Тұлға • 19 Қыркүйек, 2023

Тұлғаға ескерткіш-белгі қойылды

301 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыда шығыстанушы, дін­танушы, әдебиет зерттеушісі, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Әбсаттар Дербісәлі тұрған үйге ескерткіш-белгі орнатылды. Мазмұнды іс-шараға зиялы қауым өкілдері, отбасы мүшелері, шәкірттері қатысты.

Тұлғаға ескерткіш-белгі қойылды

Суретті түсірген – Юрий Беккер

Жиын барысында ұзақ жылдар білім және ғылым саласында еңбек етіп, өне­гелі із қалдырған айтулы тұлға жөнінде естеліктер айтылды.

2021 жылы 15 шілдеде дүниеден озған академик Ә.Дербісәліге құтты мекен болған Алматы қаласы Әл-Фараби даңғылындағы 47-үй қабырғасына ес­керткіш-белгі орнатылуы игілікті іс дер едік. Мұнда ғалым­ның Отырар даласынан шыққан 33 Әл-Фараби туралы құнды зерттеулері жазылды.

пр

Жиынды ашқан Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасының төраға­сы Наурызбай қажы ғалымның кең мінезімен, терең білімімен, парасатты болмысымен руханият биігінен кө­рі­ніп, еліміздегі ұлтаралық келісім мен дінаралық тату­лықтың өркен жаюына өлшеусіз үлес қос­қанын, жа­ма­ғатты иман жолына ша­қыруда айт­қан ақыл сөздері – ешқашан тозбас рухани қазына болып, халқының жадында мәңгілік сақталатынын айтты. «Ғұмырын ғылым мен білімге, діни ағарту саласына арнаған Әбсаттар қажы Бағысбайұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын басқарған 10 жылдан астам уақыт аралығында мүфтияттың оқу-ағарту саласын жаңа деңгейге кө­терді. Оның қаламынан туған ғылыми еңбектер мен ғибратты шығармалар өз оқыр­мандарын ізгілік пен ізденіске, иман­­дылық пен адамгершілікке үндей беретіні сөзсіз», деді Бас мүфти.

Осы жиынға қатысқан ғалым Мансұр Зұлхайыров Ә.Дербісәлі қайраткерлігін саралап, Әл-Фара­би атындағы ҚазҰУ-де араб бөлімі мен шығыс тілдер кафедрасын және шығыс­тану факульте­тін ұйымдастырып, оның тұңғыш мең­ге­рушісі әрі деканы болғанын еске түсірді. «Оның бас­шылығымен республика­мыз­да тұңғыш рет урду, парсы, түрік, қытай, жапон, корей тілдері мен әдебиеті мамандықтары бойынша кафедралар ұйымдасты­рыл­ды. Сөйтіп, республика өте зәру шы­ғыс­­тану саласының ұлттық ма­ман­дарын даярлауға белсене атсалысты. Әб­саттар Дербісәлі қаламынан араб тілі мен әдебиеті, тарихы мен мәдениеті және қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірлері мен мәдениетінің мәселелері, Шығыс мұсылман елдерімен рухани байланыс, ол жұрттың ой дүниесі мен Ислам тарихы, қасиетті Құран, Пайғамбарымыздың хадис-шәріптері туралы 600-ден аса мән-маңызы жоғары ғылыми және ғы­лыми-көпшілік еңбектер туған. Араб­тілді Марокко әдебиетінің тұтас тарихын жазып шықты. Ол тек КСРО ғана емес, сол елдің өзінде де жазылған жоқ еді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен ондағы құлпытастардағы жазуларды ана тілімізге аударып, зерттеді. Шығармаларын араб, парсы, шағатай тілдерінде туындат­қан, еңбектері әлем кітапханалары мен қолжазба қорларына шашырап кеткен даламыздың X-XVIII ғасырларда өмір сүрген Әбу-л Қасым әл-Фараби, Исмайыл әл-Жау­һари әл-Фараби, Әбу Ибраһим Ыс­қақ әл-Фараби, Бурһанад-Дин Ахмад әл-Фараби, Махмұт әл-Фараби, үш Кер­дери, үш Сайрами (Исфиджаби), жеті Түркістани, 31 Тарази, Байлақ Қыпшақи, Хасан Әли Жалайыри, Гийас ад-Дин Женди, Хусам ад-Дин Сығнақи тәрізді 100-ге жуық ғалым-ойшылдарын тауып, еңбектерін ғылыми айналымға енгізді» деді ол.

Салтанатты жиында марқұмның жұбайы, артында қалған мұрасының шырақшысы Рафия Дербісәлі осы іс-шараны ұйымдас­тыр­ған Алматы қаласының әкімдігіне риза­шылығын білдіре келіп, «Бүгін отбасымыз­да қуанышты, тарихи оқиға бо­лып жатыр. Әбекеңе арнап ескерткіш-белгі орнатылды. Әбекеңнің өмірі – елдікі, халық­тікі, өлімі ғана өзінікі болды. Жас күнінен бастап өмірін ғылымға арнады. Көзі тірісінде еңбектері арқылы өзіне ескертк­іш орнатып кетті. Қазақ арасына ислам­ның халыққа жақын классикалық түрін қалыптастырды, исламды жат ағым­­дардан арашалап алуға көп еңбек сіңір­ді. Ойламаған жерден кетіп қалды. Ойға ал­ған жоспарлары көп еді. Ендігісі – шәкірт­те­ріне аманат десе, әріптестері мен шәкірттері ға­лым­ның ерен еңбегі жөнінде естеліктерін жеткізді.

 

АЛМАТЫ