Денсаулық • 10 Наурыз, 2023

Ақтөбеде күйеуі әйеліне бір бүйрегін берді

702 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтөбе облыстық ауруханасында тағы бір маңызды операция жасалды. Оралдық Назгүл Баймұқановаға күйеуі Еркін Баймұқановтың бүйрегі салынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтөбеде күйеуі әйеліне бір бүйрегін берді

Оралдық Назгүл Баймұқанованың бүйрегі 2007 жылы сыр берді. Содан бері түрлі ем қабылдап, уақытының тең жартысын ауруханада өткізген көрінеді.

Бірнеше дәрігерге қаралып, ота да жасатты. Алғашқы операция Алматы қаласында өтті.

«Мен қаржыгермін. 20 жылдан бері банк қызметкері болып жұмыс істеймін. 2007 жылдан бастап дертке шалдықтым. Ал 2016 жылы қатты ауырып, алғаш рет бүйрек ауыстырдым. Бұл ағамның бүйрегі болатын. Сол бүйрекпен 4,5 жыл жүрдім. Кейін қайта ауыра бастадым. Екі жыл бойы гемодиализ қабылдадым. Сол кезде күйеуіміз екеуміз тағы да осы қадамға баруға шешім қабылдадық», деді Назгүл Баймұқанова.

Жұбайы Еркін Баймұқанов ішкі істер органдары саласында еңбек етіп, зейнетке шыққан.

Бірнеше анализ тапсырып, нәтижесінде донор бола алатынын түсінді.

«2016 жылы отбасымыздың барлығы сәйкестікті анықтау үшін анализ тапсырдық. Сол жылы менің бүйрегімді әйеліме салуға болатынын білдім. Бұл Алматыда болды. Дәрігерлер туыстық қарым-қатынас жақсы деп топшалап, ағасының бүйрегін салуға шешім қабылдады. Ал мен қарсы болмадым. Ұзақ жылдарға көмектеседі деп ойлаған едік. Бірақ олай болмады. 2020 жылы ауруы қайта асқынды. Бастан өткенген жағдайды сөзбен жеткізу қиын. Ол ауырды, ал біз жанында жүріп-ақ оның жан қиналысын сезініп, көмектесуді ғана ойладық. Туыстарыма бұл жолы бүйректі өзім беретінімді айттым. Тіпті талқыға салмадық. Сосын Алматыға хабарласып, сонда бардық. Анализ тапсырып, Оралдағы нефрологтармен ақылдасқан жайымыз бар. Хирург-трансплантолог Ғани Құттымұратовпен хабарласуға, кеңесуге тура келді. Ол бірден көрші облыс деп ақтөбелік дәрігер туралы айтты. Мұндағы құрал-жабдықтар да заманауи талапқа сай. Ғани Құттымұратов Астанадан өзі келіп, жанымыздан табылды. Ақтөбе мен Орал арасының жақын болған оң әсерін тигізді. Себебі пойызбен барсақ, бір күннен соң гемодиализ алу керек. Ал ұшақ кезінде қысым күшейеді. Біз мұнда үш апта бұрын келдік. 13 ақпанда келген кезде трансплантология бөлімінің ұжымы өте ұйымшыл екенін көрдік. Олар өз ісінің шеберлері. Кәсіби біліктілігі көрініп тұрды. Отаға дейін түрлі анализ тапсырып, мамандар кеңес өткізді. Бас дәрігер Ерлан Сұлтангереев, орынбасары Ардақ Бекетқызы да осында жүрді»,  деді Еркін Баймұқанов.

Қазіргі кезде олар толық емді қабылдап, Оралға аттанды.

Алдағы үш айда дәрігерлердің бақылауында болды. 

«2014 жылы Ақтөбе медицина орталығында трансплантология бөлімі ашылды. Содан бері 80-ге жуық бүйрек ауыстыру отасы жасалды. Көбіне туыстық донор операциясына жүгінеміз. Ал біз мәйіттік донорды дамытуымыз керек. Себебі бұл қауіпсіз. Жыл сайын Ақтөбеде 350 адам инсульт алып, көз жұмады. Ал олардың жақындары ағзасын беруге қарсы шығып жатыр. Бұл дұрыс емес. Егер біз 2014 жылдан бері мәйіттік донорды пайдаланған болсақ, қазір кезекте тұрған адамдардың бәрін емдеп, ота жасар едік. Өкінішке қарай менталитет қолбайлау болды», деді хирург-трансплантолог Мылтықбай Сағынбекұлы.

Ал Оралдан Ақтөбеге ем іздеп келіп, үлкен үміті ақталған ерлі-зайыпты Баймұқановтардың қуанышында шек жоқ.