Қазақстан • 17 Ақпан, 2023

Францияда Қазақстандағы алдағы парламенттік сайлау талқыланды

340 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарын сайлаудың жаңа жүйесі Францияның парламентшілері, саясаттанушылары мен сарапшылары үшін Париждегі Қазақстан елшілігінде өткен сараптамалық кездесудің басты тақырыбы болды, деп хабарлайды Egemen.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Францияда Қазақстандағы алдағы парламенттік сайлау талқыланды

Іс-шараны ашқан Қазақстан елшісі Гүлсара Арыстанқұлова жаңа қағидаларға сәйкес өткізілетін Парламенттің төменгі палатасына және жергілікті өкілді органдарға сайлаудың негізгі аспектілері туралы айтып берді. Парламенттік сайлау Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған еліміздің саяси жүйесін терең жаңғыртуға бағытталған реформалардың қорытынды кезеңі екеніне ерекше назар аударды.

Қазақстандық дипломат жаңартылған Мәжіліс неғұрлым өкілді және белсенді болады, ол өзекті мәселелер бойынша сындарлы пікірталас жүргізетін алаңға айналады деген үміті барын айтты.

Іс-шараға қатысушылар аралас жүйе бойынша өтетін парламенттік сайлауға шынайы қызығушылық танытты. Олар өзін-өзі ұсынған кандидаттардың, 30% квота негізінде әйелдердің, жастар мен аса қажеттіліктері бар азаматтардың бәсекеге белсенді қатысуларын атап өтті.

Талқылау барысында сарапшылар тәуелсіз үміткерлердің сайлау науқанын қаржыландыру, сондай-ақ болашақта жергілікті өкілді органның жаңадан сайланған депутаттары мен облыстардың әкімдері арасындағы өзара іс-қимылдарына қатысты сұрақтар қойды.