Саясат • 14 Маусым, 2023

Инфлюенсер ұғымы: жанкештілік пен жауапкершілік

1918 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазір онлайн-платформа нарығының дәурені жүріп тұр. Қаржы сарапшылары мұнда шамамен триллиондаған қаражат айналымда жүргенін айтады. Жарнаманың 60 пайызы интернет желісіне тиесілі. Бұл сала, әсіресе, COVID-19 пандемиясы кезінде қарқын алды.

Инфлюенсер ұғымы: жанкештілік пен жауапкершілік

Есесіне әлеуметтік желідегі танымал адам­дар­дың жарнамасына сеніп, миллиондаған қаржысынан айырылып қалғандар көп болды. Осыдан кейін Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігі мен Парламент депутаттары онлайн-жарнама арқылы пайда табатындар да заң алдында жауапкершілікті сезі­ніп, салық төлеулері қажет екенін алға тартты. Заң жобасы әзірленіп, Мәжіліс қарауына жіберілгеннен кейін құжат бірден қабылданды.

Интернет-жарнаманың әлем­дік экономикадағы қарқыны күн­нен-күнге артып келеді. «eMarketer» мәліметтеріне сүйен­сек, жыл сайын интернет-жар­намаға әлемдік шығын орта есеппен 15 пайызға өсіп келеді, ал 2025 жылы өсім 2020 жыл­мен салыстырғанда 100 пайыз­дан асады деп болжанып отыр. Мәселен, 2021 жылы интернет желісінде тауарларды ілге­рілетуге 491,7 миллиард АҚШ доллары жұмсалған. Қазақстан да бұдан шет қалмайды және интер­неттің отандық сегментінде бар­лық негізгі көрсеткіштің өсуі бай­қалады. Ал елімізде олардың жұмыс істеуі үшін заңнамалық негіз тиісті түрде әлі қалыптастырылмаған.

Осы орайда Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігі интернет-жар­нама жә­не онлайн платфор­малар туралы заң­намалық негіз­дерді реттеуге бағытталған жаңа заң әзірлеуді ұсын­ды. Министрліктің мәліметінше, пай­да­ланушылардың өзара жә­не онлайн-платформалар әкімші­лігімен өзара іс-қимылы бөлігінде бірқатар көлеңкелі сызба бар.

«Кейінгі жылдары отандық контент тек Қазақстанда емес, ТМД кеңістігінде де танымал болып келеді. Сонымен қатар медиакеңістіктегі белсенді өзге­ріп жатқан жағдайға,   ақ­парат көлемінің үнемі өсуіне қа­рамастан, дәстүрлі медианы қолдау және қорғау қажеттілігі туындайды», деп түсіндірді министрлік өкілдері.

Осылайша, министрліктің ұсын­ған «Онлайн платформалар» және «онлайн-жарнама туралы» заң жоба­сы бо­йынша жұмысты 7 депутат жүр­гізді. Аталған заң жобасына жетек­шілік еткен депутат, Мәжілістің Ха­­лық­­­ара­лық істер, қорғаныс және қауіп­­­сіздік комитетінің хатшы­сы Айдос Сарымның айтуын­ша, заңды әзір­­леудегі мақсат – онлайн платформаларды пайда­ланушылардың заңды құқық­тары мен мүдделерін қорғау.

«Азаматтар интернетте де құқық­тарының қорғалуын талап етеді. Олар өздерінің артында мықты мем­лекет тұрғанын айқын сезінуге тиіс. Біз қараған заң әлеуметтік же­ліні бұғаттауды немесе біреудің құқы­ғын шек­теуді көздемейді. Екі жыл бұ­рын кибербуллинг туралы заң қабыл­дан­ғанда да біраз алаң­даушылық болған. Бірақ бұл заңның өміршеңдігі мен қажет­тілігін өмірдің өзі дәлелдеп берді», деді депутат.

Заң жобасында алдымен «онлайн платформаны пайдаланушы» және «инфлюенсер (блогер)» ұғымдары енгізіліп, олардың құқық­тары мен міндет­тері белгіленді. Анықтама бере кетсек, инфлюенсер – әлеуметтік қолдауға ие, сол арқылы ақша та­уып жатқан және қоғамдық пікірдің қалыптасуына ықпал ете алатын адам­дар. Қазір олар­дың басым бөлігі өздерінің танымалдылығын пайдаланып, тауар сатумен айналысады. Ал ол үшін салық төлемейді.

Депутат Айдос Сарымның айтуынша, онлайн платфор­ма­лар­дың иелері қолданылып жүрген заңна­мадағы олқылықты пайдаланып, салық төлеу­ден жалтарып жүр.

«Біз барлығымыз салық тө­лей­міз, ал интернетте миллиондап ақша жинап жатқан азаматтар мемлекеттік қазынаға бір теңге де құймайды. Осы се­беп­ті блогер-инфлюенсер деген ұғымды енгізіп отырмыз. Жарнаманың сан алуан түрін заңмен бекіттік, алдағы уақытта мұның барлығы да Кәсіпкерлік кодекске, Салық кодексіне енеді. Көлеңкелі экономикада жүрген дүниенің барлығын ашық алаңға шығару, мемлекеттің қазынасын толтыруға пайдалану қажет деп есептейміз», деді заң жобасын Мәжілісте таныстырған А.Сарым.

Инфлюенсермен бірге көп­теген жаңа ұғым пайда болды. Нативті жар­нама, таргеттел­ген жарнама, яғни нақты мақ­са­ты бар жарнамалардың барлы­ғы­на қатысты арнайы баптар енгі­зілген. Осының негізінде мем­лекеттік органдар тиісті топтармен, мүдделі ұйымдармен жұмыс істейді.

Құқық қорғау органдарының мә­­ліметіне қарасақ, өткен жылы интер­­нетте жалған ақпарат тарату оқи­­ға­­ла­рына қатысты 5,5 мыңнан ас­там қылмыс жасалған. Сонымен қа­­­тар қазір кейбір азамат халық­тан млрд-таған қаражатты қайы­рым­дылыққа жинап жата­ды. Ал қар­жының қайда кетке­нін ешкім есеп­темейді, салық та төленбейді. Осы орайда жаңартылған заңда онлайн-плат­формаларда жалған ақпаратты орналастыруға және таратуға тыйым салынады. Онда қасақана емес, абайсызда таратылған ақ­парат үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Ал егер мұндай әре­­кет қайталанса, айыппұл кө­лемі еселенеді. Мұндай жауап­кер­­шілік заңды тұлғаларға да қатысты.

Алайда жалған ақпарат түсі­ні­гі­нің аясы кең. Депутат Нар­тай Сәр­сен­ғалиевтің айтуынша, қазір әлеу­меттік желілерде шенеуніктерге, түрлі дең­гейдегі мемлекеттік қызмет­кер­ге қа­тыс­ты сын-пікірлер, комментарий, пост­тар жиі жазылады.

«Ертеңгі күні соның барлығы да жалған ақпарат деген ұғымның ішіне еніп кетпей ме? Аталған заң жобасындағы жаңалықтар сөз бос­тандығы қағидаттарын, азамат­тардың еркін ақпарат алу тарату құқықтарын шектеп тастамай ма?», дейді депутат.

Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі заң алдында бәрі бірдей деген пікірін айтты. «Шенеунік те, азамат та, инфлюен­сер де, желі қолданушысы да заң үстем­дігі алдында бәрі бірдей. Екіншіден, бізде сөз бостандығына кепілдік беріл­ген. Сондықтан бұның барлығы Конституциямызға қайшы кел­мейді. Үшіншіден, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жы­рым­дамасын жүзеге асыру үшін сын болу керек. Бірақ сын шын болу керек. Егер ол жалаға құрылса, онда сотқа жүгіне ала­ды. Біз жалған мен жаланың ара­жігін ажырата білуіміз керек», деді министр.

Енді интернеттен пайда тауып отырғандар салықтан жалтарып кет­пейді, өйткені заңда көрсетілгендей егер салық төле­мейтін жағдайлар болса, интернет платформа иесі тиісті мем­лекеттік органдар алдында жауап береді. Сондай-ақ онлайн платформаларда құқыққа қайшы контент анықталған жағдайда оның заңды өкіліне ақпаратты жою қажеттігі туралы хабарлама жіберіледі. Егер бұл талап орындалмаса, онда уәкілетті орган онлайн-платформаның қызметін шектеуге құқылы.

Сонымен қатар онлайн плат­фор­маның, мәселен әлеуметтік желідегі белгілі бір парақшаны қолданушылар саны асқан соң, парақша иесі бірқатар мәселеге жауапты болады. Соның бірі – мем­лекеттік тілді қолдануға қа­тысты.

«Интернетте осы ресурсты пай­да­ланушылардың санын анық­тау үшін бағдарламаны орна­ту және уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасайтын өзі­нің заңды өкілін тағайындау жөнін­дегі талап белгіленді. Сондай-ақ кез келген әлеуметтік желінің контенті орыс тілінде жазылып, испан тіліне ауда­рылса, қазақ тіліне де солай аударылуға тиіс. Қазақ тілінде заңсыз контент болса, өздері модерация жасай алуы керек. Яғни қазақша білетін маман болуы қажет», деді депутат А.Сарым.

Бұдан бөлек заңда онлайн платформаларды пайдаланушыларға па­рақ­шаларында орналастырылатын онлайн-жар­наманы таңбалау, сон­дай-ақ өз қызметін міндетті түрде кәсіп­­керлік заңнамаға сәйкес жүр­гізу мін­деттемелері де қарас­ты­рылған.

Айтпақшы, «Онлайн плат­форма­лар және онлайн-жарнама туралы» заң жобасын мәжі­лісмендер ТМД елдері ара­сын­да алғаш болып талқылап, бе­кіт­­ті. Ал мұндай заң нормалары Еуро­одақ мемлекеттерінде бұ­рын­нан қолданылады.

 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024