Инвестиция • 06 Наурыз, 2024

Инвестициялық жобаларға кепілдік беріледі

47 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс Алматы қаласында болған жер сілкінісі ахуалы қаралды. Отырыста инвестицияны қолдау және ынталандыру шараларының тиімділігі талқыланды. Үкіметтің кезекті жиынында қалаларды абаттандыру және көгалдандыру мәселесі де талқыланды. Сондай-ақ отырыста Салық кодексі аясында инвесторлар үшін бірыңғай жеңілдіктер пакетін енгізу ұсынылды.

Инвестициялық жобаларға кепілдік беріледі

Жаңа жедел хабарлау жүйесі енгізіледі

Төтенше жағдайлар министрі Шың­ғыс Әрінов ТЖ-ның бірінші минуттары­нан бастап барлық қызмет бекітілген алго­ритмдерге сәйкес жұмысты дереу бастағанын айтты. Іс-қимылды үйлестіру үшін республикалық және облыстық штабтар ұйымдастырылды. Азаматтарды жер сілкінісі және одан әрі іс-әрекеттер туралы хабардар ету теле және радиоарналар арқылы, сондай-ақ сөйлеу дабылы мен басқа да құралдардың көмегімен жүзеге асырылды. Сондай-ақ 384 азаматтарды қабылдау пункті ашылды. Тәулік бойы жұмыс істейтін «жедел желі» іске қосылды. Қазір Алматының тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің барлық нысаны штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Елдегі сейсмикалық жағдай – тұрақты. ТЖМ ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын және жер сілкінісі кезінде азаматтарды іс-қимылға дайындауды жалғастырады.

Алматы әкімі Ерболат Досаев қалада­ғы қазіргі ахуал және қабылданып жат­қан шаралар туралы айтты. Ол азаматтар­ды жинау пункттерінің жұмысын ұйым­дастыруға аудан әкімдіктері мен құтқару қызметі жұмылдырылған. Адамдар төсек-орынмен, сумен және тамақпен қамтылды. Барлық қабылдау пунктінде полиция және ТЖ қызметкерлері кезекшілік атқаруда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы мамыр айының соңына дейін Cell Broadcast технологиясын пайдаланып, «Mass Alert» қағидаты бойынша мобильді құрылғылар арқылы халықты жедел хабардар ету жүйесін енгізу жоспарланған. Бұл жұмысты қазір Алматы әкімдігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, ТЖ министрліктері бірлесіп жүргізіп жатыр.

«Қазір болған жағдайды есептеу-бағалау жұмыстары жалғасуда. ТЖ министрлігі елдегі сейсмологиялық ахуал­ға тұрақты мониторингті қамтамасыз етуі керек. Күштер мен құралдар сақадай сай болуға тиіс. Сондай-ақ ТЖ министрлігі еліміздің таулы аймақтарында сел және лай көшкіні жүру қаупіне қатысты тиісті мони­торингті қамтамасыз етуі керек. Төтенше жағдай қаупі туындаған кезде шұғыл әрекет ету шараларын қабылдау ләзім», деді Олжас Бектенов жағдайға қатысты.

 

Инвестициялық жобаларды іске қосу жеңілдейді

Үкімет отырысында инвестицияны қолдау және ынталандыру шаралары­ның тиімділігі туралы мәселе көтерілді. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлт­тық экономика министрі Нұрлан Бай­базаров 2024 жылы негізгі капиталға 22,1 трлн теңге инвестиция тарту жос­пар­ланғанын, бұл өткен жылмен салыс­тырғанда 22%-ға артық екенін айтты. Бұл ретте инвестициялық жобалардың бірың­ғай пулы шеңберінде құны 2,3 трлн тең­гені құрайтын 234 жобаны іске асыру көзделген.

Республикада жеке капиталды ынта­лан­дырудың бірқатар тиімді құрал­дары жұмыс істеп келеді. Осылайша, ірі инвесторларды тарту үшін инвестициялар туралы келісім жасау тетігі жетілдірілді. Сонымен қатар салық заңнамасының тұрақтылығына 10 жылға кепілдік беретін инвестициялық міндеттемелер туралы келісім енгізілді. Бұл тауар өндірушілерге қаржылық ағындарды ұзақ мерзімге жоспарлауға, инвестициялардың қайтарым­дылығын болжауға мүмкіндік береді. Ал Инвестициялық сая­сат тұжырымдамасын 2029 жылға дейін өзектендіру үдерісі белсенді жүріп жатыр. Сонымен қатар бизнес-қоғам­дастықпен бірлесіп қолда­ныстағы қолдау шараларын жақсарту бо­йынша жұмыстар қолға алынған.

Премьер-министр жаһандық бәсеке­лес­тік жағдайында мемлекеттік қол­дау шара­лары инвестиция тартудың ма­ңыз­ды факторы екенін атап өтті. Мұн­да Үкі­мет­тің негізгі басымдықтары – жо­ға­ры деңгейде өңделген өнімдер шы­ғару, технологиялар трансферті және өндірістерді локализациялау. Қазір елімізде инвесторларға салықтық жеңіл­діктер, кедендік баждардан босату, заттай гранттар беру, кепілдендірілген тапсырысты қамтамасыз ету және тағы басқа да түрлі преференциялар беріліп отыр. «Мәселен, арнайы экономикалық аймақ­тар институты әлі күнге дейін тиісті деңгейде дамымай отыр. Ал озық елдер­дің көпшілігі арнайы экономикалық аймақтарды инвестиция тартудың тиімді құралына айналдырған», деді ол.

Дүниежүзілік банктің деректеріне сүйенсек, тартымдылығы жағынан салық және кедендік жеңілдіктер тек үшінші және төртінші орындарда тұр. Ал бірінші позицияда қолайлы әкімшілендіру, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету құралдары орналасқан. «Біздің арнайы экономикалық аймақтарды реформалау әрекетіміз олардың тиімділігін арт­тыра алмай келеді. Сондай-ақ біз басқарушы компанияларды қамтамасыз етуге қомақты бюджет қаражатын жұм­сап отырмыз. Бірақ олардың тарапынан ин­вестиция түрінде тиісті қайтарым жоқ», деген Үкімет басшысы тағы бір маңызды мәселе – жергілікті қамту үлесін ұлғайту екенін атап өтті. Оның айтуынша, инвесторлардың, квазимемлекеттік сек­тордың сатып алу рәсімдерінде отан­дық тауарлар мен қызметтердің үле­сін барынша ұлғайту қажет.

«Мемлекет қолдау шараларына орасан көп қаражат бөліп отырғанымен, жеке капиталды тарту мүлдем жеткіліксіз. Бұл іске отандық банктер мен халықаралық қаржы институттарының қатысуы да мардымсыз. Осыған байланысты қосымша қаржыландыру көздерін тарту бойынша пәрменді шаралар қабылдау керек», деген Үкімет басшысы мемлекеттік органдар мен даму институттары арасында өзара үйлесімді іс-қимылдың жоқ­ты­ғынан инвесторлар мемлекеттік қол­дау шаралары туралы ақпаратты біле бер­мей­тінін айтты. Сөйтіп, мемлекеттік орган­дарға қысқа мерзімде қолдау шара­ларының тиім­ділігіне кешенді талдау жүр­гізуді, олар­ды жақсарту жөнінде нақты ұсы­ныс­тар енгізуді, ұлттық цифрлық ин­вес­ти­циялық платформаның толыққанды іске қосылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Үкімет басшысы үндеуінің көкейкестілігі

Премьер-министр кезекті Үкімет отырысында барлық инвесторларға үндеу жолдады. «Бүгінде әлемнің көптеген елдері инвестиция тартуға барынша мән беріп отыр. Қазақстанның да мақсаты – сол! Біз отандық және шетелдік бизнеспен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Біз ұзақмерзімді инвес­тициялар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға ұдайы ұмтылып келе­міз. Қазақстан Үкіметі жоғары деңгей­де өңделген өнімдер шығаруға, ақпарат­тық технологияларды озық қарқынмен дамытуға, еліміздің серпінді дамуына ықпал ететін инновациялық кәсіп­орындар құруға бағытталған әрбір ірі инвестициялық жобаға қолдау көрсетуге кепілдік береді деп сендіргім келеді. Үкімет инвесторларға ресурстарға кедер­гісіз қол жеткізуге мүмкіндік жасайды, инфра­құрылымдық, консультативтік қолдау көрсетеді, өнімдерін өткізуге көмектеседі. Сіздер мемлекеттік және құқық қорғау органдары тарапынан ешқандай қысым көрмейсіздер. Оған ешқандай күмән болмасын. Керісінше, Үкімет сіздерге сенімді әрі ашық әріптес болады. Бұл мәселелерді шешу үшін Инвестициялық штаб жұмыс істейді. Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған Штабқа ерекше өкілеттіктер берді. Біз отандық және шетелдік инвестициялар ағынын арттыру үшін басқа да бастамаларды іске асыруға ниеттіміз», деді Олжас Бектенов.

 

Абаттандыру туралы тапсырма берілді

Сонымен қатар Үкімет отырысында қалаларды абаттандыру және көгалдан­дыру шаралары қаралды. Өнер­кәсіп және құрылыс вице-ми­нистрі Азамат Бейісбеков Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша дұрыс жүйеленген құрылысты енгізу және тартымды, жайлы қоғамдық кеңістіктерді қалыптастыру бойынша нұсқаулық болатын «Қалаларды кешенді салу стандарты» әзірленгенін айтты. Оны қалалар аумағын егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында пайдалану үшін барлық жергілікті атқарушы органға жіберілген. Бұл ретте ауытқуларды болдырмау үшін 2024 жылғы қаңтардан бастап бірыңғай қала құрылысы сараптамасы енгізілді. Ол жоспарлау кезінде сәулет-құрылыс нормаларының бұзылуын болдырмауға мүмкіндік береді.

Премьер-министрдің айтуынша, жа­сал­ған стандарт тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартумен қатар, туристік саланы дамытуға да ерекше серпін береді. Бұл ретте ол азаматтардың әлі де болса тротуарлар мен жарықтың жоқтығын, жасыл желектің аздығын айтып, жиі шағымданатынына тоқталды. «Әкімдіктер тарапынан жүйелі жұмыс­тың болмауы – абаттандыру мен көгал­дан­дырудың негізгі проблемасы. Ағаш­тар мен өсімдіктер отырғызылады, бірақ кейін ешқандай күтім жасалмайды. Көп­шілік жиналатын қоғамдық орындар мен үй маңындағы аумақтардың ұсқынсыз жағдайы үлкен проблемаға айналған. Саябақтар мен скверлер көбінесе иесіз қалғандай күй кешеді. Оларды жыл сайын жаңартып отыру, көркейту жұмысы жүр­гі­зілмейді. Кейде тіпті саябақтарда ны­сан салу фактілері де кездеседі», деді ол.

Елорда әкімдігі демалуға жайлы ай­мақт­ар құру, көгалдандырудың кешен­ді жү­йе­сін іске асыру жөніндегі жұмысты жал­ғас­­тыруы қажет. Бұл қаланың ірі тұр­ғын аудан­дарының «жаңа тынысын» ашуға мүм­­кіндік беретінін айтқан Премьер-ми­нистр осыған ұқсас жағдай Алматы қала­сын­д­а да қалыптасып отырғанына тоқталды.

Отырыста Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров инвестицияны қолдау мен ынталандырудың қолданыстағы шарасы және оларды жақсарту жөніндегі жоспар туралы баяндады. Инвестициялық белсенділік серпінді экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін үлкен маңызға ие. Биыл жоспар бойынша негізгі капиталға 22,1 трлн теңге инвестицияланады, бұл өткен жылдың қорытындысынан 22%-ға артық. Инвестициялық жобалардың Бірыңғай пулы аясында биыл жалпы құны 2,3 трлн теңге болатын 234 жобаны іске асыру жоспарланған. Өңірлердің әрбір әкімі мен салалық мемлекеттік органдардың министріне KPI бекітілген. Инвестициялық штаб шеңберінде инвес­торлардың мәселесін жедел реттеу бойынша шара қабылданып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бо­йынша барлық өңірлердегі прокурорлар пулда тұрған жобаларды сүйемелдеуге тырысты. 37 компанияны орналастыру жұмыстары жалғасын тауып отыр. Қазір инвестиция тарту бойынша бірқатар тиімді құралдар қолданылады.

Бүгінгі таңда әзірленіп жатқан жаңа Ұлттық даму жоспарын ескере отырып, Инвестициялық саясаттың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын өзектендіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Еңбек өнім­ділігінің өсуіне және экспорттық себеттің күрделенуіне бағдарланған сапалы инвестицияларды кейіннен таргеттеу үшін инвестицияларға өңірлік және сала­лық қажеттіліктер қалыптастырылады. Халық­аралық рейтингтерді ескеретін инвестициялық климат бойынша жаңа KPI белгілеу қаралып жатыр.