Балалар • Бүгін, 16:45

«Kishkentai» жобасының үлкен пайдасы

10 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қоғамдағы инклюзия ұғымы кейінгі жылдары күн тәртібіне жиі шыға бастады. Балаларға тең мүмкіндік жасау, ата-аналардың білім деңгейін арттыру, ерекше күтімді қажет ететін сәбилердің әлеуетін ашуға жағдай жасау – бұл тек әлеуметтік саясаттың ғана емес, азаматтық жауапкершіліктің де маңызды бағытына айналып отыр. Осы ретте елімізде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған қолжетімді әрі сапалы ойыншықтар әзірлеп, оны әлеуметтік кәсіпкерлікке айналдыра білген Гүлмира Пармышева есімі жиі аталып жүр.

«Kishkentai» жобасының үлкен пайдасы

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде филолог мамандығын тәмамдаған ол 20 жасында Елордаға қоныс аударады. Жастар саясаты саласынан бастап, кейін «Зерде» холдингінде, Электрондық үкімет жобасында жұмыс істейді. Уақыт өте келе Малайзияда білім алып, отбасын құрады. Бірақ оның өмірлік бағытын ұлының ерекше диагнозы түбегейлі өзгертті.

«Мен  қоғамдық жұмыстармен үнемі айналыстым. Бизнес жобалармен қатар жүргеніммен, ішімде бір нәрсе жетіспей тұрғандай сезілетін. Малайзиядан оқуымды аяқтап келген соң, тұрмыс құрдым. Он жыл бұрын тұңғышымыз дүниеге келді. Ұлыма екі жарым жасында аутизм диагнозы қойылды. Бұл, шын мәнінде, кеш анықталған кезең. Қазір ерте диагностикалау әлдеқайда кең тараған. Біз бірден мамандармен де, үй жағдайында да жұмыс істеуді бастадық. Бір айда тек түзету сабақтарына 200 мың теңгеден астам қаржы кетті. Бұл бізге ауыр салмақ болған жоқ. Бірақ өңірлердегі бір ғана жалақыға қарап отырған отбасылар не істейді деген ой санамызда тұрды», дейді Г. Пармышева.

Алайда Гүлмираның отбасына да оңай тимегені анық. Кең пәтерден бір бөлмелі үйге көшіп, барлық мүмкіндікті ұлының дамуына жұмсады. Тағы бір қиындық – логопед мамандардың көбінің орыс тілінде жұмыс істеуі. Ал баласы қазақтілді еді.

«Осының бәрін ой елегінен өткізе келе, қолжетімді дамытушы ойыншықтар топтамасын жасау идеясы келді. Диагноз туралы көпшілікке айтпадым. Бұл тақырыпты хайпқа айналдырғым келмеді. Бірақ бала дамуында сөйлеуді жетілдіруге арналған құралдардың маңызы зор екенін өз тәжірибемізден білдік. «Kishkentai» бренді осылайша, бір бөлмелі пәтердің ас үйінде дүниеге келді», дейді ол.

Басында үй жағдайында қарапайым картон мен аяқ киім қораптарынан сенсорлық жәшіктер жасап, бір жыл бойы ұлымен бірге жұмыс істеген. Нәтиже байқалған соң, өзге ата-аналар да осындай ойыншықтар сұрай бастайды.

Кейін Алматыға көшкен соң, Гүлмира 17 шаршы метрлік шағын цех жалдап, алғашқы станокты сатып алады. Қаптама дизайнын жасап, әр ойыншықты ұзақ сынақтан өткізіп, сапасын жетілдіре түседі. Оның айтуынша, сол кезеңде нарықта мұндай ойыншықтар жоқтың қасы болған. Балалар орталықтарында көбіне шала дайындалған, сапасыз құралдар пайдаланылған. Ал «Kishkentai» жобасы үшін қауіпсіз, сапалы материалдар қолданылып, дайын топтамалар бес серіктес ұйымға сынақ ретінде жіберіліп, алынған пікірлер негізінде жаңартылып отырған. Гүлмира үшін бұл істің маңызы тек ойыншық өндірісімен шектелмей, әсіресе оңтүстік өңірлердегі ата-аналарға қолдау көрсетуге ұласқан.

кішкентай

Сөйтіп «Kishkentai» өнімдеріне балабақшалар мен түзету кабинеттері қызығушылық таныта бастайды. Гүлмира ата-анамен ұзақ уақыт жұмыс істеудің бизнестік тұрғыдан тиімсіз екенін, ал бірден бірнеше ойыншықты мекемеге ұсыну анағұрлым пайдалы екенін айтады. Оның қор арқылы жыл сайын жүзге жуық ерекше балаға тегін ойыншықтар тарататыны да – әлеуметтік бағыттан бас тартпағанының дәлелі.

«Kishkentai» жобасы өзін-өзі ақтауға екі жылдай уақыт жұмсаған. Ол бұл кезеңнің оңай болмағанын еске алады: жалдау ақысы, еңбекақы, басқа да шығындар ауырлық тудырғанымен, дәл осы уақытта кәсіпкерлік қабілетін шыңдаған. Қосымша табыс көздерін іздеп, шоурум ашып, жаңа өнімдер енгізген. Оның инклюзивті өндірісінде жол апатынан зардап шеккен жігіт пен есту қабілеті бұзылған қыздар секілді ерекше жандар жұмыс істеген. Алғашында үшеу ғана болса, кейін олардың саны 13 адамға жетіп, соның сегізі ерекше қажеттіліктері бар қызметкерлер болған. Цех көлемі де 100 мың теңгеге жалданатын шағын бөлмеден 150 шаршы метрге дейін ұлғайған.

кішкентай

Жобаның алға жылжуына серіктестік байланыстар мен коллаборациялар да айтарлықтай үлес қосқан. «Kishkentai» өнімдері Израильге де жөнелтілген, алайда логистикалық қиындықтар болған. Оның есесіне Қырғызстан мен Өзбекстан нарығына сәтті енген. Назарбаев Университетінің Әлеуметтік даму қорының қолдауымен сапалы сурет салатын арнайы жабдық сатып алынған.

Сондай-ақ, CodiPlay стартапымен бірлескен жобаның да үлкен маңызы болған. Бұл стартап балаларды смартфон арқылы бағдарламалауға үйретсе, Kishkentai шеберханасындағы жастар олардың IoT жобаларына арналған ағаш макеттерін жасаған. Бұл макеттер оқушыларға бағдаршам, шлагбаум, ақылды үй сынды түрлі құрылымдарды құрастыруға мүмкіндік берген. Гүлмира бұл тәжірибенің өте пайдалы болғанын айтады.

Жобаның алғашқы айларындағы айналым – 1,5-2 млн теңге болса, екі жылдан кейін бұл көрсеткіш 13 млн теңгеге, жылына 110-150 млн теңгеге дейін жеткен.

«Әлеуметтік кәсіп бастаған үкіметтік емес ұйым үшін бұл жаман көрсеткіш емес. Тіпті мақтан тұтамын. Бизнес бастау кезінде Бірінші Президент қоры ұйымдастырған байқауға қатысып, алғашқы жабдықты сатып алуға 2 млн 850 мың теңге ұтып алғанмын. Бірақ бұл  аса сәтті бола қоймады. Байқау өтінішінде тым көп уәде беріп қойыппын: тестілеу, өндіріс, республикалық воркшоп. Уәде берген соң, орындауға тура келді. Ақыр соңында дәл сондай сомаға өз қаржымнан қосып, 50-100 ұйымға тегін ойыншық таратуға міндеттелдім. Бұл өте қымбат, бірақ пайдалы сабақ болды», дейді ол.

Кейіпкеріміз бизнеске енді ғана аяқ басқанда, көз ілмей жұмыс істеп, өзін шыңдағанын айтады. Инкубациялық бағдарламалардан өтіп, қаржылық модельдеуді, жоспар құруды меңгерген.

«Бизнеске келгелі өмірім «дейін» және «кейін» болып бөлінді. Қазір кез келген стартапты бастауға және даму нүктесін бағамдауға дайынмын. Қоғамдық жұмыста да нақты жоспарлаймыз», дейді Г. Пармышева

3,5 жыл бұрын Гүлмира отбасымен бірге Астанаға оралып, өндірісті қашықтан басқаруға көшкен. Алайда маркетплейстердің жедел дамуы оның бизнесті қайта қарауына түрткі болды. Енді кәсіпкер ойыншықтар өндірісін тоқтатып, сенсорлық құралдар мен кешендерге бет бұрып отыр.

«Брендті масштабтау үшін зауыт керек, бірақ оған толық кірісуге дайын емеспін – ол үшін отбасымды ұмытып, тек бизнеске ден қою қажет. Брендті сату да тәуекел, себебі беделге нұқсан келуі мүмкін. Қазір Қырғызстаннан серіктестер табылып, оларға алты ойыншық әзірлемесін патенттерімен бірге сатқалы отырмын. Бір реттік төлем алып, әрі қарай олар өздері өндіреді. Ал бізде 14-ке жуық өнім қалады. Енді Астанада сенсорлық интеграцияға арналған кешендерді дайындайтын толыққанды өндіріс ашпақпыз. Ал ойыншықтарға келсек – бұл бизнесті уақытында тоқтату керек екенін мойындадым. Нарық мен үшін – өмірдің өзінен берілетін іскерлік сабақ, ешбір академиялық бағдарлама бере алмайтын тірі тәжірибе мектебі», деп ағынан ақтарылады.

Иә, Гүлмира Пармышеваның оқиғасы – бір ананың баласына көмектесу ниетінен басталып, ұлттық деңгейдегі әлеуметтік кәсіпке айналған үлгі. «Kishkentai» бренді арқылы ол тек ойыншық қана емес, сенім мен мүмкіндіктің жаңа форматын қалыптастырды.