Жастар • 30 Қараша, 2023

Зерттеу нәтижесі: Биылғы жастар портреті қалай шықты?

163 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің әрбір үшінші тұрғыны жастар санатына жатады. Олардың сұранысы мен қажеттілігі жалпы қоғамның жағдайын тікелей көрсете алады. Сондықтан зерттеу жүргізіп, жастардың пікірін талдап отыру аса маңызды.

Зерттеу нәтижесі: Биылғы жастар портреті қалай шықты?

Осы бағыт бойынша «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының мамандары 6000 жас респондент арасында әлеуметтанулық зерттеу жүргізіп, соның қорытындысы бойынша жасалған Қазақстан жастарының портреті туралы айтып берді.

Жастар

Жастар

«Биыл жастардың шекті жасының 35-ке дейін ұлғаюы ескеріле отырып әлеуметтанулық зерттеулерге сүйеніп, жастар портреті жасалды. Бұл портрет денсаулық, білім, жұмысбастылық, құндылықтар, қауіпсіздік, азаматтық және саяси белсенділік сияқты аспектілер бойынша жастардың бейнесін береді», дейді мамандар.

Биыл «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген әлеуметтанулық зерттеу деректері бүгінгі Қазақстан жастарының отбасылық құндылықтарды бірінші орынға қоятынын көрсетті. Бұл 14 пен 35 жас аралығындағы сауалнамаға қатысқан респонденттердің 72,6%-ын құрайды. Жастар арасында отбасы құндылығы ұзақ уақыттан бері алғашқы позицияларда аталып келеді.

«Сонымен қатар жас азаматтардың 64,8%-ы өз денсаулығын өте жақсы бағалайды, ал халықтың жас бөлігінің әрбір екінші өкілі (53,2%) салауатты өмір салтын ұстанады», дейді сарапшылар.

Жастардың көпшілігі (73%) білім алу сапасына риза. Сонымен қатар еліміздің жас тұрғындарының жартысынан көбі (56,1%) қосымша білім алып жүр және қазіргі уақытта таңдалған мамандық бойынша жұмысқа орналасуға болады (53,3%) деп санайды. Сауалнамаға қатысқандардың 43%-ы үнемі жұмысқа орналасу проблемаларына тап болатынын атап өткен. Жұмысқа орналасқандардың үштен бірі ғана өз мамандығы бойынша жұмыс істейді.

Сондай-ақ 2023 жылға қарай жастардың саяси күн тәртібіне аз қатысуы сақталып отыр. Жастардың ширегі ғана күн сайын саяси жаңалықтар мен оқиғаларға қызығушылық танытады. Ал азаматтық белсенділік тұрғысында әрбір төртінші респондент жастар ұйымдарының қызметіне және соңғы 1-2 жылдағы жобаларға қатысқанын хабарлаған.

Сонымен қатар сауалнама нәтижесі жастардың жеке қауіпсіздігіне деген сенімділігінің жоғары деңгейін (87,6%) көрсетеді. Алайда сауалнамаға қатысқандардың 16,3%-ы  жеке деректердің, әсіресе әлеуметтік желілерде жария болуынан қорғалмағанын сезінетінін айтқан.

Шолу қорытындысына сүйене отырып, қазіргі Қазақстан жастарын дені сау, білімді, белсенді өмір салтын ұстанатын, отбасын құндылықтар жүйесінде бірінші орынға қоятын азаматтар деп айтуға болады. Олар өнеркәсіпте жұмыс істеуге онша қызығушылық танытпайды, өздерін салыстырмалы түрде қауіпсіз сезінеді, бірақ жеке деректерінің қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды. Олар сондай-ақ қоғамдық қызметке белсенді қатысады, бірақ саясатқа онша қызығушылық танытпайды.

Осы және басқа да қызықты үрдістер «Қазақстан жастары – 2023» ұлттық баяндамасында көрініс тапты. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы әзірлеген аталған құжат биыл он бірінші рет жарияланып отыр. Жастар өмірінің негізгі салалары мен оның жай-күйі және әл-ауқатын талдау қамтылған баяндамамен eljastary.kz сайтында танысуға болады.