Ауыл • 24 Сәуір, 2023

Ауыл дамуы – ел дамуы

390 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Бірден айта кетейік, осы кезге дейін де ауыл мен агрокешенді дамыту мәселесіне қатысты көптеген шешім мен бағдарлама қабылданған болатын. Оларды жүзеге асыруға қомақты қаржы бөлінген-ді. Алайда, ауылдың дамуы тұрғысында әзірше ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже жоқ. Әдеттегідей, біздің өткен тарихымызда талай рет қайталанғандай, ауыл шаруашылығы мен ауылдың «есебінен» өмір сүріп жатқан жайымыз бар.

Ауыл дамуы – ел дамуы

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Дегенмен бұл мәселеде 2019 жылдан бастап кейбір өзге­рістердің нышаны байқала бастағанға ұқсайды. Ауылды дамыту жұмысына кешенді аграрлық саясат ретінде қарау байқалады. Ауылды кешенді дамытудың жоспары ретінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып келеді. Ол елдің демографиялық әлеуеті, инфақұрылымы, экономикасы мен геокеңістік жағдайын ескере отырып, ауыл халқының 90%-ын қамтып отыр. Тұрғындарының 40%-ы өңірлерде тұратын ел үшін мұндай аграрлық саясаттың тиянақты түрде қолға алынуы заңды нәрсе. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың осы салт-дәстүрлеріміздің қаймағы бұ­зыл­май отырған ауыл-аймақты өркендетуге басымдық беруі кездейсоқ емес. Ол ең алдымен ауылда жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді жүйелі түрде және нақты шешуге, ауылдық аумақтарды кешенді дамытуға және оның бірыңғай тәсілін қалыптастыруға бағытталған. Яғни бұл әлемдегі тұрақсыздыққа қарамастан, ауылға деген мемле­кет­тік қолдаудың айғағы.

Біз бұл жетістіктерді теріске шығарудан мүлдем аулақпыз. Иә, нәтижелер бар. Шаруалардың қомақты табыстарға қол жеткізіп отырғандығы да рас. Павлодар, Қостанай, Жамбыл облыстарында аяқталған жобалардың үлгілерін көруге болады. Табыс та, жетістік те, нәтиже де, егер олар сапалы және нақты болса және халық оның игілігін көріп жатса, қол жеткізген жақ­сы­лықтарды ешқа­шан еш­кім де жоққа шығара алмайды. Олай болса, қазір «жеңіске» масайрап, босаңситын уақыт емес. Ендігі жерде алынған асулар «үйреншікті» іске айналып, кеуде соқтым «мақтау мен мадақтауға» жол бермеген жөн. Қайта, керісінше, өз ісің мен жетістігіңе «сыни» көзбен қарап, іс-әрекетіңді талдап, саралап, жұмыстың тиімділігін бұрынғыдан да арттырып, табысты еселеп, өнімнің сапасын қалай жақсарту керектігіне көңіл аударған абзал. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру барысында көш бастаған Павлодар, Қостанай, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарымен қатар төмен қарқын көрсеткен Алматы қаласы, Қызылорда, Атырау өңірлері бар. Соншама ақша құйып отырған кезде мұндай мәліметтерді төтенше жағдай ретінде қабылдаудың орнына біз баяғыдай оны «назарға алып» қана қойып, бұрынғыдай көрмегендей болып отыратын қалпымызды жалғастырумен келеміз. Су екеш судың да сұрауы болушы еді ғой.

Бұл жағдай қатты ойлануды талап етеді. Үңіліңкіреп қараған кезде барлық деңгейдегі ай­мақтық бастықтардың тек жетіс­тіктер мен Президент және Үкіметтің тапсырмаларын орындау бағытын­да­ғы бо­ла­шақ жоспарларын тәптіштеп тұрып айтқанда, алдына жан салмайтындығын көруге болады. Кейде олар әлі де болса бұрынғы екпінмен ескі жұмыс әдісінен арыла алмай, кетіп бара жатқандай әсер қалдырады. Сонда, егер Президент Қ.Тоқаев аг­рар­лық саясаттың ауыл-ай­мақ­та жат­қандығын ескертіп, ел бесігін­де көптен бері қорда­лан­ған мәселелерді жүйелі ше­шу­дің қа­жет­тілігін түсініп, нақты қолға алуды тапсырмаса, осының бәрі «баяғы жар тас  –сол жартас» кү­йінде қала беруі керек пе еді? Әлде, атқарылған жұмыстарды тізбелей бергенше, енді қандай мәселелерді шешуіміз керек деген ұстанымды басшылыққа алған кезде 30-40 жылдық «сақалды» проблемаларды әлдеқашан шешер ме едік? Бәлкім, сонда еліміз өз дамуының жаңа, сапалық деңгейіне жетіп, өркендеу мен гүлдену заманында өмір кешер ме едік. Әлде қазіргі азаматтарда, Ұлы Абай айтқандай, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» жетіспейді ме? Иә, «көңілсіз құлақ – ойға олақ» қанша айқайласаң да, жаңғырықтан басқа ештеңе шық­пай­ды. Жауабын естіп, жөнін білу мүмкін емес. Қаңқ еткен нені байқасын. Олай болса, осыны ұққанда ғана Қазақстанның берекелі елге айналуы мүмкін.

Оның үстіне, Президенттің ауылға қатысты жүргізіп жатқан саясатының логикасы ондағы көптеген жыл бойына созылып және орын алып келген түйткіл мәселелерді шешуді көздейді емес пе? Ендеше, сонау XX ғасырдың 70-жылдарынан бері келе жатқан проблемалардың әлі күнге дейін жойылмай отыр­ға­ны неліктен? Ол үшін бар­лық қажетті жағдайлар жасалып отыр емес пе? Оларды шешу үшін тек ар, намыс, ұят, ниет пен отансүйгіштік жетіспей отыр­ғанға ұқсайды. Бұл жағдай «ауру кетсе де, әдет қалмайды» де­генді айқын көрсетіп отыр. Нәти­жесінде, ол адамдардың үмітін желге ұшырып, қоғамда билікке деген сенімді кетіріп, оларды халық «дәрменсіз, уәде бергенге әуестеніп алған бос кеу­де, жатыпішер парақорлар», ре­тінде қабылдайтындай күн туды. Өйткені елдегі қабыл­да­нып жатқан шешімдерде де, ат­қа­рылып жатқан істе де, өнді­рі­ліп жатқан өнімдерде де, салынып жатқан үйлер мен жолдарда да, қолға алынған стратегиялық жоспарлар мен жобалардың басым көпшілігінде сапа болмай, «нақты нәтижелер» тек жалған есептер мен көзбояушылыққа белшесінен батқан мәліметтерде «орын алуы» тозаққа апаратын төте жол. Сондықтан қоғамда әлеуметтік шиеленіс күшейіп, ол Қазақстанды дамудың емес, тығырыққа итермелеуде. Ен­де­ше, бұдан былайғы жерде Қазақстанның тәуелсіздігін қыз­ғыш­тай қорғап, көздің қара­шы­ғындай сақтау үшін адал еңбекке негізделген сапалы, тиянақты, өнімді және риясыз еңбек керек. Қоғамдық өмірде патриоттық сезім, әлеуметтік әділеттілік, аза­маттық белсенділік, бірлік пен татулық қажет.

Дегенмен, бүгінгі таңда ауыл­­дың қажетін түсінетін са­рап­шы мамандардың дауыс­тары естіле басталғаны қуан­тады. Олар ауылды дамытуға бағытталған бұрынғы мемле­кет­тік бағдарламалардың баян­сыз­дығы мен тиімсіздігінің Ауыл шаруашылығы министр­лері мен олардың жұмы­сын­да­­ғы сабақтастықтың болма­ған­­дығымен түсіндіреді. Оған стра­тегиялық жоспарлар жасау­мен әуестенушілікті қосыңыз. Расында да, әрбір жаңа министр елдік мүдделерге сай жұмысты жалғас­тырудың орнына өз көзқа­ра­сын таңып, «жа­ңашылдық пен рефор­ма­тор­лық мүмкіндіктерін» көр­сету үшін саланың берекесін ке­тірумен әуре болды емес пе? Ке­лесі бір өзекті мәселеге ел қой­на­уынан шыққан жаңашыл­дық­­ты қолдаудың орнына шетел­дік өнімдерге сенім артуды жат­қы­зуға болады. Түптеп келген­де, осылардың барлығының төр­кі­ні нарыққа көшу барысында бұрынғы ауыл шаруашылығы құрылымын басқарудың жүйесін ыдыратып отырды. Осыдан ба­рып, ауыл тұрғындарының тұр­мы­сы да нашарлап кетті.

Өкінішке қарай, көзбояу­шылық сияқты қауіпті құбылыс қоғам денесіне біткен қатерлі ісік ретінде әлі күнге дейін орын алып отыр. Былтырғы наурыз айында өткен Үкі­мет­тің кеңейтілген отырысында Президент Қ.Тоқаев Ауыл шаруа­­шылығы министрлігі мен әкім­дік­тердің көзбояушылыққа жол бергендігін ашық айтты. Мә­селен, министрлік жайы­лым­дық жердің тапшылығы 6,8 млн гектарға немесе 32%-ға азайды деген мәлімет берсе, Ақмола, Аты­рау және Қостанай облыстарында ауыл тұрғындарына малын фермерлердің жеріне жаюға рұқсат беріледі деген жалған меморандум жасаған көрінеді. Яғни жайылым жердің мәселесі қағаз жүзінде ғана азайған. Онымен қоймай, аймақтарда халықтың жайылымға деген сұранысын төмендетіп көрсете бастау үрдісі пайда болған. Олай болса, жер мәселесіндегі келеңсіздіктер мен даулардың көбеюі ел дамуына кедергі болып отырғаны айтпаса да түсінікті. Мұның сыртында жайылымнан бөлек жер телімдеріне мұқтаж ауыл тұрғын­да­ры тағы бар және халық тығыз орналасқан аудандарда жер кезе­гін­де тұрғандардың саны өсуде.

Осының кесірінен 30 жылдан кейін жер саясаты мәселесінен келіп туындаған проблемалардың қайтадан туындауына жол бері­ліп отырғаны өкінішті-ақ. Са­рап­шылардың айтуларына қара­ғанда, бұл жағдай тепе-теңдікті теңселтті. Ол тәуелсіздіктің ал­ғаш­қ­ы жылдарындағы үлес бөлу кезінде қолында билігі барлардың жердің басым бөлігін өздеріне қаратып алуынан бастау алады. Сол кездегі жер реформасы қа­зақтан шыққан фермерлерді қалыптастырудың орнына ірі жер иелері мен кедейлер тобын дүниеге әкелді. Нәтижесінде, жастар ауылдан қалаларға үдере көшті, ауылда жұмыс істейтіндер қал­мады, ал қалғандары жұмыс істе­гісі келмейтіндей ахуал қа­лып­тасты. Селодағы кадр мәсе­ле­сі шиеленісіп кетті. Аймақ­тар­дың даму жоспарлары сауатты ғылыми-өндірістік тәжірибеге сүйеніп жасалған, толыққанды сипатқа ие бола алмай отыр. Ауыл­дық жерлерде статистикалық есеп жүргізу мәселесінің бір тәр­тіп­ке келтірілмеуі әкімдердің жылда жалған есеп жасап, оны қай­­мықпастан «ұялмай» жоға­рыд­ағы мемлекеттік органдарға жіберуді әдетке айналдыруына әкеліп соқты.

Десек те, осы түйткіл мәселе­лер­дің тамыры тереңіректе жат­қа­нға ұқсайды. Біріншіден, ауыл­шар­уашылық өнімдерін өндіретін диқандар маңдай терін төккен еңбегінің лайықты бағасы мен өнімнің адал ақысын ала алмай, оны базарға жеткізіп сату мәселесінде әлі күнге дейін екі арадағы пысықай делдалдардың жемтігіне айналуға мәжбүр болып отыр. Екіншіден, ауылдағы нашар инфрақұрылымдар кə­сіп­керлердің бизнесін кеңей­ту­леріне қолбайлау болуда. Үшін­шіден, ақыр соңында, осы­ның барлығы келіп ауыл эконо­ми­ка­сын біртіндеп кері кеті­ріп, тұр­ғын­дардың тұрмысы төмен­деп, елді мекендер тозып барады.

Ал осының барлығын шиеле­ніс­тіріп, ауылды көтеруге жол бермей отырған тағы бір өте маңызды және күрделі проблема бар. Ол – ішкі көші-қон мәселесі. Аны­ғырағы, оны реттеудегі жү­йе­­сіздік пен нәтиженің мар­дым­­сыздығы. Жуырда ««Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көр­ген белгілі журналист Жолдыбай Базардың «Ішкі көші-қонды қалай реттейміз?» атты мақаласы ешкімді де бейжай қалдырмасы анық. Өйткені автор ішкі миграцияны реттеуде атқарушы билік органдарының дәрменсіздігін, ал олардың қабылдап жат­қан бағ­дарламаларының стра­тегия­лық әлеуетінің мардым­сыз­дығы мәселесін көтерген екен. Оның пікірінше, осындай саясаттың нәтижесінде еліміз жүйесіз және жабайы урбанизацияға ұшырап, әлеуметтік-экономикалық жағ­дай әбден ушығып, ол мәдени-рухани негізіміздің шайқалуына теріс ықпал еткен.

Жолдыбай Базардың бұл мә­се­­лені Қазақстанның ұлттық қа­уіп­сіздігімен тікелей байла­ныс­та қарауы өте маңызды және өзекті. Ауыл халқының саны азайып, керісінше, қала тұр­ғындары санының ретсіз өсуі қоғамды қатты алаңдатып отыр­ға­ны да күмән келтірмейді. Өйт­ке­ні қала халқының өсуі та­би­­ғи жолмен емес, тек ауылдан көшіп келгендердің есебінен көбейіп, ондағы әлеуметтік ахуалдың шиеленісіп, тіптен қо­ғам­дағы саяси тұрақсыздыққа әке­ліп соғуда. Себебі инфра­құ­­рылымдық мүмкіндігі шек­теу­лі болғандықтан ауылдан ағы­тылып келіп жатқандардың бәрін қалалар қабылдай алмады. Сондықтан тұрғындар өз күнін өз бетінше көріп, тұрақты табыстың көзі болмағандықтан олар әртүрлі заңсыз әрекеттерге баруда. Ал ол жергілікті атқарушы биліктің кемшілігі. Бұл халықтың билікке деген сенімсіздігін күшейтті.

Осының бәрін автор кешенді түрде зерделей келе мәсе­ленің түп­ негізіне тереңірек үңілу­ге тырысқан. Жабайы ур­ба­ни­зацияның басты себеп­те­рі­нің қа­тарына ол ең алдымен ауыл­дың жағдайының на­шар­лауын жатқызады. Мә­се­лен, жұ­мыс­сыздық, тұрақ­­ты жа­ла­қының болмауы шаруа қо­жа­лықтары мен коопере­тив­тердің әлеуметтік-эконо­ми­­калық әлеуетіне ауыл тұр­ғын­дарын жұмыспен қамтуға мүмкіндік бере алмауда. Демек, ауыл ахуалының нашарлауы қала халқының санын арттыруда. Сөйтіп, ауыл да жұтаңдап, қала да «басына» түскен ауыртпалықты еңсере алмауда. Яғни бір-бірімен байланысы бар түтік сияқты бір-біріне тәуелді қала мен дала өзара тиімді байланыс орнатудың орнына, ойлаудың шектеулігі мен істің мәнін жете түсінбейтін жөнсіздіктің зардабын шегіп отыр. Нәтижеде екеуі де әлсіреп, екеуі де құрдымға кетіп бара жатқандығын Ж.Базар жасырмайды. Оның үстіне, ауыл­­дар мен қалалық жерлердің мүмкіндіктерін біріктіріп, елдің әлеуетін арттыратын саясат та болмай тұр. Әрине, билік ауылдың жағдайының нашар екендігін білмейді емес, бі­леді. Соған қарамастан, ол ауыл баяғыдағыдай өз күнін өзі көріп, шыдай тұрар деген оймен барлық күшін қаланың жыртығын жамап, оның халқын тыныштандыра салудың жолын іздеумен әлек. Ал ол мәселені түбегейлі шешуге әкелмейді. Мұны автор «Қалаларға жұтылу – даланы иесіз ету» деп бағалап, бәрі осылай жалғаса берсе ауыл тұр­ғындарының қалаға көшу үде­рі­сінің тоқтамайтындығын ескертеді.

Оның үстіне бізде халқы тығыз орналасқан солтүстік өңір­лер­ге көшіруге бағытталған бағ­дар­ламалардың нәтижелілігін көте­руге ұмтылыстың болма­уы­нан және ешкімнің оған қо­ры­тынды жасамауынан, бос әуре­ші­лік пен биліктің жай алдаусыратуына жол беріліп келді. Ауыл­­дардың қалаға көшуін күш­­пен емес, табиғи, қисынды жол­мен тоқтату немесе азайту амалдарына көңіл бөлінбеуде. Есесіне, жұмыс күші қалаларға шоғырланып, еңбек нарығында теңсіздік ұлғайып келеді. Ал ол өз кезегінде әлеуметтік үйле­сім­сіз­дікке әкеліп, әсіресе, шекара маңындағы ауылдар қаңырап бос қалуда. Қазіргі шиеленіскен геосаяси ахуалдың шиеленісіп тұрған уақытында ретсіз урба­ни­зацияны тізгіндейтін, елдің қауіп­сіздігін нығайтатын мемле­кет­тік саясат керек-ақ. Автор оны жұмыс күшін оңтүстіктен сол­түстікке тарту және сол өңір­лер­дің экономикасын дамытуға бағытталған бір ірі жобадан бастауға болар еді деген ұсыныс ен­гізіп отыр. Автордың осы тұр­ғы­дағы басқа да нақты ұсы­ныс­тары көңілге қонымды. Ол өз ойларын жинақтай келе, ауыл шаруашылығы ел эко­но­ми­ка­сының негізгі драй­веріне айналуы керек де­ген қорытынды жасайды. Бұл дегеніміз еліміз дағдарысты еңсеріп, шекаралық аймақтарды елге толтырып, оны экономикалық тұрғыдан иге­ріп, сауықтыруды аңғартса керек. Мақалада сонымен бірге бюро­кра­тиялық және корруп­ция­лық кедергілерді болдырмау мен барлық жұмыс­тың ашықтығы мәсе­лесі орынды көтерілген. Сол­түстік өңір­лер­де­гі руханият,­ ғылым, заманауи технологиялар проблемасын шешудің ма­ңыздылығы да ескерусіз қал­ма­ған. Ендеше, қалыптасқан жағ­дай­да бұрын­ғы­дай жандалбасалау амал-тәсілдерінен бас тартып, бекер әурешілікпен айна­лыс­пай, ел экономикасының өз әлеуетіне арқа сүйеп дамуына мүм­кіндік жасаған дұрыс болар еді.

 

Жапсарбай Қуанышев,

қоғам қайраткері