Қоғам • 06 Ақпан, 2024

Автобус парктері жүргізушіге жарымайды

187 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Автобустардың жай-күйіне, жүргізушілердің мәдениетіне қатысты соңғы ақпараттарды ақтарғанда, қоғамдық көлікке жауапты мекемелердің жүргізуші тапшылығына алаңдайтынын білдік. Сонда жастар автобус жүргізушісі болудан жасқана ма? Әсте олай емес.

Автобус парктері жүргізушіге жарымайды

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жастар жүргізуші болуға жүрексіне ме?

Елдегі автобус парктері жылдан-жылға жаңарып, жүргізуші мен жолаушы мәдениеті тәп-тәуір қалыптасып келеді. Басшылардың қадағалауымен әуелі қауіпсіздікке көңіл бөлінген соң, бұрын жиі орын алып тұратын «жүргізушілердің жарысы» саябырлағандай. Саладағы берекесіздікті реттеуге келгенде GPS навигаторы, кондукторларды қысқартып, заманға қарай электронды төлем жүйесіне көшу жөніндегі шешім нәтижелі болды. Осыған қарамастан қоғамдық көлік жүргізушілері, жаяу жүргіншілер жыл сайын бірді-екілі оқыс оқиғаға ұрынып жатады. Жүргізуші қателігінен туындаған қайғылы оқиғаларды түгел адами фактор деп жылы жауып қоюға келмейді. Әлеуметтік жағынан қарасақ, тікелей болмаса да жанама себеп-салдары табылады.

Бірер апта бұрын ғана Таразда автобус жүргізушісі жылдамдықты асырып, жаяу жүргіншіні жаншып өткен. Былтыр Шымкентте жүргізушінің жауап­сыз­ды­ғынан жолаушылар автобусы қарсы жолаққа шығып, 5 адам қаза тапты. Алматыда жолаушы қоғамдық көлік тізгіндеген әйелді соққыға жығып, салдарынан аялдама маңындағы үш адам бақилық болды. Қайғылы оқиғадан кейін Алматыдағы автобус парктері мен жергілікті әкімдік жүргізушілерді жолаушыдан оқшаулаудың қам-қарекетін жасауға кіріскен. Себебі жүргізушінің басты міндеті – жолаушыларды діттеген жеріне жеткізу. Ол қауіпсіздіктен басқа ұсақ-түйекке бас қатырмауы керек. Тағы бір жай, автобус жүргізушілерінің күтпеген жерден жүрек талмасына ұшыраған сәттері жиіледі. Жүргізушілер қартайып барады. Жұмыс жеңіл емес. Жүйке-жүйеге салмақ түсіреді. Қала берді жүр­гізуші бір күн жұмыс істеп, екі күн демалуы керек деген ереже-талап та көп қала­да сақталмайды. Ала таңмен таласып оянып, кешке дейін қоғамдық көлік бас­қа­ру дегеніңіз асқан сақтықты, жоғары жауап­кершілікті талап етеді. Әлеуметтік желіде жүргізушілерге қатысты келеңсіз жайттар мен оқыс оқиғаларды көрген жастар автобус жүргізушісі болуға жүрек­сін­бей қайтсін?!

 

«D» санатын алудың машақаты

Қош, осы жолы біз үңілген тақырып жүргізуші куәлігіне қатысты болып тұр. Елдегі автобус парктерінің басшылары жүргізуші тапшылығына тікелей әсер етіп отырған түйіткілдерді билікке естір­тіп, ұсыныс-тілектерін айтуындай айтты. Қазір кейбір автобус парктерінің тұра­ғында бостан-бос тұрған қоғамдық көліктер кездеседі екен. Мегаполистердің өзі жүргізушіге жете алмай жүрген шақта өңірлердегі жағдай тіптен күрделі болса керек. Амал жоқ, кейбір автобус парктерінің басшылары өңірдің экономикалық ахуалына, компанияның қаржылық жағдайына, шығындарына байланысты жалақыны шамадан тыс көтеріп, тәуекелге бел байлай алмайды. Қалай дегенде де автобус парктерін жаңартуға мықтап кірісіп, жалақыға бас қатырып отырған басшыларды, еңбекақының аздығынан ірі қалаға қоныс аударған жүргізушіні жазғыра алмаймыз. Нарық заманы, бәсекелестік талабы – осы.

Енді қолданыстағы заң талаптарына назар аударсақ, «D» санатындағы жүргізуші куәлігін алуды ойластырғандар «Жол жүрісі туралы» заңның 74-бабы, 2-тармағына сәйкес 25 жасқа толуы шарт. Осы аралықта жүргізушінің кемінде 5 жыл жұмыс өтілі болуы қажет. Әрі оның үш жылында «D1» кіші санатындағы (шағын автобус) көлік құралын басқаруға тиіс. Қысқасы, осы талапты орындамай, «D» санатындағы көлікті тізгіндеу тіптен мүмкін емес. Тараз қаласында жолаушы тасымалымен айналысатын «Әулиеата Транс-Пасс» серіктестігінің директоры Рашид Пірмановтың айтуынша, қоғамдық көлік қызметіндегі бірқатар мәселеге жол жүрісіне қатысты заң талаптары әсер етіп отыр.

– «D1» санатын алған жүргізушіге 16 орынға дейінгі шағын автобустарды басқаруға рұқсат. Жүргізуші сол автобусты 3 жыл тізгіндеп, мықтап тәжірибе жиған соң ғана «D» санатындағы куәлік алады. Алайда қазір жүргізуші «D1» кіші санатын тырмысып жүріп 21 жаста алған күннің өзінде елімізде ондай шағын автобустар жоқтың қасы. Ал 3 жыл шағын автобус жүргізу керек деген талапты орындамаған жүргізуші арада неше жыл өтсе де тәжірибесіз «D» санатын ала алмайды. Міне, жүргізушілер осы тұста шарасыз қалады. Жүргізуші тапшылығы тек бізде емес, республика бойынша байқалды. 2015 жылдан беріге дейін мектепте, басқа да мекемелерде тәжірибе жиып, «D» санатындағы жүргізуші куәлігін алып жатқандар бар. Бірақ өте сирек. Мұндай жұмыс екінің біріне табыла бермейді. Қоғамдық көлік халыққа қызмет көрсетеді. Сондықтан жүргізушілердің жарыспағанын, мәдениетті болғанын қалаймыз. Ол үшін бірінші кезекте өзге саладағыдай бәсекелестік орта қажет. Жүргізуші болып жұмыс істегісі келетін жастар баршылық. «D1» санатын алғандар маған жиі келіп жатады. Амал жоқ, 3 жыл тәжірибесі болмаған соң жұмысқа шақыра алмаймыз. Ішкі істер басқармасының есебі бойынша елде «D» санатын алған жүргізушілер көп. Әйткенмен олардың барлығы түгел жүргізуші бола бермейді ғой. Мысалы, менде жүргізушінің барлық санаты бар. Кезінде автобус жүргізгенмен қазір жүргізбеймін ғой. Қаңтарда біз, яғни елдегі ірі автобус парктерінің басшылары Көлік министрімен қоғамдық көлікке қатысты осы және басқа да шаруалар бойынша кездескенбіз. Ақпанда тағы шақыртып жатыр. Биыл оң шешім қабылданар деген үміттеміз, – дейді Р.Пірманов.

 

Заң талаптарын жеңілдету керек

Осыған дейін «D» санатындағы көлік тізгіндеуді ойлағандарға қатысты заң талаптарының қатаңдатылғанын орынсыз деуге келмейді. Жүргізушінің тәжірибелі болғаны әуелі қауіпсіздікке жақсы. Әрі осы тәжірибе бізде ғана емес, бірнеше елде қолданылады екен. Сынақтан өткен. Сондықтан автобус жүргізушілеріне қатысты заң талаптары аз-маз жеңілдетілсе, соның жүргізуші тапшылығын шешуге әжептеуір сеп болары анық. Мысалы, қазір автобус парктері тәртіп бұзған жүргізушіге ауызша ескерту жасап қана шектелуі әбден мүмкін. Басшылық қатаң шара қабылдамайтынын түсінген жүргізушілер бүгін жіберген қателігін күні ертең қайталамасына кім кепіл?!

Бүгінде елдегі автобус жүргізушілерінің жалақысы 250-350 мың теңгеден кем емес. Алматыда 10 күн еңбек еткен жүргізуші кемі 450 мың теңгенің шамасында жалақы алса, қоғамдық көліктен де кеңірек автобус басқаратындардың жалақысы 800 мың теңгеге жетеғабыл екен. Сол себепті де өңірлерде жүргізуші тұрақсыз. Ірі қалаға барып, тәуір табыс табуды ойлағандарды автобус парктері байлап ұстай алмайды.

Жолаушы тасымалымен айналысатын мекемелердің базасы жаңа автобус­тармен толығып жатқаны қуантады. Жер­гілікті әкімдіктің бастамасымен Ақтау қа­ласының автобус парктері де биыл жаңа автобус сатып алуды жоспарлапты. Бұл жөнінде толығырақ мағлұматты біз Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Жалғас Мейіловтен сұрап білген едік. Бас маман қалаға жаңа автобустар келсе, жүргізуші тапшылығы туындауы мүмкін екенін жасырмады.

– Ақтау қаласы бойынша автобустар 10 бағытта қатынайды. Екі тасымалдау­шы мекемеге қарасты 65 автобус бар. Қоғамдық көліктердің барлығы – жаңа. Биыл қаланың автобус парктері тағы 25 автобуспен толығады деп жоспарлап отырмыз. Содан бас-аяғы қалада 90 автобус болады. Бізге тасымалдаушы мекеме тарапынан жүргізуші тапшылығы жөнінде осыған дейін бірнеше рет өтініш түскен. Қазір амалдың жоқтығынан кейбір жүргізушілер ұзақмерзімді демалысқа сирек шығады. Автобус парктері облыстан жүргізуші таба алмаған соң еліміздің барлық аймағына хабарландыру жолдап жатыр. Басқа өңірлерде де жүргізуші тапшы екенін ескерсек, оларды бізге жұмыс істеуге келеді деп айту қиын. Жүргізушілер екі күн жұмыс істеп, екі күн демалады. Жалақы – тәуір. Жарналарын ұстап қалғанда 15 күн жұмысына қолына 300 мың теңге тиеді, – дейді Ж.Мейілов.

Ақтаудағы автопарктердің басшылығы әзірге бар жүргізушіге шүкір етіп, амалдап отырғанымен қалаға келетін 25 автобусқа жүргізуші табу оңай болмайтынын біледі. Сол себепті де жүргізушіні қазірден іздеп, ертерек қамданып жатқан жайы бар.

Көлік министрлігі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, елде «D» санатындағы куәлігі бар жүр­гізушілердің тапшылығы 3 мың­нан аса адамды құрайды екен. Соның ішінде Астанада – 685, Алматыда – 445, Шымкентте 487 жүргізуші жет­пейді. Жуырда Көлік министрлігі жер­­гілікті атқарушы органдар, «Ата­мекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, салалық қауымдастықтар мен тасымал­дау­шы­лардың басын қосып, қалалық автобус тасымалы мәселелері бойынша кеңес өткізген. Басқосуда «D» санатындағы куәлігі бар жүргізушілердің тапшылығы талқыланған. Жүргізуші куәлігін алардағы қиындықтарды елеп-ескерген Көлік министрлігі, Ішкі істер министрлігі және «Атамекен» ҰКП «D» санатындағы куә­лікке қатысты талаптарды жеңілдетуді қолдайтынын аңғартқан.

Сонымен, министрлік «D» санатын­дағы куәлік алатындардың жасын 25-тен 23 жасқа дейін, жүргізуші өтілін 5 жылдан 3 жылға, «D1» кіші санатындағы көлікті басқару өтілін 3 жылдан 1 жылға дейін төмендетуді көздеп отыр. Мақсат орындалып, «Жол жүрісі туралы» заңға осы ережелер енгізілсе, «D» санатындағы куәлік алуды жоспарлағандар үшін талап біршама жеңілдейді. Есесіне, автобус жүргізушілерінің орта жасы төмендеп, бәсекелестік орта қалыптасса, жақсы. Салаға жастарды тартудың тиімділігі дәл қазір байқалмағанымен, уақыт сәтімен қоғамдық көліктің қауіпсіздігіне, жүргізуші мәдениетіне әсер ететіні анық.