Мәселе • 13 Ақпан, 2024

Мұғалімдер МӘМС-ке неге жете алмай жүр?

438 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Міндетті әлеуметтік меди­цина­лық сақтандыру жүйесі жыл­дан-жылға реттеліп келеді дегенмен әлі де болса кемшін тұс­­тары бар. Жүйеге ай сайын жар­­­насын аударып, сақтандыру па­ке­тінде көрсе­тілген тиісті ме­дициналық көме­­кті ала алма­ғандар сөзімізге дәлел. Жуыр­да Мәжіліс депута­ты Асхат Аймағамбетов осындай келең­­сіз жайттарға мұғалім­дер­дің тап келетінін айтты.

Мұғалімдер МӘМС-ке неге жете алмай жүр?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Мәселенің жай-жапсарын Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеу­меттік желідегі парақшасына жария­лады.

«Мұғалімдердің көбі МӘМС-ке тұрақты жарна төлеп отырса да мін­детті медициналық сақтандыру жүйесі аясында медициналық көмек алуға келгенде кедергіге тап болып жатыр. Мұның себебі – жазда, үш ай­лық демалыс кезінде кейбір бухгалтерлер жалақыны және МӘМС бойынша тиісті жарнаны бір аударыммен аударады. Бұл өз кезегінде МӘМС-тің бюрократиялық тиімсіздігінен мұғалімдерді сақтандырылған азаматтар деген мәртебесінен айырып, медициналық көмектің қолжетім­сіздігіне алып келді. Біз бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігіне осыны тез арада реттеу туралы талап қойғанбыз. Болашақта бұл мәселені шешеміз деп сенемін», дейді депутат.

Жыл бойы МӘМС-ке жарнасын төлеп келген мұғалімдер оқу жылы басталарда осындай кедергіге тап болады екен. Себебі бір – жарна төлемеген. Бір қызығы, бірер апта бұрын, яғни желідегі жазбаға дейін әлеуметтік медициналық сақтан­ды­ру қоры ұзақмерзімді демалыс ке­зінде қызметкерлерді сақтанды­руға кепілдік беру үшін жүйеге тағы өз­герістер енгізілетінін жарияла­ған. Хабарламадан әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қорында бейін­дік нормативтік-құқықтық актіге толық­тыру енгізу ұсынылғанын біл­дік. Бұл – ұзақмерзімді демалыс кезін­­де қыз­меткерлердің МӘМС-тен шы­­ғып қалмауына септеседі екен.

Негізі «Міндетті әлеуметтік ме­ди­циналық сақтандыру туралы» заңға сәйкес жұмыс беруші ай сайын әлеуметтік медициналық сақтандыруға қызметкері үшін жарна төлеуге тиіс. Ал егер жүйеге бір ай аударым түспесе, ол қызмет­кер МӘМС жүйесіндегі «сақтанды­рыл­ған» мәртебесінен айырылады. Салдарынан еліміздің бірнеше өңі­рінде мұғалімдер, тау-кен кәсіп­орындарының қызметкерлері және вахталық әдіспен жұмыс істейтін кейбір мамандар осы келеңсіздікке ұрынады екен.

Көптің жадында жүрген мәселені шешуді ойластырған Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры былтыр желтоқсанда Денсаулық сақтау министрінің МӘМС-ке аударымдарды немесе жарналарды аудару ережелері мен мерзімдері туралы бұйрыққа толықтыру енгізуге бастамашы болыпты. Мұнда әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құжаттың мәтінінде ақылы еңбек демалысы кезеңіндегі табысты есептеу кезінде аударымдар мен жарналар демалыс күндерінің санына барабар есептелген кезеңдер бойынша бөлек аударылатынын нақтылауды ұсынған. Қазір қордың ұсынысы уәкілетті орталық – мемлекеттік органдардың қарауында екен. Енді көп ұзамай осы толықтыруды қабылдау туралы оң шешім шықса, ұзақмерзімді демалыс­тан кейін «сақтандыру» мәртебесінен қағылған мұғалімдердің ғана емес, басқа бірнеше сала маманының мәселесі шешіледі-мыс.