Аймақтар • 16 Ақпан, 2023

Тегін үйірмеге – төрт мың бала

392 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағанды аймағында балалардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін тегін үйірмелер көбейіп келеді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазір облыста ақысыз 144 үйірме жұмыс істеп тұр. Онда 4 806 бала түрлі бағытта өзін-өзі дамыта алады.

Тегін үйірмеге – төрт мың бала

Балалар мұнда би түр­лерін үйреніп, бейнелеу, кескіндемеде талабын ұштай­ды. Киім үлгілерін дайындап, оны пішіп, тігуді үйренеді. Актерлік шеберлік, эстрадалық вокал, халық әндері, домбыра үйірмесі де бар. Үйірмелер мұнымен шектелмейді. Бұл арада тек бір парасы ғана аталып отыр. Шығармашылық тапсырыстағы үйірмелер Қарағанды, Теміртау, Шах­тинск және Саран қалаларында да жақсы жұмыс істеп тұр.

Бұл орайда ерекше балалалар да ұмыт қалған жоқ. Мәселен, «Батыл жүрек» және «Умницы» қоғамдық қайы­рымдылық қорларының бейім­делген екі үйірмесінде сурет, көркемсурет және мүсін­деуге қызыққан мүмкіндігі шектеулі 25 бала бар. Жалпы, биыл өңірдегі шығармашылық тапсырысты жан басына қар­жы­ландыруға бюджеттен 1 млрд 127 млн теңге бөлінген.

– Менің қызым Эмилия екі жыл бойы La Dance complex студиясының Millennium ансамблінде билейді. Алғашқы жылы ақылы оқыдық. Содан кейін ArtSport бағдарламасы туралы біліп, ваучер алдық. Енді бір жылдан бері тегін айналысып келеміз. Әйтпесе айына 13 мың төлеуге тура келер еді. Меніңше, бұл балалар үшін тамаша мүмкіндік. Өйткені барлық отбасының ақылы үйірмелерге балаларын жіберуге мүмкіндігі жоқ, – дейді Қарағанды тұрғыны Наиля Имранова.

Қазіргі таңда ансамбльге 3 жастан 13 жасқа дейінгі 200-ге жуық бала қатысады.

– La Dance complex орта­лығы алдымен Астанада ашылды. ArtSport жобасының нәтижесінде кеңейіп, 2021 жылы Қарағандыда жұмыс істей бастадық. Бұған дейін әр филиалда 60-тан 150-ге дейін бала оқыған, жан басына шаққандағы қаржыландырудан соң тек Қарағандының өзінде балалар саны 385-ке дейін өсті, – дейді Қарағандыдағы студияның негізін қалаушы Анна Володина.

Студияда би, кескіндеме, шахмат, вокал үйірмелері ұйымдастырылған.

Киім пішу және тігу­ді үйренгісі келетін балдыр­ғандарға «Тоғжан» шығарма­шылық орталығында арнайы сертификаты бар шеберлер сабақ береді. «Киім үлгісі, пішу және тігу» үйірмесіндегі төрт топқа 30-дан астам бала қатысып жүр.

– Бастапқыда «Кескіндеме және сурет салу» бағытындағы 6 топта шамамен 60 бала оқыды. Бір ғана оқытушы болды. ArtSport бағдарламасы арқылы біздің орталықта тағы үш үйірме ашылды: домбыра, киім үлгілеу, пішу және тігу, графика. Тоғыз оқытушы жұмысқа қабылданды. Бұл үйірмелерге 280 адам тегін барады. Пішу және тігумен айналысатын балалар түрлі көрсетілімдерге қатысады, – дейді орталық басшысы Айгүл Медеубаева.

Қазақстанда мемлекеттік шығармашылық тапсырыс жобасы 2021 жылдың мамыр айында басталған болатын. Оның мақсаты – 4 пен 17 жас аралығындағы балаларды тегін сабақтармен барынша қамту. Жоба artsport.edu.kz порталында іске асырылады. Ол қызмет көрсетушілерді, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің ата-аналарын немесе заңды өкілдерін шығармашылық үйірмелер мен спорт түрлеріне тегін қатысуға ваучер алу үшін тіркеуге және өтінімдер қабылдауға арналған.

 

Қарағанды облысы