей алады. Ірі компаниялар жұмысшыларының денсаулығын сақтандырады. Бір сөзбен айт­қанда елге ұзақмерзімге келген шетелдіктер медициналық көмектің толық көлемін алу үшін алдымен құжаттарын түгендеп, сосын ай сайын жарнасын төлеп отыруға тиіс.

Шетел тәжірибесіне үңілсек, медицинасы көп елден көш ілгері Оңтүстік Кореяда медици­на­лық сақтандыру жүйесі 1977 жыл­дан беріге дейін талай мәрте жаңарып, жүйе барынша ық­шамдалды, реттелді. Есе­сі­не, қазір Кореяда тұ­ратын аза­­мат­тардың бар­лығы дерлік медициналық сақтандырудың игілігін көріп отыр. Онда меди­ци­налық көмек өзге елдерге қарағанда қолжетімді. Корейлер жалақысының шамамен 6% көлеміндегі үлесін медициналық сақтандыруға аударып отырады екен. Мұнда төлемнің 50% қызметкер жалақы­сы­нан төлесе, қалған бөлігін жұмыс беру­ші мекеме аударады. Сақтан­дыру пакетінде стоматология, созылмалы ауруларды емдеу, УДЗ, МРТ, КТ зерттеулері қарас­ты­рыл­маған. Ол шығынды науқас өз қалтасынан төлейді. Әрбір кәріс азаматы жылына бір рет тегін медициналық тексеруден өтуге міндетті. Мұны елемегендер сақтандыру шартынан қағылады. Елге енді көшіп келген шетелдіктер 6 айдан кейін ғана мемлекеттік медициналық сақтандыруға қол жеткізеді. Ол үшін шетел азаматы қажетті құжатты жинап, жұмыс орны­на тапсырса, әрі қарай кез келген емханаға тіркеле алады. Аңғар­са­ңыз­дар, Кореядағы кейбір ақылы зерттеулер бізде МӘМС арқылы тегін жүргізіледі.

Басқа-басқа АҚШ-қа барған­дар медициналық қызметке жүгінудің қиындығын айтады. Медициналық қызметтің құны қымбат. Ол аздай жедел жәрдемге де ақша төлейсіз. Медициналық сақтандыруы жоқ азамат медици­на­лық кө­мекке жүгіну үшін біршама шығындалуына тура келеді. Америкалықтардың 49%-ы жұмыс беруші арқылы сақ­тан­дырылса, қалған бөлігі мем­лекеттік бағдарламалар ар­қы­­лы медициналық көмекті пай­­да­ланады екен. Жалпы, АҚШ аза­маттары медициналық сақтан­ды­рудың 4 санаты бойынша өзіне қолайлысын таңдайды. Сақтандырусыз жедел жәрдем шақыру құны 200 доллардан бас­талады. Сонымен қатар сақтан­ды­­руы жоқ азаматтар шұғыл ме­­дициналық көмек көрсету ме­ке­мелеріне, оның ішінде тегін ем­ха­налар мен денсаулық сақ­тау орталықтарына немесе арзан жоспарлы медициналық қызметтерді ұсынатын жергілікті әлеуметтік қамсыздандыру ор­та­­лықтарына жүгіне алады. Ден­саулық сақтау саласын­­да біршама жетістікке жеткен Гер­ма­нияда, тағысын-тағы көп­­­теген елде солай, меди­ци­налық сақтандырусыз емха­на­ға қа­ра­лу қалтаға әжептәуір сал­мақ салады. Медициналық сақ­тан­дыру жүйесіне кеше-бүгін көшіп жатқан көршілес Қыр­ғыз­стан, Өзбекстан елдері де денсаулық сақтау саласының сапасын арттыруға ниетті екенін байқатты.

Қай елді мысал етсек те, бар­лы­ғы міндетті медициналық сақ­тан­дыру жүйесіне көшу арқылы тұрғындардың денсаулығын нығайтып, халықтың орташа жасын ұлғайтуға ұмтылады. Бізде осы жолда аянып қалмайтын білікті, тәжірибелі дәрігерлер баршылық. Оның ізіне ілескен жас буынның да аяқалысы жаман емес. Шетелде қыруар ақша қажет ететін операциялардың көбін қазір өзіміздің белгілі дәрігерлер тәп-тәуір жасап жатыр. Түсінсек, мұнда мемлекеттің, МӘМС-тің үлесі бар.