Облыс жастарының заманауи құзыреттіліктері мен қабілеттерін арттыру, олардың тұлғалық қалыптасуын шыңдау, еліміздегі жастар саясатын жетілдіру мәселелері мен мүмкіндіктерін талқылау, республикалық, өңірлік бағдарламаларды іске асыруға жастардың қатысу деңгейін өсіру, бір сөзбен айтқанда, жастардың дүниетанымын кеңейтумен қатар саламатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен лагерь жұмысына Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, облыстық әкімдік өкілдері, республикалық, облыстық деңгейдегі тренерлер, қоғамдық пікір көшбасшылары, әртүрлі деңгейдегі депутаттар, бизнес, БАҚ өкілдері қатысты.
Лагерьдің салтанатты ашылуынан соң жастар «Жастар және кәсіпкерлік», «Бизнеске алғашқы қадам», «Жастарға арналған бизнес-идеялар» деген тақырыптар бойынша пікір алмасты.
Ұлытауға келіп тұрып, Әулиетауға көтерілмеуге бола ма? Жастар тау биігіне шығып, әсем табиғатты биіктен тамашалап, кешкілік алау жанында бас қосты. Әдемі әндер шырқалды, көңілді «Жайдарман» ойыны ойналды.
Лагерьдің соңғы күнінде Жошыхан кешені мен Домбауыл кесенесіне экскурсия жасалды. Сондай-ақ қатысушылардың барлығына сертификаттар тапсырылды.
Ұлытау облысы