Субсидия • 12 Сәуір, 2023

Ақпараттық жүйенің ахуалы

191 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесіне (gosagro.kz) қатысты жағдайлар қызу талқыланып жатыр. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев түсініктеме берді.

Ақпараттық жүйенің ахуалы

Жүйеде шешуді қажет ететін техникалық мәселелер барын министр де мойындап отыр. Дегенмен ол gosagro.kz жүйесі жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Айтуынша, кедергілердің көбі өтініш берушінің деректерін растауға қатысты жаңа тәсілден туындап отыр екен.

– Біріншіден, енді фермерлер бұрынғыдай егіс алқабының көлемін көзбен мөлшерлеп, шекарасын қолмен сыза алмайды. Ал деректердің дұрыстығын, егістік карталарын ғарыштық мониторинг растайтын болады. Шаруалар жерлерін дереу ретке келтіруі керек. Жерді игермегендерге осы бастан кірісуге кеңес беремін. Маңыздысы бұрын­ғы «Qoldau» жүйесімен жасалған жұмыстарға жүргізілген талдау сәйкессіздіктерді анықтап отыр. Мысалы, бірқатар фермерлік шаруашылықтардың пайдаланып отырған жері қолмен сызып, көз мөлшерімен ұсынылған көлемнен әлдеқайда аз болып шыққан. Бұл жерде норматив пен субсидия сомасы артық көрсетілгенін байқау қиын емес. Мәселен, фермердің шын мәнінде 500 гектар жері болғанмен, ескі жүйе арқылы қолмен 1 мың гектар деп көрсетіп, яғни субсидияны ­өзіне тиесілі мөлшерден артық алуы мүмкін, – деді Е.Қарашөкеев.

Министрдің айтуынша, «Qoldau» жүйесінде кездесетін тағы бір өрескел заң бұзушылық – фермер қолмен енгізген егістік карталарындағы жерлер іс жүзінде тіпті игерілмеген. Яғни субсидияны пайдаланып алынған тұқым, тыңайтқыш, пестицидтар көрсетілген егіс алқабына қолданылмаған. «Мұның бәрі агроөнеркәсіп кешеніндегі барлық көрсеткіштен көрініс табады, әрине. Бөлінген қаржы көп, бірақ құмға сіңген су сияқты ізі жоқ. Сондықтан бірден айтайын, үдерісті ретке келтіру қажет және министрлік қай жерде, кімге, қандай мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатқанын анық біліп отыруы керек», деді ведомство басшысы.

– Екіншіден, Қаржы министрлігімен бірлесіп, электронды шот-фактураларды бұғаттау үшін енгізген жүйе біраз былықтың бетін ашты. Енді электронды шот-фактурамен өтініш беру үшін оны сатушы арқылы бұғаттау керек. Осылайша, субсидия алғаннан кейін кері қайтарып алу қаупі толығымен алынып тасталады. Егер бұрын шаруа бір ғана шот-фактурамен мемлекеттік қолдауға бірнеше рет өтініш бере алған болса, енді «Gosagro» жүйесінде ондай қулық жүрмейді. «Qoldau» жүйесінен осындай да фактілер анықталды.

Үшіншіден, тыңайтқыш алуға субсидия беру мәселесі талқыланып жатыр. Барлық облыстың фермерлері өтініш бере алмай отырғаны айтылуда. Бірақ мұнда бәрі ережелерге сәйкес және ол бәрімізге белгілі. Тыңайтқыштарды субсидиялаудың, пестицидтерге, биоагенттерге (энтомофагтарға) субсидия беру тізбесі мен нормалары жергілікті атқарушы органдардың қаулысымен бекітіледі. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда бұл нормаларды тек 7 облыс қана бекітті. Атап айтқанда, Түркістан, Жамбыл, Ақмола, Қызылорда, Павлодар, Ақтөбе және Жетісу облыстары бойынша ғана өтінім түсіп жатыр, деп нақтылады министр.

Е.Қарашөкеевтің айтуынша, нормативтерді бекітпеген облыстардың ауыл шаруашылығы басқармаларының кейбір мамандары тыңайтқышқа өтінім беру мүмкіндігін жоқтығы туралы шаруалар мен журналистердің сұрағына жауап бергенде мәселені порталға сілтей салады екен. «Шын мәнінде Gosagro.kz порталы штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Басқармалар нормативті әлі бекітпегенін мойындағанның орнына барлық айыпты жүйеге және министрлікке жаба салуды жөн көреді. Дұрысы жергілікті атқарушы органдар қажет нормативтерді бекіту үдерісін жылдамдатқаны жөн», дейді ол.

– Төртіншіден, жаңа жүйеде толыққанды дұрыс жұмыс істеуге шаруалардың да, ауыл шаруашылығы басқармалары қызметкерлерінің де біліктілігі жетпей тұрған сияқты. Бірнеше күн бұрын ғана министрлікте Түркістан облысының фермерлерімен кезекті кездесу өтті. Фермерлер «жүйе жұмыс істемейді» деп бой бермеді. Анық-қанығын білу үшін тексерген кезде «жүйе жұмыс істемейді» деп байбалам салғандардың тіпті порталға тіркелмегені анықталды. Дәл осы кездесуде дәлел ретінде Түркістан облысы бойынша түскен және мақұлданған өтінімдер көрсетілді. Мұндай кейстер жеткілікті. Сондықтан біз фермерлерді жүйеде жұмыс істеуге үйрету міндетін негізгі және маңызды міндет деп есептейміз. Бұл мақсатта негізгі салалар бойынша 6 телеграмм-чат құрылды. Көпарналы колл-орталық жұмыс істеп тұр: +77172677117, +77076421032. Ютуб арнасында Gosagro.kz порталымен жұмыс істеуді үйрететін бейнеролик те бар. Жүйемен жұмыс істеуді үйрететін телеграмм-боттар әзір болып қалды. Таяу күндері оқыту жүйесін әзірлеуші мамандарды ең бірінші оңтүстік өңірлерге жібереміз. Бұдан әрі бұл бағытты күшейтетін боламыз, – дейді Ауыл шаруашылығы министрі.

Ербол Қарашөкеев бұл салада біржола тәртіп орнату қажет деп санайды.

– Егер фермердің жерге қатысты мәселелері толық реттелген болса, құжаттары сәйкес келіп тұрса, біріктірілген мәліметтер базасы растаса өтініш беру жағынан ешқандай қиындық болмайды. Қазіргі күні жаңа жүйе 12 мыңнан астам өтінімді сәтті өңдеп, оларды облыстардың ауыл шаруашылығы басқармасына қарау үшін өтінімдердің ашық тізіліміне енгізді. Иә, жүйе бұрынғыдай бармақ басты, көз қысты немесе әркім өзі қалағандай жұмыс істемейді. Бұл қазір фермерлер мен ауыл шаруашылығы басқармалары мамандары үшін қиындықтар туғызып отыр. Айтпағым, субсидиялау жүйесінің ашықтығын арттырудың барлық жаңа тәсілдері – менің қателігім емес, ауыл шаруашылығы министрлігінің транспаренттілікті арттыру және адами факторды жою жөніндегі қағидаттық ұстанымы. Төлемдер субсидиялаудың барлық бағыт бойынша жүргізіліп жатыр. Біз Gosagro.kz жүйесінің барлық мәселесін шешу үшін конструктивті диалог жүргізуге әрқашан дайынбыз әрі ашықпыз, – деді ол.

Деректерге сүйенсек, барлық бағыт бойын­ша берілген 12 095 өтінімнің ішінен ауыл ша­руа­шылығы басқармаларының қарау қоры­тындысы бойынша «төлем жасау үшін» мәртебесіне жалпы сомасы 6 млрд 151 млн теңгенің өтінімі жолданды. Ал 2022 жылы пайыздық мөлшерлеме бойынша 8 млрд 743 млн теңге төленген. 12 млрд 137 млн теңге төлем алуға жолданды. Инвестсубсидия бо­йынша 18 млрд 486 млн теңге төленді.