Таным • 19 Қыркүйек, 2023

Біліктілігі ерен қайраткер

378 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Қазақ мекендеген Түркістан аймағынан немесе сонымен шектес өңірден шығып, түркі және ұлт бірлігіне қызмет еткен тұлғалар аз емес. Олардың есімі қазір көпке мәшһүр: Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Жалау Мыңбайұлы, Сейітқали Меңдешұлы, Мұхамеджан Тынышпайұлы, Әзімхан Кенесарин, Серәлі Лапин, Нәзір Төреқұлұлы, Серікбай Ақайұлы, Дінше Әділұлы, Санжар Аспандиярұлы, Молдағали Жолдыбайұлы, Телжан Шонанұлы т.б. Осы қатардағы айтулы тұлға – Мырза Наурызбайұлы. Ол 20-жылдары Бұхара республикасы үкімет төрағасының орынбасары деңгейіне көтерілген. Кеңес билеген Қазақстан мен Түркістандағы Алаш зиялыларымен жақсы қарым-қатынаста болған.

Біліктілігі ерен қайраткер

Бұхарадағы Мырзаның беде­лі мен ресми қызметі архив құжат­тарымен кей­де сәйкесіп, кейде сәй­кеспей де жата­ды. Ресми де­рек­те ол 1921-1922 жылда­ры Бұ­хара үкіметінде іс жүргізуші, 1922-1924 жылдары орталық қазақ бөлі­мінің меңгерушісі әрі Орталық атқару коми­теті төралқасының мү­шесі, 1924-1925 жылдары Жер-орман ұйымдастыру бюро­сы­ның төрағасы. Бірақ өңір халқы М.Наурызбайұлын «Бұхара үкіме­ті бас­шы­сының орынбасары» деп қабылдап, мақ­тан тұт­қан. Былайша айтқанда, ол қазақ диас­порасының үкіметтегі бірден-бір өкілі еді. Алаш тұлғасы Хайретдин Болған­бай НКВД тергеушілері сұрағына қайтарған бір жауабында: «Біз Бұхара республикасы наркомпрос өкілдеріне жолықтық. Олардың біразын Ташкентте бірге оқыған курстан білетінмін. Негізі, мені Түркістан наркомпросы осы өңірде тұратын қазақтардың жағдайын біліп келуге жұмсаған», – дейді. Бұл деректің астарында Мырза бастаған оқығандар тұрғаны сөзсіз.

ап

М.Наурызбайұлы 1900 жылы қазіргі Түркістан облысы Қызыл­құм жеріндегі № 13 ауылда туған. Ауыл моласынан хат танып, мұ­сыл­манша мектеп бітірген соң, екі жыл Самарқанд орыс-түзем учи­ли­щесінде оқиды. Бұл уақытта мектеп-мед­реселер жаңару яғни жәдитшіл бағытында болғаны мәлім. Бұхараның жаңа заманға сай өзгерістерінің басында Мұхиддин Мансұров, Файзолла Ходжаев, Ұсман Ходжаев, Абдурауф Фитрат бастаған тұлғалар мен «Жас бұ­хара­лық­тар» қозғалысы тұрды.

Қызыл әскердің Бұхараға ке­луі, өзде­рінше айтсақ, «Бұхара­ны бағынды­руы» өңірдің қо­ғам­­дық-саяси дамуын күрт өзгерт­­ті. Большевизмге қарсы Орта­лық Азиядағы бас көтеруді (бұ­рын «бас­­машылық» делінді) жүйе­лен­ді­руге ауыр соққы берілді.

авп

Міне, осы тұстағы Мырза Нау­рызбай­ұлы өмірбаянында бірнеше «ақтаңдақ» бар. Әрине, ол ресми ғұмырбаянында Бұхарадағы жоғары лауазымды саяси қызме­тін т.б. саяси істерін саналы түр­де айналып өтеді. Мұның ас­та­рын­­да М.Наурызбайұлы және басқа да Бұхара халық рес­пуб­ликасының басшылары больше­визмді қабылдамағаны мен рес­ми-бейресми кездесулер т.б. тұр. Мы­са­­лы, башқұрттың эмиграцияға кеткен қай­раткері Зәки Уәлиди Түркістан кеңестік республикасы басшыларының бірі Тұрар Рысқұлұлы өзі басмашылармен келіссөз жүргізген (Тоган З.В. Воспоминания.Москва: ти­погра­фия №12, 1997). Неге? Байып­ты, салиқалы қайраткер елін­де, өңірінде болып жатқан оқиғалар­дың бәріне жіті қарап, жан-жақты бағалап, алысты болжап, шешім шығарады. Әлемнің саяси тарихы осындай.

Айтқандайын, З.У.Тоған есте­лі­гінде әйгілі османлы тұлғасы Әнуар пашаның 1921 жылдың ортасында Бұхараға келгені, көмек­шісі қазақ ұлтынан болғаны, сон­дай-ақ басмашылар арасында Ақмоладан барған кәсіби офицер (Мәскеуде оқыған) Қалқаман атты азаматтың жүргені жазылады...

Түрік генералы Бұхараға әу баста қызыл Мәскеудің «батасымен» басма­шыларды большевик жағына тарту үшін келсе де, көп уақыт өтпей қандас-діндес­терінің көшбасшысына айналады. Сол тарапқа Мырзаның басшысы – ОАК төрағасы Ұсманқожа Полатқожаев та, әскери министр Абдулхамид Арифов та, бірінші Бұхара армиясы қолбасшысы М.Құлмұхамедов те өтеді. 1922 жылы Әнуар паша әскері Бұхараның өзін және көп аумағын бағындырады...

Біздіңше, Мырза Наурызбайұлы осы оқиғалардың бәрінен хабардар еді. Оның 1924 жылғы әйгілі «Орта Азия мен Қазақ­станды межелеу» тарихи шарасына Бұхара халық республикасы атынан 5 бас­шының бірі ретінде қатысуы – елеулі тарихи факт.

Сонымен, ХХ ғасыр басындағы Түр­кістан өлкесі мен Бұхара ха­лық рес­публикасындағы Мырза Наурызбай­ұлының қоғамдық-саяси қызметін былайша тұжырым­даймыз:

Біріншіден, М.Наурызбайұлы жәдитше оқып, орысша сапалы орта білім алған көзі ашық азамат ретінде Бұхарадағы қазақ ұлтының жоқтаушысы бола білді.

Екіншіден, заманында озық ойлы «Жас бұқаралықтар» ұйы­мы жұмысына қатысып, саяси-танымдық деңгейін көтерді, Орта­лық Азиядағы түркі жастары қо­ғамдық серпілісінің ішінде жүрді.

Үшіншіден, еңбегімен, таны­мал­ды­ғымен Бұхара халық республикасы үкіметі басшыларының бірі деңгейіне көтеріліп, өз тұсын­дағы мемлекеттік шаралардың қақ ортасынан табылды.

Төртіншіден, бүгінгі тәуелсіз Қазақ­стан­ның шекарасына негіз болған межелеу саясатының әді­летті, тарихи-ұлттық қағидатқа сай жүргізілуіне аянбай тер төкті (осы дерекке қатысты тарихи сурет газетімізде алғаш рет жарияланып отыр). Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғалып, ұрпаққа аманатталған ел һәм жер тұтастығын сақтауда қайраткердің лайықты орны бар.

Енді қайраткердің елмен байланысына келейік. Қазақстан мен одан тысқары жерлердегі қазақ жұртына кең тарайтын ресми өлкелік партия комитетінің үні «Еңбекшіл қазақ» газетінде 1924 жылы жарияланған Бұхара­дағы алаш жұртының хәлі туралы мақа­ла­лары. Олар: «Бұхара қазақ­тары» (№ 183), «Бұхара қазақ­та­рының хәлі» (№ 207), «Бұхара қазақтарының хәлі һәм алдағы істің пыланы» (№ 224), «Тағы да Бұхара қазақтары туралы» (№ 236). Сонымен бірге осы басылымдағы «Рахым» атымен жарық көрген «Бұ­­хара қазақтарының хәлі» (№ 196), «Орта Азияны ұлт рес­пуб­­­ли­каларына айыру һәм екі мем­ле­кет­ті қосып алу мәселесі» (№ 231) атты материалдарда да М.Нау­­рыз­байұлы мәліметтері пай­­да­­ла­нылған деп санаймыз.

Сондай-ақ 1924 жылы 12-17 маусым аралығында Орынборда өткен тұңғыш Білімпаздар съезіне Бұхара мен Хорезм қазақтары атынан қатысып, сөз сөйлейді, ұсыныс беріп, жиын қаулысын жүйелеуге атсалысады.

Тұңғыш Білімпаздар съезі – педагогика, психология, филология (лингвистика, әдебиеттану), фольклористика, мәдениеттану, тарихтану сынды отандық гумани­тарлық ғылымдардың бастауында тұрған, осы салаларға ізашар болған жиын.

Тарихи съез басында Қазақстан Орта­лық комитеті мен оқу комиссариаты атынан – Н.Зәлиұлы, Қазақстан аймақтық партия ко­ми­теті мен халық комиссарлары кеңесінен – А.Кенжеұлы, Түр­кіс­тан оқу комиссариатынан – И.Ара­байұлы, Жалпыресейлік кәсіп­шілер кеңестері ұйымының Қазақ­стан бөлімінен – М.Саматұлы, Ай­мақтық оқытушылар курсынан – Ырысбайұлы, Қазақстан ор­талық білім кіндігінен – Лебе­дев, Башқұрт өкіметінен – Ибра­һим­ұлы, Бұхарадағы қазақтардан – М.Наурызбайұлы мінберге шығып, ілтипат-лебізін жеткізеді.

Мырза осы алқалы жиында сарт өлкесіне таман тұратын қазақ­тардың этнос ретінде құрып бара жатқанын жаны шырқырап айтады. Ол: «Қазір Бұхара өлкесінде жарты миллион қазақ бар. Оларды бұл уақытқа дейін сарттар езіп келді. Жарты миллион қазақ сарттармен араласып отыр. Солар өздерінің қазақ екенін жасырады. Бүкіл Бұхара, Хорезм бойынша кеңес қызметіне 2-ақ қазақ алынып отыр», – деп мысал ретінде әрі қарай сөзін таза өзбек тілінде жалғастырып, сиез уәкілдерінің «жағасын ұстатады».

Жиын барысында емлеге, әліп­биге, пән сөздеріне (терминология), ел әдебиетін жинап, жүйелеуге, оқулықтар әзірлеп бастыртуға, аудармаға т.б. қатысты қадау-қа­­дау ойлар, пікірлер айтылып, орайы­­­­мен қаулылар қа­был­данады. Қай­­­рат­кер Мырза Нау­рызбайұлы көтер­ген және ше­шуге атсалысқан шет­тегі қазақ­тарды ағарту жайы да аса ыжда­ғатпен талқыланады.

Білімпаздар съезі күн тәртібін бекітетін бірінші күнгі жиналыста Бұхарадан келген қайраткердің ұсынысы қаралатын мәселелердің қатарына «Қазақстан республикасынан тыс жүрген қазақтарды ағарту, ана тілінде оқыту шараларын белгілеу» делінген бап енеді.

Жиында «Қазақстан мен Түр­кістаннан сыртқары қазақ халқын ағарту туралы» деген тақырыпта Міржақып Дулатұлы баяндама жасады. Мұнда жер ыңғайына қарай республикадан алыс отырған қазақтар халінің дұрыс болуы, оқу мен өнерінің артуы өздеріне байланысты емес, мұндағы үкіметке байланысты екені сөз етіледі. Үкімет қазақтармен қатынасты реттеп, оларды ағарту үшін мамандар даярлап жіберуге мүдделі болуға тиісті делінеді.

М.Дулатұлы сөзінен соң шы­ғып сөй­леген шешендердің ле­бізін жинақтай отырып бұл күнгі мәжіліс төрағасы А.Байтұрсынұлы Қазақстан облыстық ортақшыл комитеті мен халық ағарту комиссариатына өтініш ету үшін уәкілдерге мынандай (М.Наурызбайұлының сұранымына сәйкес) ұсыныстар жасайды: «1.Бұхара, Хиуа қазақта­рына қазақ оқытушыларын, өсиет­шілерін жіберу. 2.Қазақстанда ашылған мектептерден олардың шәкірттеріне стипендия ашып, орын арнап қою».

Осы екі ұсынысты уәкілдер толық қабылдағаннан кейін, М.Нау­­­рыз­байұлы шығып: «Арнау­лы ко­­­миссия құрылуға тиіс», – деп ой айтады. Мұны Х.Досмұха­мед­­ұлы қолдайды. Нәтижесінде, үшін­ші ұсыныс мақұлданады. Онда. «Бұхара, Хиуа қазақтарын ара­лап, хал-жайын, тілін, ағарту жұмы­сын жөнге салатын бір комис­сия жасалсын. Комиссияға кіре­тіндер: Қазақстан халық ағарту комиссариатынан – біреу, Бұхара қазақтарынан – біреу, Хиуа қазақ­тарынан – біреу» делініп жазылады. Комисия жұмысы төңірегіндегі ақпар мен есепті Қазақстан халық ағарту комиссариатына беруге міндеттелді.

Білімпаздар съезіне қатысты М.Нау­рыз­бай­ұлының тарихи қыз­метін былайша бағалаймыз:

Біріншіден, Мырзаның санаулы ғана адамдардың ішінде қазақтың тұңғыш ғылым жиынына шақырылуы оның қай­рат­керлік қана емес, зиялылық (парасат иесі, өлкесіне абыройлы азамат) беделін көрсетеді.

Екіншіден, съездегі қайраткер­дің баяндамасы, жарыссөзге шы­ғуы, ұсыныс беруі оның білік­ті­лігін, жауапкершілігін, батылды­ғын айқындайды.

Үшіншіден, тарихи съездің барысын­да­ғы, алды-артындағы оқи­ғалар М.Наурыз­байұлының көр­нек­ті Алаш зиялыларымен ты­ғыз байланыста болғанын аңғар­тады.

Осы ретте республикалық бас­ты газет – «Еңбекшіл қазақта» жа­рияланған мақалалары қайраткер­дің ұлт тағдырына байланысты ойының деңгейін айқындай түседі.

Айталық, Бұхара қазағының тарихи жолы туралы былай дейді: «Бұл қазақтар мұнан 143 жыл бұрын келіп орныққан. Бірақ Қы­зыл­жар, Есіл дария жағынан көшіп келгенін, түбінің қазақ екенін аздап біледі. Бұлардың көбі найман, қаңлы, тама, қыпшақ болады». Әлгі межені есептеп жіберсек, 1781 жыл шығады.

Жоғарыда жалпы Бұхара халқы құра­мының бүгінгі ресми деректерде жүрген «қазақсыз» кейпін келтірдік. Бұған байланысты Мыр­за: «Бұхара республикасының қарамағында 375 мың қазақ бар. Бірақ айтуға ғана болмаса, іс жүзін­де барлық Бұхар топырағында жасаған 3 миллион халықтың 8-ден бірі болып сыбағалы еншісін ала алмаған халық» деп жазады.

Мәселені шешу үшін М.Нау­рыз­байұлы Бұхарада қазақ облысын ашып, оған Қазақстан мен Түр­кістаннан ұлт маманда­рын шақы­рып, білім жүйесі мен би­лік жүйесін елдік мүддеге сай құ­рып, дамытуды ұсынады. Осы ар­қылы Орталық Азиядағы межелеу­дің қиындығы мен күрде­лілігін мең­зейді. Қайрат­кердің мақа­лала­рында «өзбек болып кет­кен­дер­ді қазақ қылу» деген бүгінгі оқыр­ман­ды селт еткізетін ой айтылады...

Мырза бас газет жүзінде бөліс­кен бір материалында Ауғанстан шекарасына таман отырған қазақ­тарды большевиктерден қашқан Бұхара әмірі «әскерге бір жегіп» қинағанын, ал кейін «қызылдар» сол үшін олардың бар мал-мүлкін тартып алып қаңғыртқанын жазады.

Баспасөз мақалаларынан шыға­тын қорытынды: а) қайраткер боль­шевиктік өкіметтің әлеуметтік және ұлттық теңдік ұранымен жүргізіп отырған саясатының кере­ғар жайын көрсеткен; ә) жаңа саяси биліктің жергілікті жерлердегі бұрмалаушылықтарын сипаттаған; б) Ресей отаршылдығы мен әлем­дік империализмнің құрбаны болған Бұхараның қилы тағдырын баяндаған; в) қиырдағы қазақ этносының тіршілік үшін күресі, үлкен саясаттың диірменіне түсуі әуезеленеді; г) бүгінгі тілмен айтқанда, диаспораны саяси және рухани басқару, дамыту мәселелері қарастырылады.

Тұтастай алғанда, М.Наурыз­бай­ұлының 20-жылдары БАҚ-та жарық көрген материалдары – қай­раткер өмір сүрген кезеңнің айна­сы, күрделі уақыттағы ұлт тағды­рының жылнамасы дей аламыз.

Қайраткер – елдің қамын, ұлттың тағды­рын ойлауымен ғана емес, соның жолында күресуімен және нақты істер атқаруымен қайраткер. 1924 жылы 19 тамызда Ұлттық межелеу комиссиясы атынан Лукьянов төрағалық еткен отырыс өтеді. Оған Бұхара респуб­ликасынан Санд­жанов, сондағы қазақ бөлімі атынан Наурызбайұлы қатысады (хатшысы – Фокин). Күн тәртібінде – «Қазақ рес­пуб­­ли­касында тұратын қазақтарға авто­номиялық облыс бөлу туралы» (мәселе де өте қитұрқы құрылған. Орысшасы «О выделении автономную область киргиз, живущих в Кирреспублике»). Сұрақ туады: осы арқылы «қазақ Бұхараға көшіп келген» деп тұр ма? Әлде ... одан да нәзік саяси мәселе ме?

Отырыстың мазмұнына ке­лейік. Санд­жанов айтады: «Бұха­рада бар-жоғы 30 мың қазақ тұра­д­ы» деп. Наурызбайұлы бұған: «Жоқ, 360 мың қазақ тұрады» деп дау айтады. Лукьянов екеуін тексермек болып: «Қазақтар Құрыл­тайға неше делегат жіберуші еді?» деп сұрайды. Санджанов: «5-10 адам ғана» деп азайтып көрсетеді. Наурызбайұлы: «Дұрыс емес, 22 адамға дейін жіберілді» деп нақтылайды. Санджанов: «Өзбек респуб­ликасы ішінде қазақ уалаятын құруға қарсы емеспіз» десе, Наурызбайұлы: «Біз Өзбек республикасы ішінде қазақ автоно­миялық облысын құруды талап етеміз!» деп табандап тұрады.

Ақыр соңында отырыс төраға­сы Лукьянов Санджанов жағына жығылып, уалаятты (аудан мәрте­бесінде) қолдап шы­ғады (Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарих архиві, 62 қор, 2-тізім, 109-іс, 73-парақ). Бірақ тарихта хатталып қалған осы тайталастың өзі Мырза Нау­рызбайұлының ұстанымын, беделін, елшілдігін аңғартады.

«Орманды қорғайтын арыстанды орман да қорғайды» деген сөз бар. Бұхара республикасының ОАК мүшесі Орталық Азиядағы осы мемлекеттік құрылым жойыл­ғаннан соң, 1924-1926 жылдары Орынбордағы жұмысшы фа­­куль­тетін (рабфак) бітіреді. Сі­рә, ол Алаш зиялылары дәріс оқы­­ған Қазақ халыққа білім бе­ру инсти­тутының (КИНО) құ­ры­лымы болса керек. Бұдан соң Қазақстанға келіп, Арыс аудан­дық жер бөлімін басқарады. Рес­ми ғұмырнамасында «1929-1932 жылы Орталық Азия мақ­та-ир­ригация институтында оқып, 4-курста түбіркүлез бо­лып шы­ғып қалдым. 1932-1935 жыл­­да­ры Түркістанда агро­ном, жер бө­лімі басшысы қызме­тін атқар­дым. 1935 жылы Жер хал­комы­ның шешімімен Қырғызстан­ның Жалалабадына агроном-жос­парлаушы болып ауыстым. 1943-1949 жылдары Қырғыз КСР Мем­лекеттік бақылау саласында жауапты қызмет атқардым. 1949-1953 жылдары КСРО Мем­лекеттік бақылау органы Қыр­ғызстан тобында ІІ дәрежелі мем­­лекеттік бақылаушы болдым...» деп жазады. Бұл құжаттың да бір «ақтаңдағы» анық. Ол – 1932 жы­лы институттан амалсыз кетуі. Естеріңізде болса, дәл осы шақта 40-тан аса Алаш қай­раткері НКВД-ның саяси айыбымен біразы атылып, көпшілігі түр­лі мерзімге ке­сіл­ген болатын. Сол тергеу құ­жат­тарында М.Нау­рыз­байұлы есімі та­лай мәрте аталды...

Шымкент мұрағатынан табыл­ған материалдарда «М.Наурыз­байұлының 1929-1930 жылдары Мойын­құм және Түлкібас аудан­дық атқару комитетін басқа­­рып, аяғында партиядан шығары­лып, қыз­меттен алынғаны» көрсе­тілген. Партиядан шығару ісінде «Бұ­харада 1,5 жыл түр­меде отыр­ға­ны, қазақ пен қырғыз жайы­лымдарын үйлестіретін Жайлау коми­теті төрағасының орынбасары болып жүріп қарауындағы мәселеге таптық тұрғыдан қа­рай алмағаны» қылаң береді. Осы­ның өзінде ілгеріде айтқан «өмір­баян құпиясының» (большевизм­ге қарсы Орталық Азия бас көтеруі­мен, Алаш қозғалысымен мүдделес болғаны) астары аңғарылады.

Айталық, 1929 жылы Қазақ­стан­нан Өзбекстанға кету себе­бін – сол уақытта елде Алаш зиялы­­ларының тұтқындала бастауы­мен түсіндіруге болады. Ал, 1937 жылы Қырғызстанға кетуін – 1934-1935 жылы айдаудан келіп, шамасына қа­рай әр жерде жұмыс істей бас­та­ған ұлт тұлғаларының қайта ұс­­та­­лып, қатаң репрессиялануымен (атылуымен) сәйкестендіре аламыз.

Кейде өте тосын салыстырулар жа­сауға тура келеді: қайраткер Мырза Нау­рызбайұлының тағ­дыры – күштеп жойыл­ған Бұха­ра халық республикасының тағды­рына немесе сұраусыз қалып, кісәпір­ліктің шеңгеліне ілінген сол өңірдегі қазақ ұлтының тағдырына ұқсайды...

М.Наурызбайұлы 1953 жылы Оңтүстік Қазақстанға келіп, екі жыл­дай сол кездегі Киров ауданы­ның Фрунзе кеңшарының дирек­торы болған. Бұл – тәубаға келген кеңестік «жылымықтың» бас­тапқы шағы еді. Одан соң Ленин аудандық тұтыну коопера­циясының басшы­лығында қызмет еткен. 1963 жы­лы зейнет демалы­сына шығып, Шар­дара қаласы­на келіп қоныс тепкен. Адам қартай­ған сайын туған жер топы­рағына жақындайды (1978 жылы сол жерде қайтқан). Бір кезде Бұха­раны мекен еткен Мырзаның ағайын­дарынан аман қалғандар немесе олардың ұрпағы кейін ашылған аудандар – Шардара мен Жеті­сайға жиналғанын шамалауға болады.

Құбылып соққан заманның дауыл-бұрқасыны арасында жү­ріп кеш те болса тағдыр жа­рас­тыр­ған қосағы Аманкүл Бер­кім­бай­қызы екеуі Мұратәлі, Ай­жан, Ботагөз, Жансая, Балсая, Ұл­бол­ған, Гауһар­бек есімді ұл-қыз тәрбиелеп, бәрін оқытты. Күйеу балалары ішінде Түркістан өңіріне белгілі тұлға, кезінде Мәскеуге дейінгі биліктің түрлі сатысынан өткен Абдолла Ахметовті, танымал генерал, мұратанушы Ержан Исақұловты ерекше атаған ләзім. Перзенттерінен туған немере-жиен, шөбересі – бір қауым жұрт. Бұлардың арасында тарихқа ынтызар полковниктер – «Айбын» орденінің иегері Қанат пен Бағдат­тың келешегі алда деп ойлаймыз.

Мұндай тәлімді бабаларымыз «Дұрыс қанаттанған түзу ұшар» деп, бірауыз сөзге сыйдырған.

Әрине, Орталық Азияға ортақ тұлға туралы әлі талай зерттеу жазылатынына сенімдіміз. Ойы­мыздың түйіні: қиын кезеңде Мырза Наурызбайұлының қай­раткерлігі мен ақылы шеттегі қазақ диаспорасының мейлінше бүтін сақта­луына әсер етті. Шектес, ағайын­дас елдерде қызмет істеп, мол тәжірибе жинауы 20-жылдары Қазақ­станның шекарасын шегендеуде пайдасын тигізді.