Әйел әлемі • 08 Наурыз, 2024

Ата-ана тағылымы

29 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Біздің бала күнімізде» деп бастар еді үлкендердің көбі әңгімесін. Иә, «біздің бала күнімізде...». Соғыс, аштық, жоқтық болса да бала күні қызықты өтіпті ол кісілердің. Қазір Құдайға тәубе, ондай тарығушылық жоқ, сонда да бүгінімізден гөрі бала күнімізді айта береміз. Неге? Өйткені ол кезде әке-шешеміз бар еді жанымызда. Әсіресе, ананың аялы алақаны мен ыстық махаббатынан асқан не тоқшылық, не бақыт керек балаға. Содан кейін, ананың сен деп елжіреген жүрегі мен көңілінен кейін не іздесін бала? Махаббат пен мейірімге малшынып өскен баладан жақсы адам шығады. Дүниені бұзатындар жас күнінде жүрегіне махаббат жетпей қалғандар болса керек.

Ата-ана тағылымы

Бала күнім дегенде есіме Мақпал Жүні­сованың бірауыз сөзі түседі. Теле­ди­дардан көріп тұңғыш жадымда қалған сұхбат, сұхбаттың толық нұсқасы да емес, әнші­нің жалғыз ауыз сөзі. Журналист «сіз үшін идеал күйеуіңіз шығар?» деді. Әнші «жоқ, неге? Мен үшін идеал – менің әке-шешем» деп қалды. Бітті. Журналист күтпеген жауап. Арғы жағы менің де есімде жоқ, Мақпал апайдың жарқын жүзі мен осы бірауыз сөзі ғана көкейде қалып қойыпты. Барлық жан дүниемді бір төңкеріп тастаса керек. Әйтпесе анау-мынау әңгіме жадында жаңғыра ма адамның?

Әр бала үшін феномен – ата-ана. Демек, әнші болып, дауысы алты қырдан асып, Алаш даласына жеткен Мақпал апай өмі­рінің қазығы да осы деген сөз. Ата-ананы (отбасын) пір тұту – Отанға табыну деген сөз. «Отан отбасынан басталады» деп тегін айтпаған қазақ. Бұл кісінің өзі де ана, жар атанды, әнші болып атаққа жетті. Халық таныды, елі төбесіне көтерді, құрмет­теді. Даусы елдің құлағында жаңғырып, жүрегінен орын алып, өзі жұрт алдында жарқырап жүріп, бір кезде сәл үзіліс жасап қайта жарқ еткенде, «қазақтың ерке қызымын» деп шық­ты. Бұл – өзінің болмысы ғана емес, ұлты­мыздың табиғатына біткен мәдени код. Кешегі Майра, Күләш Байсейітова, Роза Бағлановалардан Бибігүл Төлегеновалар­ға ұласқан ұлы көштің жалғасы Мақпал әншінің дауысына ұлт табиғатынан тамыр тартқан мыңдаған тін мен бояудың бір талы бітіп кеткен. Қазақ даласында кезінде Зұлқияның әнін шырқа­ған Майра Уәлиқызы: «Майра, Майра, Қызыл тілім ­сайра» деп әнге бөлегенін білеміз.

Роза Бағланова болса өз Отанымен қоса, соғыс даласын әнге бөлеп, жүректер­ге нәр егіп қана қойған жоқ, кеңестік билікке мінбеден тұрып Арал тағдырын ашына айтты. Елінің, жерінің тағдыры үшін күйзелген бұлбұл жұртының қамын жейтінін көрсетті. «Қаншама марапат пен атаққа бөлеген билікке мен қалай қарсы шығам?» демепті. Шындық пен әділетке болыспау қиянат пен қылмысты жақтаумен парапар екенін түсінген екі адам болса, соның бірі ретінде танылды сол жалғыз-ақ ауыз сөзімен. Ол кезде өнер жолында, қалт-құлт етіп шың басында тұрып бұл жолды тұту – жүректің ерлігі. Атақты Есенқұл ақынның «бір жоғалып табылар кезім келді» дегеніндей, Мақпал Жүнісова тағдыр жолы әкелген аздаған үзілістен соң «мен едім» деп емес, «қазақтың ерке қызы­мын» деп еді, одан әрмен аспандай жө­нел­ді. Әке-шешесін, елі-жерін қастерлеген қа­зақ қыздарының рухы сөнбегенін содан көреміз. Отан сүю үшін, елді қызғыш­тай қору үшін зеңбірекпен атып, әлемді төңкеріп тастаудың қажеті жоқ. Ең әуелі туған еліңнің қастерлі сезімдерін, ­аяулы ұлағаты мен рухын халықтың жүрегіне сіңірсең, одан асқан ерлік жоқ. Дүниедегі бірінші хикмет, Алланың нығметі – махаббат десек, тарихтағы ерліктің бәрін сол жүректегі махаббат тудырса керек. Ал Мақпал әншінің махаббаты халқының жү­регіне баяғыда жетіп қойған. Дауыс болып қон­ған, үн болып сіңген. Мұқағалидың сөзіне жа­зылған Әбиірбек Тінәлиевтің «Фариза, Фариза жан, Фариза қызын» Мақпал Жүнісованың орындауында тың­дасаңыз, біздің сөздің мағмұрына бой­лауыңыз бек мүмкін. Мұқағали мен Әбиір­бектің ғана жалғыздығы мен жан азабы ма бұл ән? Асылында, орындаушы әнші не күйші шығарманың ішіне кіріп өзін де сомдап шығады... Сондықтан кесек туындыны жеткізу тек үлкен жүректің ісі деуге тұ­рар­лық. Соншама алапат туындылардағы сезімдер мен емеуріндерді тағдырымен кешкен, жүрегімен өткерген жан иесі ғана сомдап шыға алады. Және әлгі туындыға парапар алапаты болса бойында. Олай болмаса кейіпкеріміз туралы біз де қалам көтермес едік.