Форум • 05 Маусым, 2023

Пандемия сабақтары сараланды

184 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлем халқын әбігерге түсірген COVID-19 пандемиясы көпшілікке сабақ болды. Олай дейтініміз, қысылтаяң шақта денсаулық сақтау саласынан бастап, өзге де жетекші салалардың тұрақтылығы, бәсекеге қабілеті сыналды. «QazBioPharm» Ұлттық холдингінің бастамасымен Астанада өткен «Пандемия сабақтары: Қазақстан тәжірибесі» халықаралық фору­мында пандемия кезінде жұмыла әрекет еткен ғалымдар, мемлекеттік органның және бизнес сектордың өкілдері, саладағы өзекті мәселелерді талқылады.

Пандемия сабақтары сараланды

Форумға 10-нан аса шетел ға­лым­­дары, сарапшылар келді. Ға­лымдар коронавирус панде­мия­сы кезінде қабылданған шара­лар­ға жіті тоқталып, сол тұста қабыл­дан­ған шаралар негізінде тәжі­рибе алмасты. Айта кету керек, осыған дейін халықаралық сарапшылар пандемия кезіндегі ел медицинасының тәжірибесін, тиімділігін атаған еді. Енді, міне, араға бірнеше жыл салып, қабылданған шешімдер, ғалымдардың, дәрі­герлердің еңбегі форумда­ қай­та­ қаузалды. Осы күні Ұлт­тық ғылым академиясының пре­зи­денті Күнсұлу Закарияның идея­сымен жарыққа шыққан «QazVac: Тайталас» деректі пуб­лицистикалық кітабының тұсауы кесілді. Кітап пандемия кезінде отандық вакцина шығарған қазақ ғалымдарына арналған. Осы кітапты қолға алған оқырман вакцинаның маңызын, қалай жасалғанын, бұл жолда ғалымдардың қандай кедергілерге тап келіп, вакцина шығаратын отандық зауыт қалай салынғанын біле алады. Кітапты әзірлеуші топ вакцина жасауға қа­тыс­­қан ғалымдардың өзімен жеке кездесіп, осы сұрақтардың жауабын оқырманға ұсынып отыр. Кітаптың тұсаукесер салтанатында Күнсұлу Закария кітаптың мазмұнына аз-кем тоқталып, ғалымдарға алғыс айтты.

– Шекара жабық, вакцина жа­сауға қажетті заттар, құрал-жаб­дық­ тапшы кез. Елде пандемия бас­талмай тұрып қаңтар айынан Био­ло­гиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми зерттеу инс­титутының ғалымдары зерттеуге кірі­сіп кетті. Ешқандай талап, бұйрық болған жоқ. Клиникаға дейін жануарларға тәжірибелер жасалды. Кейін еріктілермен үш кезеңнен тұратын клиникалық зерттеу барысы, вакцинаны­ тір­кеу деген өз алдына бөлек үл­кен­ жұмыс болса, оны қайда өнді­реміз деген тағы бір ма­ңыз­ды мәселе алаңдатты. Соны­мен қатар кітапта зерттеу­ге жұм­­салған қаржы, сол тұстағы ма­ңыз­­ды заңнамалық өзгерістер тү­гел қамтылған. Кітапты неге «QazVac: Тайталас» деп ата­дық? Себебі онда өмір мен өлім, ғалымдар мен бюрокра­тия­ тайталасы жазылған. Ғалым­дар ұйқысыз жұмыс істеді. Вак­ци­на­ны 6 млн-ға жуық отандасымыз­ алды. Вакцинаны шығаруға тіке­лей­ араласқан ғалымдарға, бізге се­нім артқан халыққа алғыс айтамыз. Енді осы кітап ғылымға бет бұрған жастарға үлгі болады деп­ үміттенеміз, – деген Күнсұлу Зака­рия вакцинаны әзірлеуде жетек­шілік еткен ғалымдарды көп­шілікке таныстырды.

Осыдан соң кітаптың маз­­­мұ­­нымен танысқан «Qaz­Bio­Pharm»­ Ұлттық хол­дин­гінің бас директоры Ерғали Әбді­ра­йымов пікір айтты.

– Өздеріңіз білетіндей пан­демия кезінде өмірімізде елеу­лі өзгерістер болды. Сан сала­ның мамандары күтпеген қиын­дық­тар­ға тап келді. Осы кітаптың ав­торы Күнсұлу Дальтонқызы айт­қандай, мұнда пандемия кезін­де­гі ғалымдардың еңбектері жа­зыл­ған­. Пандемия кезінде вакцинаны­ әуе­лі өзіне салып тексерген ғалым­д­ардың батылдығы, сол кез­дегі ғалымдардың тұжырымы да­ қамтылған. Осы кітап келер ұр­паққа пандемия сабақтары бол­сын деген ниетте бүгін тұ­са­уын кесіп отырмыз. Ендеше, «QazVac: Тайталас» ғылымның да­муына да оң септігін тигізеді де­ген ойдамыз, – деді ол.

Ізін ала форумның ашылуы­ сал­танатында Премьер-министр­дің­ орынбасары Алтай Көлгінов пан­демия кезінде ел үкіметі қабыл­даған шұғыл әрі маңызды шешім­дерді баян­дады.

– Бүгінгі форумның әлеу­мет­тік-саяси мәні зор. Себебі бүгінгі іс-шара­ бәрімізге пандемиядан са­бақ­ алып, келешекте қауіпті вирустармен күресудің тиімді жолдарын анықтауға септеседі деп ойлаймын. Өздеріңіз білетіндей, алғашында вируспен қалай күресу керегін ешкім білмеді. Тіпті вирусқа сенбеді. Мұндай өзгеріске дүниежүзі дайын болмады. Өкінішке қарай, шығындар болды. Экономикаға да салмақ түсті. Әуе, пойыз қатынасы тоқтады. Өйткені мемлекеттің ең бірінші мақсаты – адам өмірін сақтау. Сол кезеңде уақытылы қабылданған маңызды шешімдер ел азаматтарының денсаулығын сақтауға септесті. Әрине, медицина қызметкерлеріне салмақ түсті. Әрбір өңір, қала, ауданда медицина мамандары аянбай еңбек етті. Өздеріңіз білетіндей мемлекет басшысы мемлекеттік комис­сияға жетекшілік етіп, корона­вируспен күресте аса маңыз­ды шешімдер қабылдады. Бірін­шіден, төтенше жағдай жария­лан­ды. Мемлекеттік шекарада шек­теу шаралары қабылданды. Эпи­дахуалға байланысты өңір­лер­де шектеу шаралары енгізілді. Екін­ші, бүкіл әлемде әуе қаты­на­сында рейс­тер азайғанына қара­мастан шетелде жүрген ел аза­маттарын шақыру шаралары қабыл­данды. Денсаулық сақтау сала­сы­­ның бар әлеуеті коронави­рус­ты анықтауға, халыққа сапалы ­­медициналық көмек көрсетуге жұ­­­­мыл­дырылды. Бүгінгі форум пан­демия кезінде қабылдан­­­­ған ше­шім­дерді қайта саралап, қоры­­ту­ға негіз болып отыр, – деді А.Көлгінов.

Форумда Ғылым және жо­ға­ры­­ білім министрі Саясат Нұр­бек­ ғы­лым­ға көрсетілген қол­дау­­лар тура­сын­да хабарласа,­ Ден­­саулық сақтау министрі Ажар­ Ғиният пандемия кезіндегі ел тәжірибесін жік-жігімен айтып берді. Ізінше елдегі және ше­­тел­­ден келген ғалымдар пан­де­мия­ның салдары туралы жан-жақ­ты баян­дады.