Шаруашылық • 06 Қазан, 2023

Күзгі жаңбырдың кедергісі

160 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Сай-саланы қырнап шауып жүрген техника болмаса, жұттың зардабы сезілер еді» деседі малмен жан бағып отырған ауылдағы ағайын. Айтса, айтқандай-ақ. Жаздай жауын жаумады, Шығыс Қазақстанның бірқатар ауданында құрғақшылық болды. Есесіне күзге салым жаңбыр тоқтаусыз жауған. Одан не пайда? Жер емген диқандарды бас көтертпеді. Еккендерін уақтылы орып ала алмай әрі-сәрі күйге түскен.

Күзгі жаңбырдың кедергісі

Шығыс Қазақстанда егістік алқаптарының жалпы аума­ғы 639,8 мың гектарды құра­са, оның 290,3 мың гектары – дән­ді және бұршақты дақыл­дар. Ауыл шаруашылығы бас­қар­­масы мамандары берген ста­тис­­тикалық деректерге көз жүгіртсек, майлы дақылдар 210,9 мың гектар жерге егілген. Күн­ба­ғыс 197,2 мың гектарды алып жатыр. Ал қара­құ­мық – 12,1 мың, картоп – 11,0 мың гек­тар. Теңіздей толқы­ған сары да­лаға орақ уақ­тылы түс­кені­мен, мерзімінде орылмай жатқаны шаруаларды алаңдатады.

Дәнді және бұршақты да­қылдардың облыс бойынша 68,1%-ы ғана жиналды. Орташа өнімділігі – гектарынан  13,84 центнер. Қазіргі таңда 273,4 мың тонна астық бастырылды. Былтыр дәл осы уақытта дән­ді дақылдар түгелдей дерлік орылған еді. Биылғы орақ маусы­мына техника толықтай дайын бол­ғанымен, күн райы мұрсат бер­меді. Облыста 2 338 комбайн бар десек, оның 355 бірлігі – өнімділігі жо­ғары шетелдік комбайн.

Агроном мамандардың пікірінше, 30 күнге созылған жауын астық сапасының нашарлауына, оның өнуіне, жоғары ылғалдылық пен ре­фак­цияға әкеліп со­ғуы мүм­кін екен. Десе де, қол­да бар техникалардың кө­ме­гі­мен түсімді сақтап қа­луға тыры­сып жатыр. Об­лыс шаруа­шы­лықтарында әртүрлі қуатты­­лықтағы 300-ден аса механи­каландырылған астық тазарту кешені, тәулігіне 12 мың тонна астық кептіре алатындай 90 кептіргіш және лицензияланған 5 элеватор бар.

Жаңбырлы күз әсіресе егін шаруа­шылығы шалқып отырған самарлықтарға қат­ты тиген. Қазіргі уақытта Са­мар ауданының шаруалары астықтың 40 пайызын ғана жинап үлгерген.

ппа

– Ауа райының қолайсыз­дығына байланысты бүгінгі таңда жиналған астық өнімі 36,7%-ды құрап отыр. Күзгі дала жұмыстарына 1 167 тонна арзандатылған дизель оты­ны бөлінді. Зауыттық са­ту бағасы литріне 250 тең­ге­ні құрады, – дейді Самар ауда­нының әкімі Нұрлан Махам­бетов.

Сондай-ақ топырағы құ­­нарлы Самар ауданында пай­даланылмай жатқан 15,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал­дағы уақытта тағы да 20 мың гектар жерді қайтару жос­пар­да бар екен. Игерілмей жат­қан жерлер мемлекет мен­­­шігіне қайтарылса, ша­руа­­лар үшін де тиімді бол­мақ. Олай дейтініміз, ала­қан­дай Самар ауданында 428 шаруа қожалығы бар. Со­лар­ға теңдей бөліп берілсе, қожалық көші ілгерілей түсер еді. Әйтпесе, жайылымдық жер мен шабындықтан да таршылық көріп отырған азаматтар бар. Айтқандай, ауылшаруашылық ұсынған есеп-қисапта жоспардағы шөптің 91,9%-ы әзірленіпті.  Ал сүрлем мен сабан әзір­леуде межелі жоспардың жар­­ты­сына ғана жеткен.

Орақ маусымына деп 8,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отынына шаруалар өтінім берген. Қазіргі таңда шілде және тамыз айларына бөлінген дизель отынының көлемі толық иге­рілді. Облыс бойынша жеңілдікті дизель отынының орташа бағасы 1 литр үшін 250 теңгені құрап отыр. Соны­мен қатар егін жинау жұмыстарына 10 мың тонна көлемінде жеңілдікті дизель отынына сұраныс хаттар жолданды. Дәнді және майлы дақылдарды кептіру үшін 7 мың тонна дизель отыны бөлінген. Демек техникалар сақадай сай, дизель отыны жеткілікті. Тек ауа райы ашық тұрса, қалған егін толықтай орылуға тиіс.

 

Шығыс Қазақстан облысы