Инфографика • 12 Наурыз, 2024

Оқу грантында жауапкершілік бар

61 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бұрын жоғары оқу орындарына мектептен кейін бірден түсіп кету бәйгеден аты озғанмен бірдей болатын, өйткені дипломы бар адам жақсы қызметке орналасатын. Содан болар, ата-ананың арманы да балаларының оқып-тоқып, диплом алуы еді.

Оқу грантында жауапкершілік бар

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Иә, заман өзгерді, қоғам нарық­тық жағдайға көшті, бұрын­ғыдай жақсы жұмысқа тұру­ға диплом кепіл бола алмай қалды. Сондықтан «дипломы бар жұмыссыздар» деген ста­т­ис­­тикалық графа пайда болды, соған қарамастан оқу ақылы болса да қоғамда диплом жары­сы бәсеңдемей тұр. Оқудың баға­сы арзан емес, ең төменгі баға жы­лына 550-600 мың, орташасы 1 млн, ал қымбаты 7,5 млн теңге және грант арқылы тегін оқу бар. Ата-ананың арманын оңай орындау жолы грант екенін көптеген жас түсінді де, осы оңай жолға лап қойды.

Мемлекет оқу гранттарын беру­ді 2008 жылы бастаған бола­тын, бұл жөнінде үкімет арнайы қаулы қабылдады. Содан бері мың­даған студент тегін оқып, дип­лом алды. 2017-2022 жылдары олардың саны 49,5%-ға кө­бейіпті. Бірақ алмақтың да сал­ма­ғы бар дегендей, мемлекеттің есе­бінен оқығаннан кейін, алған ма­ман­ды­ғың бойынша үш жыл қызмет ету керек екен. Орта мектепті бітіргендегі ұлттық тест балына сәйкес мамандық таңдау шектеуі болған соң, әйтеуір диплом алсам деген оймен өзі қаламаған маман­дық­қа түсе салғандар көп болды. Ал оқудан кейін қаланың баласы ауылға барғысы келмеді, ал ауылдың қыздары қалада тұрмыс құрып қалып жатты, міне, осындай түрлі себеппен «грантниктер» бел­гіленген шартты бұзушы болып­ шыға келді. Сөйтіп, «грант алдым, бәлеге қалдым» деушілердің саны 2019 жылы 50 пайызға жеткен.

Дегенмен бұл жерде бірталай же­ңіл­дік жасалған. 2018 жылы үш мыңнан астам грант алушылар мәжбүрлі жұмыс істеуден бо­са­тылған. Сонымен қатар ба­сында еңбек өтілін жасау педа­го­гикалық, медициналық, вете­ри­­нарлық және басқа ауыл шаруа­шы­лығы мамандықтарына талап етілсе, 2017 жылы оқуға түсіп, бі­тір­­гендер тек мамандығы бойын­ша мемлекеттік органдарда ғана емес, басқа да салаларды еңбек ету­ге мүмкіндік берілді. Бірақ ауыл­ квотасымен оқуға түскендер мін­­детті түрде ауылда еңбек етуге тиіс.

Бұл жүйенің операторы минис­тр­л­іктің «Қаржы орталығы» болып та­былады, ол Үкімет қаулысымен 2000 жылы 12 қазанда мемлекеттік мекеме ретінде құрылған. Басты жұмыстарының бірі грантпен оқу бітіргендердің жұмысқа тұруын қадағалайды, егер мамандығына сәйкес мекемеге бармаса оқу шы­ғы­нын қайтарады. Бала ақшаны қай­дан тапсын, көпшілік ата-ана­да жағдай жоқ, сонымен ми­нис­тр­ліктің қаржы орталығы мен кешегі сту­дент арасында жағалай соттасу бо­лып жатқан көрінеді.

Ендігі сұрақ сол дипломы бар­ларға жеткілікті жұмыс орны бар ма дегенге саяды. Статистикаға жүгінсек, кейінгі жылдары респуб­лика бойынша жұмыссыздық – 5% асқан емес, өткен жылғы көрсеткіш – 4,7%, бұл шамамен еңбекке жарамды 9,2 миллион­ адамның ішіндегі 451,5 мың жұмысы жоқтары. Бірақ бұл статис­тикада жасырын жұмыссыздық ескерілмеген, «өзін-өзі жұмыспен қамтитындар», «формалды емес жұмысбастылық», «уақытша жұмыс істемейтіндер», «жасырын жұмыссыздық», «өнімді емес өзін-өзі жұмыспен қамтып жүр­­гендерді» есепке алғанда жұ­мы­сыз­дық әлдеқайда көп (20% кем бол­майды) деген сарапшылардың есебі бар.

 Сондықтан 2017 жылдан бас­тап дипломы бар мамандардың 30%-ы жұмыссыз көрінеді, олар­дың саны қазір көбеймесе азай­ған жоқ.

Ал тегін грант алушылардың қатары азаймай тұр. Өткен жылы министрлік 73 мың грант бөлсе, 2023-2024 оқу жылына 88,2 мың грант бөліп отыр және министр Саясат Нұрбек жылына грант беру 10% артатынын мәлімдеді. Сонымен қатар бұл министрлік жарым-жартылай грант бөлу жүйе­сін енгізбекші. Бұл жаңалықтың мәні ҰБТ да алған бағасына сәй­кес талап­кер жоғары оқу орын­дарына студент бола алады және оған мемлекет оқу бағасының 30%–75%-ын төлеп отырады.

Жастарға жұмыс орындары­ жетпей жатқанда, дипломы­ бар мыңдаған жас өз маман­дығы бо­йынша жұмыс таба алмай жүргенде бюджет қаражатын шашып, грантты үдете беру неге керек деген ой туады. Оның орнына бұл мәселені Еңбек және әлеуметтік қорғау минис­трлігімен бірлесе шешу жолын іздестіргендері дұрыс болмай ма. Алғашқы қадам ретінде тегін грант тек мемлекеттік органдарға керекті мамандықтар дайындауға берілсе дейміз. Мысалы, ауыл әкімдіктеріне және басқа жергі­лік­ті басқару органдарына білікті қыз­меткерлер керек, медицина, экология, су шаруашылығы маман­дарға зәру.

Шынын айтқанда, грантпен оқу бітірген студенттерді кей­бір мекемелер қызметке алмай жатады, өйткені оқу орнының бағыты алған мамандықтарына сәйкес келмейді. Мысалы, педа­­го­гикалық оқу орындары заң­герлерді, қаржы, дизайн, графика, аспап жасау (приборостроение), клиникалық психология, медицина мен денсаулық сақтау мамандықтарын даярлап жатады, олардың алған білімдері сәйкес саланың талаптарына келмей жатады, сондықтан жас мамандар жарамсыз.

Мемлекеттік оқу грантынан­ бас­қа көптеген грант түрі бар. «Қазақ­стан халқына» 850 білім гран­тын жетім балаларға бөлген, TAIBURYL арнайы шәкіртақыны та­лантты жастарға, сол сияқты ака­демик Ш.Есенов қоры, «Қаз­МұнайГаз» белгілеген С.Өтебаев атындағы шәкіртақы мұнай сала­сы­ның болашақ мамандарына, KazEnergy компаниясы энергетика мамандықтарына беруде. Ұлттық банк магистрлерді дайындауға арнайы грант бөліп отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткенде Алматыда сту­дент­термен, жас ғалымдармен кез­десуінде елімізде сапалы және қол­жетімді білімді дамытуға бас­ты назар аудару керектігін айтты. Кейінгі жылдары бұл бағытта әжептәуір ілгерілеу бар, дегенмен талапқа сәйкес келмейтін бірталай жоғары оқу орны мен колледж­ жабылды, бұл жұмыс онан әрі жалғасын табуға тиіс дей отырып, «біздің елге диплом тарататын кеңселер емес, бәсекелесуге қабілетті оқу орындары қажет. Қоғамда диплом алу емес, білім ғибадаты орын алуға тиіс», деген болатын.

Грант мәселесінде тек дип­ло­м алу емес, студенттердің терең білімге құштарлықтарының жоқ­тығы жатқан сияқты. Мұның екінші жағы бар, ол оқытушылар тарапынан да терең білім беруге құлшыныстарының жоқтығы, айлықтары студенттердің төлем­де­ріне байланысты болған соң, бұл саладағы кемшіліктерге амалсыздан көз жұмады. Студенттің сабаққа келмеуі, емтиханда ­аузын ашпайтындардың жақсы баға алулары салғырттық туғызады. Осының бәрі білімсіз студенттің диплом алып шығуына әкеліп соғады. Бір сөзбен айтқанда, жоғары білім жүйесіне терең реформа қажет екендігі айқын болып тұр.

 

Атамұрат ШӘМЕНОВ,

экономика ғылымдарының докторы