
Жалпы, «Respublica» партиясы алдағы Мәжіліс сайлауына 29 адамның кандидатурасын ұсынған еді. Алайда тізімнен 6 адам шығарылды. ОСК сайлауға аталған партияның 23 кандидатын тіркеді. Оның 8-і – әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандар. Осылайша, партиялық тізімге міндеттелген топтың талаптарын «Respublica» 34,8 пайыз көрсеткішпен орындап отыр.
– Орталық сайлау комиссиясы өкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін партиялық тізімге енгізілген адамдардың Конституция мен «Сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізді. Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясында екі кандидаттың партиялық тізімінен өз еркімен шығару туралы өтініші ресми түрде тіркелді. Дархан Серікұлы Иманашевтың 2023 жылы 10 ақпандағы өтініші 14 ақпанда келіп түсті. Сондай-ақ Олжас Абазұлы Сұлтановтың 11 ақпандағы өтініші Орталық сайлау комиссиясына 14 ақпанда түсті. «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 90-бабының 1-тармағына сәйкес «Respublica» партиясы қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімінен олардың өтінішімен Дархан Серікұлы Иманашевты, Олжас Абазұлы Сұлтановты шығару бойынша ОСК өз құзыреті шеңберінде тиісті шешімдер жобасын дайындады. Осыны ескере отырып партиялық тізімге 23 адам тіркелді», – деді ОСК мүшесі Шавкат Өтемісов.
Еске салсақ, осыған дейін «Respublica» партиясы тізімнен 4 адамды алып тастаған еді. Олардың арасында бір мандатты жүйе бойынша ұсынылған кандидат, партияның тең төрағаларының бірі Сырымбек Тау бар. Кандидаттардың сайлауға қатысудан бас тартулары ешқандай да саяси жағдай емес, олардың жеке басының мәселелеріне байланысты екенін атап өтті «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Хожаназаров. Ал партия мүшесі, кәсіпкер Сырымбек Тау «Ағайын, барлық жылы лебіз бен қолдауға алғыс айтамын. Маған кездескен әрбір қолайсыздық мені келесі қадамға қамшылайды! Мен сайлаудан шеттетілсем де, «Respublica» партиясынан кетпеймін», деп мәлімдеді.
Сондай-ақ «Respublica» партиясы әрбір кандидаты үшін сайлау жарнасын төлеуге міндеттелді.
– «Respublica» партиясы осыған дейін өткен Мәжіліс сайлауына қатыспады, осыған орай «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 89-бабына сәйкес партия тізімін тіркеу үшін ОСК шотына сайлау жарнасын енгізуге тиіс. Жарна сомасы тізімдегі әрбір азамат үшін ең төменгі жалақының 15 еселеген мөлшерін құрайды. Қазір «Respublica» партиясы сайлау жарнасын толық көлемде төледі, – деді Шавкат Өтемісов.