Рухани кеш Қуат Құрмансейіттің «Ұлытаулық ұрандар» атты өлеңімен ашылды. Ұлытау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Данагүл Байзаққызы қос қаламгердің қазақ әдебиеті мен руханиятындағы орнына тоқталды.
Кеш қонақтары Ұлытау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов, Жезқазған қаласының құрметті азаматы Рақыш Нәшкенқызы, белгілі ақын Ғазиз Ештанаев Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжановтың өмірі мен шығармашылығы жайында тағылымды ойларымен бөлісті.
Баубек пен Мұқанның жазған хаттарын №8 гимназия мектебінің 10-сынып оқушылары Нұржігіт Айып пен Айдын Жүсіпов нақышына келтіріп оқыды.
Жезқазған музыкалық колледжінің студенттері Ерден Шакарман «Өз жерім менің» атты авторлық әнін орындаса, Сыйлас Амандықов пен Батыржан Ильясов «Адай» күйін тартып, көрерменнің қошеметіне бөленді.
Тайжан Қалмағамбетов атындағы филармонияның әншілері Мәди Ардақұлы «Қазағым-ай», Еламан Зәйни «Ұлытау» әндерін кәсіби шеберлікпен орындады.
«Ерлік пен елдіктің қос жұлдызы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітап сүйер оқырман қос қаламгердің өмірі мен еңбектеріне қызығушылық танытты.