Пікір • 20 Қыркүйек, 2023

Болашаққа бағыт-бағдар береді

143 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президенттің Жолдауында көңілге бірден қона кеткен мәселелерге тоқталар болсам, ең алдымен ауыл-аймақты дамыту мақсатында қолға алынғалы отырған бастамалар ұнады. Оның ішінде жергілікті биліктің әлеуетін арттырып, өз проблемаларын өздері жедел шешетіндей бюджет қа­рас­тыру жөніндегі тұжырымы – бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі.

Болашаққа бағыт-бағдар береді

Жалпы, қоғам алға жылжу үшін оған қозғау салатын күш керек. Жолдау сол күштің рөлін атқарып, жаңа бағдарламаға жол ашып, болашаққа бағыт-бағдар береді. Тек оны тиімді пайдалану әркімнің іскерлік қабілетіне байланысты. Мемлекет басшысы, мәселен, ұлттық бизнестің әлеуетін арттыру керек дегенді осымен бірнеше рет айтты. Шын мәнінде, бүгінгі қоғам үшін бизнестің әлеуетін арттырудың маңызы зор. Оның қажеттілігін білеміз. Бірақ соны қалай жүзеге асыру керек дегенге келгенде тағы да аяғына жем түскен аттай кібіртіктеп қа­ла­мыз. Себебі бұрынғы жүйеге әбден қалыптасып қалған ескі кадрлармен жаңа жүйе құру мүмкін емес. Президент кадр саясаты мәселесін де орынды қозғады. Міне, осы айтылған мәселелер қалай жүзеге асады екен деп қарап отырмай, оның ертерек іс жүзіне аса беруіне баршамыз бір кісідей атсалыссақ алынбайтын асу, бағындырмайтын белес болмайды.

Сондай-ақ бұл Жолдауды мақта­шылардың пайдасына шешілді десек болады. Дарбаза–Мақтаарал те­мір­жо­лын салу – көптен бері айтылып жүрген мәселе. Президент Жол­да­уында бұл мәселеге де назар аударылды.

Су ресурстары және ирригация минис­трлігін құру жөніндегі шеші­мі айрықша қолдауға тұрарлық. Өйт­кені суды тіршілік көзі дейтін бол­сақ, соңғы кездері бұл мәселе күн тәр­тібінде өткір тұр. Тіршілік көзін тиімді пайдаланудың маңызы зор. Мен өзім ауыл шаруашылығы маманы бол­ған­дық­тан, Жолдаудағы игі бастамаларды рет-ретімен саралап көрейін.

Бірінші, бізге келетін ағын су 3 мемлекеттен өтіп келетінін ескерсек, Су ресурстары және иррига­ция министрлігі ауадай қажет. Су­сыз өнім де, өмір де жоқ. Тек көр­шілермен ұтылмайтын мәмілеге келіп, дипломатиялық келіссөздерді байыпты жүргізген жөн. Бұл саланың министрі бірінші кезекте дипломат болуы керек. Ішкі жағдайды реттеп, сала мамандары арқылы арналарды, арық-атыздарды, қатаң бақылауда ұстауы керек.

Екінші, Дарбаза–Мақтаарал темір­жолы. Түркістан облысының қиыр­дағы Мырзашөл аймағындағы «ақ алтынды» Мақтаарал ауданына теміржолдың баруы тек қарым-қатынас үшін ғана емес, шекарада қалып қойған ауыл-аймақтар үшін де, елімізді көкөніспен қамтамасыз етіп отырған аймақтар үшін де страте­гия­лық тұрғыдан өте маңызды. Әрі арзандау болар еді. «Кеңесіп пішкен тон келте болмаса керек»...

Үшінші, отандық өнім өндіруші­лер­ді қолдау. Осы мәселемен екі мы­ңыншы жылдан бері айналысып келеміз. Неше түрлі қитұрқы әрекет­тердің куәсіміз. Біріншіден, сатып алушылардың «берсең де бер бес теңге, бермесең де бер бес теңге» деген қылығы диқандарды қажытып бітті. Өнім өндірушілер өнімі піскен соң солардың айтқан бағасына өткізуге мәжбүр. Егістігіңді суаратын ағын су өте қымбат. Амал жоқ, айтқан ақ­ша­сын төлеп аласың. Монополияға қарсы агенттік қызметкерлері бұл тұр­ғыда бейтарап қалып ұстанады, «сен тимесең, мен тимен» дейді. Сонда диқандардың құқығын кім қорғайды? Енді Жолдаудағы «отандық өнім өнді­ру­шілерді қолдау» бағдарламасын оқып, біздің де күніміз туды деп қуа­нып отырмыз.

 

Тұрғанбек ҚАНАЕВ,

«Ақорда» шаруа

қожалығының төрағасы

 

Түркістан облысы,

Шардара ауданы