Қоғам • 24 Желтоқсан, 2023

Тас дәуірін сөйлеткен

107 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық музейде белгілі археолог, академик, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Жәкен Таймағамбетовтің 70 жасқа толуына орай «Ж.Тай­мағамбетов және Еуразия палеолитінің мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Тас дәуірін сөйлеткен

Отандық археология ғы­лымында өз алдына мектеп қалыптастырған ­көр­­некті ға­лымның есімі елімізге ғана емес, алыс-жақын шет мем­лекеттердегі ғылыми орта­ға да өте танымал. Орта­лық Азия­­дағы палеолит дәуірі мен Еуразияның ежелгі тари­хын індете зерт­теп жүрген архео­логтің сан қыр­лы ғылыми саласы Еуразиядағы ал­ғаш­қы адамдардың қоныстануы, ­олар­дың материалдық мә­дениеті, көші-қон және эт­нос­тық байланыстарына бағыт­тал­ған. Әсіресе ғалымның елі­міздің әр өңірінен 300-ден аса палеолит ескерткішін ашып, қазақ жерінде алғашқы адам­ның шамамен 1 миллион жыл бұрын пайда бол­ғанын ғылыми дәлелдегенін ерекше айтуға болады. Шын мәнінде, бұл елді елең еткізер үлкен жаңалық.

Алқалы жиында Мәдениет және ақпарат ми­нис­тр­лігі Мәдениет коми­те­тінің төр­аға­сы Күміс Сейітова министр Аида Балаева­ның құт­тық­­тауын оқып, ға­лым­ның иығы­на шапан жапты. Құт­тық­тауда Ж.Таймағамбетов­тің археология саласына тың жаңалық әкелген ең­бек­теріне жоғары баға берілген. Одан кейін Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Зәки аталған ведомство басшысы Саясат Нұрбек­тің құттықтауын жеткізді. Белгі­лі қоғам қайраткері Дархан Мыңбай ғалымның өмірлік мұратына тоқталып, парасатты ой қорытты.

«Қожа Ахмет Ясауи бабамыз: «Шын ғалымды көрсем, басымды иіп, тағзым ете­мін», деген екен. Міне, осындай шын ғалымның үлгісі – Жәкен Қожахметұлы. Оның алдында археология саласында Әлкей Марғұлан бастаған ғалымдар­­дың салған ізі болды. Бірақ оларға қара­ғанда Жәкеннің бір ерекшелігі бар. Ғалым­ның еңбектері шет тілдері­не аударылып, дүниежүзіне танылуға мүмкіндігі болды. Бұл – тәуелсіздіктің арқасы. Оны ұмытпауымыз қажет. Нә­тижесінде, ол әлемнің үлкен ғылыми мінберлерінде тамаша ғылыми еңбектерімен кез келген аудиторияны тыңдата білді. Ұлттық музейді ғылыми орталық жасау ретінде «Халық қазынасы» атты институт­тың негізін қалап, шәкірттерін со­ған ұйыстырды», деді Дархан Мыңбай.

Тас дәуірін сөйлеткен ға­­­­­лымның ме­­­рейтойына ар­­­­нал­­­ған конференция 2 сек­­­­цияға бөлінді: біріншісі – «Еура­­­зия палеолитінің мәсе­ле­лері», екіншісі – «Ғылым­да­ғы өмір: Ж.Таймағамбе­тов және экспедициялары». Оған қатысу­ға АҚШ, Фран­ция, Германия, Кана­да, Испа­ния, Польша, Жапония, Ресей, Моң­­ғолия, Қырғызстан, Тә­жік­­стан және тағы басқа да елдердегі ғалымдардан өті­нім мен баяндамалар келіп түскен. Конференция барысында археолог­тің тас дәуі­рінің түрлі теориялық және әдіснамалық мәселелері, елі­міздің ғана емес, жалпы Еура­зияның палеолит дәуірін зерт­теудегі жаңа жетістіктері әр қырынан талқыланды. Соны ойлар айтылды. Ұлттық музей, Ә.Марғұлан атындағы Археология институты және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық уни­верситеті бірлесіп дайындаған мерей­той иесінің ғылыми еңбектері мен библио­графиялық көрсеткіште­рін топтастыр­ған 4 кітаптың лентасы қиылды. Жиын аясында Ұлттық музей қонақтар мен қатысушыларға арнап «Ака­демик. Ж.Таймағамбетов­тің ғылыми жолының кезеңдері» атты көрме ұйымдастырды. Оған ғалым­ның монография­лары, оқулықтары, оқу құ­ралдары, ғылыми мақалалары, сонымен бірге кейінгі жылдары табылған палеолит тұ­рақ­­тарының артефактілері қо­йылды.