Саясат • 11 Маусым, 2023

Геосаяси шиеленіс: Салдары мен шешімі

250 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қазіргі геосаяси тұрақсыздық кезінде «орта державалардың» дипломатиясы қандай? Орта дәліз – Еуразиядағы өзара байланысты қалай нығайтамыз? Әйелдердің көшбасшылығын арттыру мен қолдау қажет пе? Астана халықаралық форумының екінші күнінде сарапшылар жаһандық мәселелерге қатысты осы сұрақтарға кеңінен тоқталып, шешу жолдарын ұсынды.

Геосаяси шиеленіс: Салдары мен шешімі

Орта державалардың мүмкіндігі зор

Форум алаңында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев сөз сөйлеп, әлемдік тәртіптің парадигмасы өзгерген кезең­дегі «орта» мемлекеттердің рөлі туралы баяндады.

Палата спикері алдымен форум негізгі жаһандық проблемаларды бірлесіп шешу үшін халықаралық қоғамдастықты ортақ мақсатқа жұмыл­дыруды көздейтінін атап өтті. Сондай-ақ ол дипломатия мен халықаралық құқық жүйелерінің әл­сі­­реуіне байланысты әлемдік диалог­тің жаңа форматының өзектілігі артып отыр­ғанын айтты.

«Бұл жағдайда орта мемлекеттердің рөлін қайта қарастыру керек. Теңдік, диа­лог, инклюзия, мемлекеттердің ау­мақтық тұтастығын құрметтеу қағи­дат­­­тарына негізделген халықаралық ын­ты­­мақтастықтың жаңа парадигмасы қажет. Мұндай жаңа жағдайда орта елдер негізгі рөлдердің бірін атқаруға тиіс. Тек ірі державалардың қарым-қатынасы төңірегінде қалыптасқан халықаралық жүйеден арылудың маңызы зор. Қазір­гі таңда желілік принцип бойынша құрыл­ған институттар тиімді. Осы тә­жі­рибені халықаралық институттарға да енгізуге болады», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат төрағасы халық­аралық деңгейде диалог және инклю­зивті даму мәдениетін дәріптеудің перс­­пективалық бағыттарын да айтты. Мәу­лен Әшімбаевтың сөзінше, сол арқы­лы белсенді орта мемлекеттерге өз мүм­кіндіктерін іске асыруына жол ашылады.

«Біріншіден, бітімгершілік бастамаларды дәріптеу және мұқтаж елдерге немесе белгілі бір әлеуметтік топтарға гуманитарлық көмек көрсету. Екіншіден, негізгі халықаралық институттардан тыс жағдайда ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды нығайту. Үшіншіден, бүгінде барлық ел бетпе-бет келіп отырған өзекті экологиялық, әлеуметтік, гуманитарлық, өзге де проблемаларды талқылауға бастамашылық жасау. Сонымен бірге ресурстарды ғылыми зерттеулерге, адам­заттың болашағы үшін маңызды салалардағы жобаларға бағыттаудың мәні зор. Оның ішінде медицина, биохимия, жасыл технология және тағы басқа бағыттарды атап өтуге болады», деген Мәулен Әшімбаев Астана халықаралық форумының қызметін мысалға келтірді.

Сенат спикері жаһандық деңгейде мәдениеттер мен өркениеттер арасында алтын көпір болатын тағы бір тиімді бастама ретінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін айтты.

«Бүгінде Қазақстан рухани дип­ломатияның мойындалған халық­ара­лық орталықтарының бірі ретінде қалып­тасты. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен дін лидерлерінің идеяларын, ұсыныстары мен уағдаластықтарын дәріптеу үшін әлемнің рухани орталықтарында дөңге­лек үстелдер өткізу қолға алынды. Қа­зақ­станның бастамалары әлемдегі маңызды проблемаларды шешу кезін­дегі орта елдердің мүмкіндіктерін көрсе­­­теді. Мұндай қадам дамыған, тұрақ­­­ты, инклюзивті және қауіпсіз әлем құ­руымызға ықпал ететіні анық», дей келе, Мәулен Әшімбаев Қазақ­стан халық­аралық қақтығыстарды дип­ло­матиялық жолмен реттеуді қолдайтынын айтты.

Осы орайда модератор, ВВС-дің экс-қызметкері Стивен Коул Сенат төрағасына «Қай елмен қарым-қатынас­ты нығайтқан дұрыс», деп сауал тас­тады.

«Біріншіден, әрбір ел өзінің ұлттық мүддесіне бағытталған саясатты жүзе­ге асыруға міндетті. Бұл тұрғыда Қазақ­станда да өзінің ұлттық мүддесін еске­ріп, тиісті саясатын жүргізіп жатыр. Біздің ұлттық мүддемізге аумақтық тұтас­­тығымыз, тәуелсіздігіміз, азамат­тар­дың қауіпсіздігі, елдің тұрақтылығы, мемлекеттік институттар жатады. Сон­дықтан нақты бір мемлекеттен «қай елмен қарым-қатынасыңды нығай­тасың» деп сұрау дұрыс емес. Осы орай­да «дәл қазір ұлттық мүдделеріңіз қан­дай басымдықтарды ескеріп отыр» деп сұраған жөн болар», деді Мәулен Әшімбаев.

Бұған қоса Сенат спикері Қазақстан өзінің тәуелсіздігін нығайтуды, экономиканы дамытуды басты мақсат ретінде қойғанын айтты.

«Осы мақсат аясында алпауыт мем­лекеттермен ынтымақтастықты жал­ғастырамыз. Мәселен, АҚШ Қазақ­­стан экономикасындағы ең ірі инвестор­лардың бірі саналады. Америка компаниялары Қазақстанның энергетика саласына көп инвестиция салды. Сондықтан біз олармен жұмыс істеп, жаңа жобаларды іске асырғымыз келеді. Бұл ретте Қытай, Еуропа компаниялармен бірге жұмыс істеуге мүдделіміз. Көршілес Ресей де біздің басты серіктестеріміздің бірі. Атап айтқанда, ұлттық мүдде тұрғысында барлық елмен жақсы қарым-қатынасты жалғастырамыз», деді Сенат төрағасы.

Оның пікірінше, өткен ғасырда қалыптасқан ескі түсініктерден алшақ­тау керек. «Қазіргі кезде халықаралық жүйе ірі мемлекеттердің мүддесі төңіре­гінде дамып келеді. Менің ойымша, бұл көзқарас ХХІ ғасырда дұрыс емес. Бізге барлық елдің мүддесі аясында теңге­рімді ескеретін, сондай-ақ барлық елге бірдей құрметпен қарайтын жаңа парадигма қажет. Бұл өз кезегінде жаңа басымдықтардың бірі», деді Мәулен Әшімбаев.

Шетел сарапшылары болса қазіргі кезде орта державалардың мүмкін­діктері зор деген пікірде. Өйткені орта держав­а­лардың ортақ мүдделерге прагматикалық назар аудару арқылы ұлы державалар арасындағы қарым-қатынасты жақ­сар­туға ықпал етуі мүм­кін. Ал бұл өз кезегінде өзара түсіністік пен әлем­дегі шиеленісті азайтуға ық­пал етеді. Мәселен, Грузия Сауда-өнеркәсіп палатасының Бас директоры Давид Апциаури: «Трансшекаралық тәуекелдер туралы айтқан кезде орта державалар – ең маңызды ойыншылардың бірі. Соның ішінде Қазақстанның маңызы зор. Ол Азия мен Еуропаны байланыстыратын стратегиялық нысанда орналасқан, сондықтан Шығыс пен Батыс арасындағы саяси және экономикалық байланыстырушы буын болып тұр», деп пікірін білдірді. Ал Тафтс университетінің Флетчер Заң және дипломатия мектебінің аға ғылыми қызметкері Джошуа Линкольн «Орта державалар бөлек немесе бірге жұмыс істеуі керек пе?» деген сауалға жауап бере отырып, АҚШ-ты мысалға келтірді. Оның айтуынша, Құрама штаттарда мұндай державалар көп болған. Бірақ олардың барлығы бірдей бір жаға­дан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірігуге асықпай, өз беттерінше өмір сүрген. Алайда өзге спикерлер Джошуа Линкольннің бұл мысалын құп көрмеді. Өйткені АҚШ пен Азия, оның ішінде Орталық Азияның құндылықтары бөлек.

Қалай болғанда да спикерлер «Мем­лекеттер арасында диалог пен өзара түсіністік қажет», «Ұлы державалар бәсекелестігінің жаңа дәуіріне қауіп төндіретін қарулы әрекеттерге шақы­ратын әлемнен аулақ болуымыз керек» деген тоқтамға келді. «Өзгелердің шарасыздығы кезінде әрекет ету: қиын сәттердегі «Орта державалардың» дип­ломатиясы» сессиясын қорытындылай келе сарапшылар бірлескен күш-жігер­мен ғана әділ және тең құқықты халық­аралық саясатқа негізделген тұрақты болашақ құруға болатынын айтты.

 

Жаһандық экономикаға қауіп төніп тұр

Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Нгози Оконджо-Ивеала Астана халықаралық форумында қазіргі геосаяси шиеленіс салдарынан әлемдік экономиканың бөлшектену қаупі барын мәлімдеді.

«Біз геосаяси шиеленіс салдарын Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) қыз­метінде сезініп отырмыз. Бұл ретте мамандар бөлшектену қаупі жайында жиі айта бастады. Жаһандық сауда жүйесінің бөлшектену қаупі бар. Бұл – қазіргі көпжақты сауда жүйесі алдында тұрған ең маңызды мәселе», деді Нгози Оконджо-Ивеала. Оның айтуынша, осы сын-қатер жаһандық ішкі жалпы өнімнің төмендеуіне әкеліп соғады.

«Сауда саласындағы мәселелерге өте сақ болған жөн. Өйткені әлемдік сауда жүйесі бөлшектеніп кетсе, оның салдары тым қауіпті. Егер әлем екі сауда блогіне бөлінсе, бұл нақты жаһандық ішкі жалпы өнімнің 5% көлемінде жоғалуын білдіреді деген болжам бар. Атап айтқанда, бұл көрсеткіш Эконо­микалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің 2008-2009 жылдардағы қаржы дағдарысы кезінде тап болған шығынынан артық, яғни ол кездегі шығын 2% -2,5%-ын құрады», деді ДСҰ басшысы.

Ал «Орта дәліз: еуразиялық байланысты нығайту» панельдік сессиясына жиналған сарапшылар Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту мәселелерін талқылады. Олар Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ) жұмысының тиімділігін арттыру жайы мен Қазақстанның транзиттік хаб ретіндегі рөлін атап өтті.

Статистикалық деректерге көз сал­сақ, 2023 жылдың 5 айында Қазақстан арқылы транзиттік тасымал көлемі 42 пайызға артқан.

ЕДҚҚБ-ның Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Жужанна Харгитайдың айтуынша, Орта дәліз түрлі елдердегі ірі өндірістік орталықтарды байланыстырады. «Бағдар әлеуетін толық пайдаға асырып, тар «орындарды жою үшін қатысушы елдердің ғана емес, осы бағдардағы басқа да негізгі елдердің өзара іс-қимылы қажет», деді ол.

Сарапшылар ТХКБ-ны сәтті дамыту тарифтік және реттеуші режімді өзгертуді, инфрақұрылымның өткізу қабілетін дамытуды, үйлестіру жолдарын әзірлеуді, барлық мүдделі тарап­тардың ынтымақтастығын қажет етеді деген ортақ пікірге келді.

Сонымен қатар шетелдік сарапшылар Еуразияның тұрақты дамуы тура­лы бірқатар кеңесімен бөлісті. Олар­дың айтуынша, тұрақты даму мақ­сат­тарына жету халықтың өмір сапа­сын түсірмеуі керек. «Бәйтерек» хол­дингі ұйымдастырған сессияда сарапшы­лар «Еуразия тұрақты дамуда қай ба­ғыт­та келеді?» деген сауалға жауап іздеді. Гонконг инвестициялық банкинг депар­таментінің басшысы Барри Чан Қытай­дағы тұрақты даму мәселесінің үдерісіне тоқталды.

«2013 жылы төраға Си таза су мен жасыл таулар тұжырымдамасын жариялады. Сонда ҚХР төрағасы тұрақтылық азаматтардың әл-ауқаты екенін айтты. Осылай 2013 жылдан бері Қытайда тұрақтылық туралы көбірек білдік. Си Цзинпинь Назарбаев университетінде де Қытай 2030 жылға қарай көміртегі шығарындыларын азайтып, 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жететінімізді айтты. Бұл біздің ұлттық мақсатымыз және азаматтарымыз осы көзқарасқа жету үшін жұмыс істеп жатқанымызды біледі», деді Барри Чан.

Ал Францияның MHB SAS инвес­тициялық консалтингілік компания­сының президенті Мари Элен Берар Еуропада барлық салада тұрақты даму міндеті барын айтты. Бірақ кейде тұрақ­тылық жаңа жұмыс орындары мен табыс әкелетін жобаларды бастауға мүмкіндік бермейді.

«Француз Гиянасы аумағы Ама­зонка ормандарымен қоршалған, алтынға өте бай, бірақ белсенді халық­тың 30%-ы жұмыссыз отыр. Онда Бразилия немесе Суринамнан келгендер алтынды заңсыз, технологиясы нашар, қауіпті түрде өндіреді. Кейбір ірі компаниялар француз үкіметіне алтын өндіруге жа­уапты қарайтындарын айтты. Бірақ елде қоршаған ортаны қорғау идеяларымен айналысатын агрессивті ҮЕҰ әр гүл мен әр көбелекті қорғап шығады. Мен айтқан Франция мысалы Еуропаның басқа елдеріне де қатысты. Германияда қандай да бір шахтаны, тау қойнауын ашу мүмкін емес. Батарейкалар мен телефондар үшін пайдалы қазбалар қажет. Бізде бұл қазбалар болса да, шахтаны аша алмаймыз», деді ол.

«Бәйтерек» басшысы Қанат Шар­лапаев болса өз кезегінде тұрақты даму­ға жету мен адамдардың әлеумет­тік қа­жет­тіліктерінің тепе-теңдігі сақта­луы керегін айтты. «Еуропадағы энерге­ти­ка­­лық дисбаланс пен инфляция­ның өсуі жағдайын талдап, «жасылға»
ауысу сомасы жеткілікті бағаланбады деп ұй­­ғар­дық. Біз өз әрекетіміздің салдарын түсінуіміз керек. Егер халықтан гөрі қоршаған ортаға көбірек көңіл бөлсеңіз, табысқа жету қиын. Мәселе дұрыс тепе-теңдік жолын табуда. Тұрақты даму мақсаттарын қолдау керек, бірақ Үкіметтің реттеу шаралары өмір сапасының төмендетпеуін ойлаған жөн», деді «Бәйтерек» басшысы.

 

Гендерлік теңдік

«Әйелдердің көшбасшылығын қолдау: халықаралық жаһандық бас­тамаларды дамыту» панельдік сессиясында гендерлік теңдік мәселесі, халықаралық ұйымдардың жұмысы айтылды.

«Caliper» компаниясы, Нью-Джер­си басқару консалтингтік фирмасы, сондай-ақ Лондон «Аврора» әйел­дер ұйымы зерттеу жүргізіп, ерлерден әйелдер көшбасшыларын ерекшелен­діретін бірқатар қасиетті атаған еді. Зерт­теу нәтижесінде мамандар әйел көш­басшылар сенімді, ерлер көшбас­шыларына қарағанда тәуекелге көбірек барады, олар адамдарға мейірімді әрі икемді, өз көзқарасын жеткізе алады, қамқорлық жасайды, өз қарамағындағы қызметкерлерге көбірек қолдау көрсетіп, түсіністікпен қарайды және бағалайды деген қорытынды жасады. Сондай-ақ әйел көшбасшылар мәселелерді шешуге және шешім қабылдауда инклюзивті, команда құрудың көшбасшылық стилін көрсетеді.

Сессияға қатысқан спикерлердің пікір­лері де осы зерттеу қорытын­дысымен астасып жатыр. Олар әйелдер ерлермен тең дәрежеде мансап құрып, алатын жалақылары да бірдей болуы шарт дейді. Сонымен қатар әйелдердің әрбір бастамасына мемлекет, жекелеген ұйымдар барынша қолдау білдіру қажет екенін алға тартты.

«Егер өңірлерде жарық, газ, су секіл­ді тұрмыстық мәселелер болса, онда әйелдерге жағдай жасалмаған деуге болады. Өйткені үйдегі тұрмыстық жағдай әйелдердің үлесінде екені белгілі. Қазір әлемде қақтығыстар жиі орын алып, дес бермей барады. Осы қақтығыстарды шешуге арналған келіссөздерге әйел көшбасшыларды араластыру маңызды, өйткені олар бейбітшіліктің жолын табады», деген пікірде ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Тери Хакала.

ЕҚЫҰ-ның гендерлік мәселелер жөніндегі төрағасының арнайы өкілі Лилиана Палихович болса, әйелдер халықаралық жиындарға қатысып, өзара диалогте пікір алмасулары қажет дейді. Оның айтуынша, олар осылайша көшбасшылыққа тәжірибе жинайды.

«Қазір халықаралық жиындар өте көп ұйымдастырылады. Мәселен, осы Астана халықаралық форумы өте жақсы алаң, түрлі өзекті тақырып­тарды қамтыдық. Әйелдер осындай фо­румдарға, тренингтерге, арнайы бағ­дар­­ламаларға қатысуы қажет. Қазіргі таңда медиация жақсы дамып жа­тыр. Оған әйелдердің қосар үлесі зор болмақ. Жалпы, әйелдер бейбіт өмірді қалыптастыруға ат салысуы керек. Қоғамнан шет қалмай, оқшау­ланбауы қажет. Қазіргі геосаяси шиеленісте әйел­дер жоғары дипло­матиялық келіс­сөз­дер жүргізуге де ат салысса, одан ұтарымыз көп», деді Лилиана Палихович.

Айта кетсек, БҰҰ-Әйелдер ұйымы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­сат жөніндегі ұлттық комиссия жә­не Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігі өткен жылдың аяғында Ас­танада «Tomiris» ақпараттық-білім беру бағдарламасы аясында әйелдердің саяси мүмкіндіктерін арттыру және көшбасшылық әлеуетін дамытуға арналған тренинг өткізген еді. Тренинг бағдарламасын халықаралық сарапшы, ЕҚЫҰ төрағасының гендерлік мәселелер жөніндегі арнайы өкілі Лилиана Палихович әзірледі. 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024