
АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен С5+1 форматындағы министрлер басқосуынан кейін БАҚ өкілдерімен кездесті. Брифинг барысында журналистердің сұрақтарына жауап беріп, ресми сапарын қорытындылаған Э.Блинкен бүгінде жаһанда орын алған түрлі мәселенің шешімін табу жолында Қазақстан ерекше рөл атқарып, еліміздің әлемдік аренада өзіндік орны бар екенін атап көрсетті. «Соның ішінде, ядролық қарудың таралуын тоқтату, бітімгерлік операцияларға қатысу, сондай-ақ ғарыш кеңістігін зерттеудегі үлесі мол», деді Э.Блинкен. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық игілігіне бағытталған реформаларын қолдайтынын жеткізді.
– АҚШ тарапы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың игі әрі батыл реформаларын әрқашан қолдайды. Біз, әрине, Қазақстан қабылдайтын іс-шаралар мен атқаратын жұмыстарды бақылап, саралап отырамыз. Мәселен, елдегі адам құқығын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, оның тамырын жою секілді. Сондай-ақ президенттік мерзімге қатысты жүргізіліп жатқан реформалардың орны ерекше. Бұл өзгерістер өз кезегінде Қазақстанды инвестиция құюға қолайлы ел ретінде көрсетеді. Біз 1991 жылдан бері Қазақстан экономикасына 50 млрд доллардан астам инвестиция құйдық. Болашақта да АҚШ тікелей инвестиция көлемін арттыруға ниет білдіріп отыр, –деді АҚШ Мемлекеттік хатшысы.
Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді де АҚШ-пен өзара әрекеттестік кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатқанын атап өтті. Бұл өз кезегінде саяси диалогтің, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жандануының кепілі.
Сыртқы істер министрлігі мәліметіне сәйкес Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара сауда айналымы 2022 жылы 3 млрд доллардан асқан. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 37,2 пайызға артық. Ондағы экспорт көлемі 1,15 млрд долларға, ал АҚШ-тан Қазақстанға импорт көлемі 1,89 млрд долларға жеткен.
– АҚШ – Қазақстан экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бірі. 1993 жылдан бері АҚШ-тың Қазақстанға тікелей инвестицияларының жалпы ағыны 62 млрд доллардан асты, ал 2022 жылдың алғашқы үш тоқсанында Америка инвестициясының көлемі 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 58,8 пайызға, яғни 5 млрд долларға дейін өсті.
Қазақстанда АҚШ капиталының қатысуымен 590-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. АҚШ компаниялары Қазақстан нарығына жоғары қызығушылық танытып келеді. Қазақстан Америка Құрама Штаттарының Орталық Азия аймағымен ынтымақтастықты нығайтуға бейілділігін жоғары бағалайды, – деді министр.
Сондай-ақ Мұхтар Тілеуберді Орталық Азия елдері мен АҚШ сыртқы істер министрлерінің С5+1 форматындағы министрлер кездесуінің аяқталғанын айтып, оның маңызына тоқталды.
– Кездесу күрделі халықаралық жағдайда өңірлік байланысты нығайтуға бағытталған ортақ саяси күш-жігерімізді айқын көрсетеді. Біздің мемлекетіміз өзінің дипломатиялық басымдықтарына сәйкес көпвекторлы және теңгерімді сыртқы саясатын жалғастырып келеді. Орталық Азия мен Америка Құрама Штаттары біздің негізгі серіктестеріміз болып қала береді. Бұл қабылдаушы тарап ретінде біз үшін С5+1 форматын аймақтық ынтымақтастықтың өзекті тетігіне айналдырады. С5+1 тетігі өзін Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастықты, қауіпсіздікті және тұрақты дамуды ілгерілетудегі тиімді аймақтық дипломатиялық платформа ретінде танытты. Іс-шара барысында азық-түлік қауіпсіздігі, терроризммен күрес, энергетика және қоршаған орта саласындағы ынтымақтастықты қоса алғанда кең ауқымды мәселелер талқыланды, – деді М.Тілеуберді.
Сондай-ақ министр АҚШ тарабына екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға деген ниеті үшін алғыс айтты.
– Астанаға алғашқы ресми сапарымен келген АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенді елдің Сыртқы істер министрлігінде қабылдауға ризамын. Мен онымен осы уақытқа дейін әртүрлі халықаралық іс-шараларда және Вашингтонда кездескенмін, телефон арқылы бірнеше рет сөйлестік. Ал бүгін Блинкен мырза Астанаға ресми сапармен келді. Кездесуге дейін АҚШ делегациясымен өте нәтижелі кездесулер өткіздік. Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында да болды. Достық және сындарлы сипатта өткен келіссөздер барысында екіжақты және көпжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, сондай-ақ Қазақстан-Америка ынтымақтастығының перспективалары талқыланды, – деді Сыртқы істер министрі.
Сондай-ақ министр С5+1 форматына қатысушы елдердің делегациясын осы жылдың 8-9 маусымында өтетін «Астана» халықаралық форумына қатысуға шақырды.