Қоғам • 22 Ақпан, 2023

Цифрлық жобалар игілігі

220 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әділет министрлігі азаматтарға қолайлы болуы үшін әзірленген және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған Digital Justice (цифрлық әділет) жобаларын таныстырды. Ол «Е-заң көмегі», «Аттестаттау реинжинирингі», «МИБ-ті цифрландыру», смартфондардан мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі секілді 7 жобадан тұрады.

Цифрлық жобалар игілігі

Мұндай жобалардың бірі – «Е-заң көмегі». Жоба адво­кат­тар­дың, заң кеңесшілерінің қыз­метін, олардың үдеріске қа­тысушылармен және басқа да мүдделі тараптармен онлайн режімдегі өзара іс-қимылын ав­то­маттандыруға бағытталған. Аталған жүйеде қылмыстық сот ісін жүргізудің сотқа дейінгі сатысында мемлекет кепілдік берген заң көмегінің үдерістері авто­маттандырылған. Ол үшін Бас прокуратураның «Е-қылмыстық ісімен» тиісті интеграциялар жасалған.

– Біз азаматтар мен адвокат­тарға көмектесетін ақпараттық жүйе әзірледік. Бұл көмек көр­сетілуге тиіс адамдарға қандай адвокат нендей көмек көрсеткенін тіркейтін жүйе. Сондай-ақ қазір заң кеңесшілері деген ұғым бар. Осы жылдың бірінші тоқсанында бұл жүйені мобильді қосымша арқылы кеңес алуға болатындай етіп жетілдіреміз. Авторизация мен қол қою үдерістері Face ID арқылы жасалғанын қалаймыз, – дейді Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков.

Оның айтуынша, азамат бел­гілі бір адвокатты немесе заң кеңесшісін таңдарда адво­кат­тардың, заң кеңесшілерінің рей­тингіне назар аудара алады. Сондай-ақ азаматтар 1414 бай­ланыс орталығы арқылы да заңгерлік кеңес ала алатынын ұмыт­пайық.

Digital Justice жобаларының бірі «МИБ-ті цифрландыру» деп аталады. Аталған қанатқақты жобаны 2023 жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр. Жоба тұрғындардың қолтаңбаларын жинау үдерісін автоматтандыруға, дауыстарды, кворумды автоматты түрде са­науға, кейіннен мүлік иелері бір­лестігін тіркеу үшін электронды хаттаманы қалыптастыруға мүмкіндік береді.

– МИБ төрағасын тіркеу онлайн режімде жүргізіледі. Азаматтар мобильді қосымша арқылы өздеріне ыңғайлы жолмен, яғни биометрия немесе элек­тронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы қол қояды, – деп нақтылады вице-министр.

Сол секілді адвокат немесе нотариус лицензиясын алу үдерісі де цифрландырылады. Бұл қызметтер «Аттестаттау реин­жинирингі» жобасы аясында мүмкін болмақ. Осының нәтижесінде аумақтық әділет органдарында комиссиямен бетпе-бет әңгімелесу алынып тасталады. Оның орнына компьютерлік тестілеуден және ситуациялық кейстерден өту қарастырылған. Қанатқақты жобаны осы жылдың бірінші тоқсанының соңында іске қосу жоспарланған.

– Қазір адвокат, нотариус, сот сарапшысы немесе жеке сот орындаушысы лицензиясын алу үшін бірнеше кезеңнен өтеді. Оның үстіне нәтиже теріс болған жағдайда, кем дегенде үш айдан кейін екінші рет тапсыруға мүмкіндік алады. Бұл үдеріс толығымен цифрландырылмақ. Тағылымдамадан кейін бірден ком­пьютерде онлайн тест, кейс сұрақтарына қатысты сынақ тап­сыруға және бірден лицензия алуға мүмкіндік береді. Егер азамат тестті тапсыра алмаса, онда бір аптадан кейін екінші мүм­кіндік ұсынылады, – деді Б.Мол­дабеков.

Қазіргі уақытта 53 мемлекеттік қызметтің жартысынан көбін egov Mobile мобильді қосымшасы ар­қылы алуға болады. Яғни 28 мем­лекеттік қызмет, 13 сервис және 5 цифрлық құжат қолжетімді. Осы орайда egov.kz сайтында барлық қызмет электрондық форматқа көшірілгенін атап өткен жөн.

– Әділет министрлігі мұны­мен шектелмей мемлекет­тік қыз­меттерді мобильді қосым­ша­ларға көшіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінде бірқатар қызмет банктердің мобильді қосымшаларында қол­жетімді екенін атап өткен жөн. Мәселен, Halyk Homebank арқылы не­кені тіркеу, Bereke Bank-тің B-Business мобильді қосымшасы арқылы жауапкершілігі шектеулі серік­тестікті тіркеу, Kaspi.kz және Halyk Homebank арқылы баланың туу туралы куәлігін алу, Halyk Homebank арқылы заңды тұлғалар мен жылжымайтын мүлік туралы мәліметтер алу қызметтері қолже­тімді. Осы бағыттағы жұмыс жал­ғасатын болады, – деді ол.

Б.Молдабековтің айтуынша, мемлекеттік қызметтер про­активті және композиттік форматта көрсетіледі. Қазіргі уақытта ата-анасының келісімі бойынша бала туғаннан кейін бір тәулік өткен соң куәлік беруді көздейтін баланың тууын тіркеу, жылжымайтын мүлік иесінің мекенжайын автоматты түрде өзгерту қызметтері проактивті форматта қолжетімді.

– Сол секілді жаңа жылжымайтын мүлік иелеріне коммуналдық қызметтермен шарттар жасасу тәртібі оңтайландырылды. Ком­позиттік форматта Blockchain тех­нологиясын қолдана отырып, банктік кепіл және сатып алу-сату шарттарын тіркеу, Отбасы банкінің www.gosreestr.kz сайты арқылы жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау, тұрғын үйлерді жекешелендірудің электрондық шарттарын ресімдеу қолжетімді. Сондай-ақ атқарушылық іс жүр­гізу органдарының автоматтан­дырылған ақпараттық жүйесін банктердің ақпараттық жүйесімен ин­теграциялауды тираждау жұ­мыс­тары жүргізілуде, – деді вице-министр.