Әлем • 22 Ақпан, 2023

Лондондағы қазақ тілі курсы

278 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өркениеттің ошағы саналатын көне де тарихи қала Лондонда тұратын ағылшындар қазақша үйреніп жатқанын естіп, қатты қуанған жайымыз бар. Сөйтсек, алпауыт қаланың ақ жарқын тұрғындарының ана тілімізге деген махаббатын әнші Димаш Құдайберген оятқан екен.

Лондондағы қазақ тілі курсы

21 ақпан – Халықаралық ана тілі күні қарсаңында Қазақ­станның Ұлыбританиядағы ел­шілігінің ұйымдастыруымен әсерлі кеш өтті. Оған «Димаш Құдайберген. Ұлыбритания және дүниежүзі» фан-клубының белсенді мүшелері қатысты. Ұлты басқа, тілі бөлек әр жанкүйерді дара дауысты Димаштың өнер әлеміндегі беделі бір араға тоғыс­тырды. Ана тілімізге құрмет біл­діріп, үйренуге ынтыққан ағыл­­шындардың арасында бұрын Қазақстанға саяхаттап кел­­ген­дері де бар. Олар біздің бай мәде­ниетімізден, салт-дәс­тү­р­лері­міз­ден және ұлттық тағам­дары­мыз­дан да хабардар екен.

– Мен негізі бала күтімі бо­йынша колледж студенттеріне лекция оқимын. Фан-клубымыз­ды 2022 жылдың тамызында аштық, бар болғаны 6 ай өтті. Күні кеше 1 мыңыншы мүшеміз қатарымызға қосылып, қатты қуан­дық, – дейді фан-клуб төр­ағасы Джилл Бичем.

Елшіліктің ұйымдастыруымен өткен қазақша курсты «Хабар 24» арнасының Лондондағы тілшісі Ғалымжан Қараманұлының қызы Кәусар жүргізеді. Қазақ, ағылшын тілдеріне жетік Кәусар бұған дейін «Балапан» телеарнасында балаларға ағылшынша үйретіп, тәжірибе жинақтаған. Енді, міне, ұлттық киім киіп, бри­та­ниялықтарға қазақ тілінің ғажаптығын танытуда.

«Құлағымдағы сырға мен мойнымдағы алқаны Алматыға Димаштың концертіне барған­да сатып алдым. Тереза құр­бым екеуміз көлге бардық, шатқал­дарды да көрдік. Өте тамаша уа­қыт өткіздік», дейді фан-клуб мүшесі Луанна Кипинг. «Мен қазақша сәлемдесіп, жағдай сұрай аламын. Өзімді таныстыра аламын», дейді тіл үйренуші Кристина Брэйн.

Қазақ мәдениетіне, тіліне тән­ті болған ағылшындар осылай ақжарма тілектерін білдіріп, кішкентай жетекшілеріне ал­ғыс айтып жатқаны біз үшін сүйініш. Тереза Невес есімді қала тұр­ғыны: «Біз осы фан-клубқа мүше болғанымызға қуанамыз. Димаш барлығымызды үлкен шаңырақ астында біріктірді. Біз ұйыған бір отбасындаймыз», деген ойын жеткізді.

Аталған шара аясында халық­аралық фан-клуб мүшелері қайы­рымдылық шарасын да өткі­зіп, Қазақстандағы «SOS бала­лар ауылы» үкіметтік емес ұйы­мы­на қаражат жинап берді. Жи­налған ақшаға жетім немесе ата-анасының қарауынсыз қалған балалар музыкалық аспаптар сатып ала алады. Қазақтың дәстүрлі домбырасында ойнап үйренуге мүмкіндік алады.

– Біз әзірге 1 млн теңге жина­дық. Науқан әлі де жалғасып жа­тыр. Бұл сома еселене түседі деп сенеміз. Бірқатар жоспарымыз да бар. Алдағы уақытта «SOS балалар ауылының» тәрбие­ленушілеріне онлайн платформа арқылы ағылшын тілін үйреткіміз келеді. Сондай-ақ сол ауылға барып оқытатын мұғалімдерге ақша төлеу де ойымызда бар, – дейді Джилл Бичем.

Халықаралық ана тілі күні қарсаңында өткен кеште түрлі ұлт өкілдері өз тілдерінде өлең­дер оқыды. Сосын олар әнші Димаштың шығармашылығына қатысты танымдық сұрақтарға жарыса жауап беріп, оның репер­туарындағы қазақша әндерді орындады.