Қоғам • 27 Қыркүйек, 2023

Салғырттықтан сақтанайық!

166 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақстан Еуразиядағы көліктік-логистикалық державаға айналуға тиіс. Ол үшін мемлекеттік мақсат алға шығып, оның мүлтіксіз орындалуына нақты тапсырмалар берілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті халыққа Жолдауында мемлекеттік мақсатқа жету үшін автожолдардағы жемқорлық пен заңсыз әрекеттердің алдын алып, жол сапасын жақсарту керегін қадап айтқан еді. Тиісті сала басшылары айтылған сынның үдесінен қалай шықпақшы? Осы сұраққа жауап іздеп, Жол активтері сапасы ұлттық орталығының (ЖАСҰО) бас директоры Замир Сағыновқа жолықтық.

Салғырттықтан сақтанайық!

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Жол жүйесіне FIDIC қағидасы толық кіреді

– Жоғарыда айтылған мемлекет­тік мақсатқа жету үшін Көлік министр­лігі қайтадан құрылды. Себебі жол мәселесі ешқашан өзектілігін жойған емес. Ең алдымен, қаржыландыру мәселесіне ерекше назар аударуымыз керек, – деді ЖАСҰО бас директоры З.Сағынов.

Жол құрылысы саласында 30 жыл­дан аса тәжірибесі бар маман бұған дейін де стратегиялық салаға профиль­дік министрлік керек дегенді үнемі ай­тып жүретін. Әуелі тарихқа көз жүгір­тейік. Қазақ КСР Автомобиль жолдары министрлігі 1987 жылы құрылып 1994 жылға дейін жұмыс істеді. Ол кез­де Қазақ жолдары Одақтағы ең жақсы­лар­дың бірі саналды. Жыл сайын 17 мың шақырым жолды жөндеуге 1 миллиард долларға жуық қаржы бөлініп келді. Со­дан кейін қайта құрулар кезеңі бас­талды.

Бірнеше сала бір құрылымға бірігіп қаржыландыру азайды. Бұл жол құрылы­сы саласының құлдырауына әкеліп соқты. Жыл өткен сайын бөлінетін қаражат кө­лемі азая берді, ал жөнделуге тиіс жол­дар­дың шақырымдары ұзара берді, ұзара берді.

«Бүгінде мемлекеттік сатып алу жүйесі жүйкені тоздырып тұр. Тым ұзақ уақытты шығындайтын, шағымдардан көз аштырмайтын жүйеде ашықтық мүл­де жоқ. Сондықтан Жолдауда Президент мемлекеттік сатып алудың сапалы жаңа жүйесін енгізуді тапсырды. Осы мақ­саттар үшін мемлекеттік сатып алуларға жол саласын тиімді басқаруға, бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға және барлық деңгейде сыбайлас жем­қорлық қаупін азайту­ға мүмкіндік беретін FIDIC қағи­да­лар­ы енгізілетін бо­лады», деді сала басшысы.

FIDIC консалтингтік инженерлердің халықаралық федерациясы 1913 жылы құрылған. Бүгінгі таңда жаһандық орта­лықтың миллионнан аса инженер­лік мамандары мен 100-ден аса елде 40 мыңға жуық ұйымы бар екен.

Біздің елімізде FIDIC келісімшарт­та­ры тек халықаралық қаржы инсти­тут­тары (Дүниежүзілік банк, АДБ, ЕҚДБ) қаржыландыратын жобаларда қол­да­нылады. Оның ішінде «Балқаш – Бурылбайтал – Күрті – Қапшағай», «Қандыағаш – Мақат», «Атырау – Астра­хань – Ресей шекарасы». Енді ке­лі­сім­шарттың бұл нысанын ЖАСҰО бас ди­ректоры түсіндіргендей, бюджет қа­ра­жаты есебінен жүзеге асырылатын барлық жол жобасында, оның ішінде жергілікті маңызы бар жолдарда да қолдану жоспарланыпты.

«Саланың мемлекеттік сатып алулармен байланысты тағы бір мәселесі – мердігерлер. Бүгінгі таңда ірі компания­лар тендерлерді жиі жеңіп алады. Бірақ жолды өзі салуға онша құлық танытпайды. Яғни жұмысты жеткілікті еңбек және материалдық ресурстары (жұмыс күші, техника, аккредиттелген зертхана) жоқ қосалқы мердігерлерге береді. Конкурсқа қатысушылар техниканы жалға алу шартын көрсетеді, шынтуайтына келгенде, ондай техникасы жоқ болып шығады. Жұмыс күші жеткіліксіз, дұрыс техникасы жоқ мердігер құрылыс маусымының ортасында жұмысты тоқ­татып қою фактілері жиі кездеседі», деді З.Сағынов

Сатып алу порталында жобалау-смета­лық құжаттаманы әзірлеу болып табы­латын конкурста, заң мемлекеттік са­раптама қорытындысымен ұқсас жұ­мыстарды орындауда 10 жылдық үз­діксіз тәжірибенің болуын талап етеді. Алайда жобалау ұйымдары әртүрлі себеппен сараптама қорытындыларын ала алмайтын жағдайлар жиі кездеседі.

Ал тендерді ұтып алған шетелдік ком­паниялар біздің елде жұмысты жаб­дық­сыз қосалқы мердігерлікпен жүр­гізеді (кедендік төлемдерді төлеу қа­жет­тілігіне байланысты). Көбінесе мер­ді­гер­лердің жеке сынақ зертханасы жоқ. Тек жалға алынған немесе нашар жаб­дықталған зертханалар болып келеді. Бұл сайып келгенде сапасыз жолдардың са­лынуына жол ашады.

Қолда бар барлық еңбек ресурсын ірі жобаны жүзеге асыруға бағыттай отырып, олар үздіксіз тәжі­рибені растау мүмкіндігін жоғалтады. Осы­лайша, формальды түрде дәлел­денген 10 жылдық тәжірибесі бар әлеуетті жеткізушілер бір-бірі­мен бәсе­кеге түсіп, одан кейінгі бар­лық жылы авто­мобиль жолдарын жо­балау саласында тұрақты жеңімпаз­дар болуы мүмкін деген қауіп бар. Бұл саладағы бәсекелестіктің жолын кеседі.

«Қолданыстағы Ереженің нормала­рында бәсекелестікті дамыту үшін жағ­дай­лар қарастырылмаған. Мем­лекеттік сатып алу рәсімдерінің та­лаптарын қайта қарау қажет. Оның ішінде кон­курстық құжаттамада талап етілетін штат санының 70%-дан кем емес бөлігі білікті мамандар болуы шарт. Оған қоса кемінде 50%-ын құрайтын жеке жабдығының болуы және компанияның аккредиттелген сынақ зертханасы және т.б. болуы керек деген талапты қосқан дұрыс», дейді ЖАСҰО басшысы.

 

Сапасыз жол сапалы білімнің жоқтығынан

Жол құрылысындағы тағы бір өзек­ті мәселе – техникалық қадағалау қыз­ме­тінің сапасыз жұмысы. Заң бойынша техникалық қадағалау құрылыс-мон­таждау жұмыстарының сапасын, пай­даланылатын материалдардың, конс­трукциялар мен жабдықтардың, олар­дың жобалық құжаттамаға, техни­ка­лық регламенттердің талаптарына, инженерлік іздестірулердің нәтижесі бо­луы мен дұрыстығын тексеруге мін­детті. Негізгі міндет – ақаулар мен бұзушылықтарды жедел анықтау және олар туралы тапсырыс берушілер мен мердігерлерді хабардар ету.

«Тәжірибеде техникалық қадағалау инженерлерінің жұмысы нашар жүр­гізіледі. Әдетте олар нысандарда жиі болмайды, яғни техникалық қадағалауды формальды түрде жүзеге асырады. Көп­ші­лігінің жол саласында арнайы білі­мі жоқ. Бір инженер бірнеше ұйымда жұмыс істейді және бірнеше жол, құрылыс жобаларына қатысады. Мұндай жағдайлар азаймай отыр. Биылдың өзінде әртүрлі ком­панияның атынан бірнеше учас­кеде бір уақытта техникалық қа­дағалау жүргізгені туралы 50 факті анық­талды», дейді З.Сағынов.

Өткен жылы Жол активтері сапасы­ның ұлттық орталығы жұмыс орын­да­рын­да инженер-техникалық қада­ға­лау­­­дың жоқтығы бойынша 185 фактіні анық­таса, биылғы жылдың басынан бері 141 ұқ­сас факті тіркелген. Бұл орталық ма­ман­дары айына 4 рет таңдамалы тек­­серуге шыққан кездегі анықталған жайттар.

Негізінде, мұндай фактілер жер­гілікті желі нысандарында жиі кездеседі. Мәселен, өткен жылы кәсіпорын анық­таған деректерге сәйкес келмейтін 8,4 мың жол-құрылыс материалдарының 7 мың­нан аса сынамасы облыстық және аудан­дық маңызы бар жолдардан, қалалар мен елді мекендердің көшелерінен алынған.

Жолдардың сапасына тікелей әсер ететін бұзушылықтарды анықтағаннан кейін, ЖАСҰО заңнамада көзделген әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін материалдарды Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясының облыстық басқармаларына жолдайды. 2020 жылдан бері осындай 500-ге жуық өтініш жіберілген. Алайда олардың 35%-ы бо­йынша ғана оң шешім қабылдап, қалған 65%-ы бойынша теріс жауап алынған немесе шешім қабылданбай жауапсыз қалыпты.

«Соңғы жылдары жолдарды орташа жөндеуге баса назар аударылған. Жыл сайын 200 миллиард теңге­ден аса қаражат, оның ішінде тех­ни­калық қадағалау қызметіне 10 мил­лиардқа жуық теңге бөлінеді. Бұл ретте Мемлекеттік сәулет құры­лыс басқармалары берген теріс жауап­тардың негізгі саны дәл осы орташа жөндеу нысандары бойынша алынған. МСҚБ өз шешімдерін «ҚР сәу­лет, қала құрылысы және құрылыс қыз­меті туралы» заңына сәйкес автомо­биль жолдарын орташа жөндеу кезінде жібе­ріл­ген бұзушылықтар үшін адамдарды жауап­кершілікке тарту өкілеттігінің жоқ­тығымен негіздеп отыр. Көбінесе ол жер­де техникалық қадағалауды жүзе­ге асыратын адамдарға ешқандай шара қолда­ны­лып жатқан жоқ», дейді сарапшымыз.

Бірақ аталған мекеме анықтаған бұзу­шы­лықтар – керн қалыңдығының сәйкес келмеуі, жабын төсеу технология­сының бұзылуы – жолдардың сапасына айтарлықтай әсер етеді екен.

 

Автожол комитетінің құзыры артса игі

Сондықтан бюджет қаражаты есе­бі­­нен қаржыландырылатындықтан жол­дар­ды орташа жөндеу жұмыстарын жүр­­гізу кезінде салғырттыққа жол бермеу керек. ЖАСҰО техникалық қадаға­лау­ды екі салаға – қала құрылысы және жол саласына бөлуді ұсынады. Жол ша­руашылығындағы бақылау-қа­даға­лау функцияларын жаңадан құ­рыл­ған Көлік министрлігінің Жол коми­тетіне берілгенін жөн санайды. Ал ко­митетке өз кезегінде техникалық қа­дағалау ұйымдарын аккредиттеу және тех­ни­ка­лық қадағалау сарапшыларын аттестаттау, сондай-ақ жол құрылысын жүргізу кезінде техникалық қадағалау қызметіне қатысты әкімшілік шаралар қолдану құқығы берілуі керек дейді.