Отбасы • 06 Ақпан, 2023

Ауыл жоқшысы

340 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

90-жылдардың басы – жаңа нарықтық қатынастардың ел ішіне енді ғана дендеп ене бастаған шағы. Басына тәңір сыйындай болып қона қалған тәуелсіздігіне тәу еткен тәубашыл жұрт сананы тұрмыс билей бастаған тұста абдырап қалғаны рас. Талабы нық нарық патша бұған дейін үкіметке арқа сүйеп әдеттенген үркердей жұртты әп дегеннен-ақ жұтатып жіберді. Әсіресе қиырда жатқан қазақы ауылдар үшін күнкөріс қиындады. Жайы қиынға, малы тиынға айналған біраз ағайын осы тұста қолындағы барын сатып, қалаға бет түзеді. Бір кездері өрісте малы шұрқырап, ошақта қазаны бұрқырап жататын қаншама ауылдың қалқиып көлеңкесі ғана қалды. Осы тұста табанды еңбек пен сұңғыла ақыл-парасатының арқасында туған жеріне тұтқа, еліне ес бола білген күрескер азаматтар шыға бастады.

Ауыл жоқшысы

Олар шалғайда шатқаяқтап тұрған шағын елді мекендердің еңсесін қайта тіктеп, бірталай елдің ауылға тұрақтап қалуына ықпал етті. Бұл қатарда Қостанай облысының құрметті азаматы Кәкімжан Карбозов ақсақалдың нар тұлғасы ерекше дараланып көрінеді. Алдағы көктемде сеңгірлі сексен бес жастың белесіне көтерілейін деп отырған дала қайраткерінің балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарына тап келді. Ерте есейді.

– Балалығым өте ауыр өтті. 1945 жылы бір үйден 4 бала әкеден жетім қалдық. Мен ол кезде 7 жасар баламын, үйдің үлкені едім. Сол кезде анам марқұм: «Кәкімжан 11-ге келсе, әрі қарай жетіліп кететін едік» деп жылаушы еді. Маған қандай сенім артқанын білмеймін. Анамның сол сөзі маған үлкен әсер етті. 11 жасымнан бастап еңбекке талпына бастадым. Ауылдың, ұжымшардың малын бақтық, сауын фермасында жұмыс істедік. 16 жасымда мен кез келген жұмысты еңсере алатын толық еңбек адамы болып шыңдалып шықтым, – дейді балалық шағын күрсіне еске алған қария.

Кәкімжан Карбозов 16 жасында сол кездегі Семиозердағы үш жылдық мал дәрігерін даярлайтын училищеге қабылданады. Еңбек жолы Аманкелді ұжымшарының 5-фермасында кіші малдәрігерліктен басталды. Кейінірек 7 жыл сауда саласында қызмет етті. Еңбектің қай түріне болсын аса жауапкершілікпен кірісіп, ерекше қайрат танытатын әмбебап маманды аудандық партия комитеті Көлқамысқа ферма меңгерушісі етіп жібереді. Кәкімжан аға мұнда 17 жыл бойы абыройлы еңбек етті.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары заман ауанын дәл аңғарып, уақыт тамырын дөп басқан Кәкімжан Карбозов көп ойланып жатпастан ауданда ең бірінші болып шаруа қожалығын ашты. 1996 жыл бүкіл ел үшін аса ауыр жыл болды. Осы бір елең-алаң тұста Кәкімжан аға да шындап қысылды. Тіпті көшкен жұртқа ілесіп облыс орталығына жақын орналасқан жайлы мекеннің біріне қоныс аудармаққа бел шешті.

– Қостанайға жақын Алтынсарин ауданына көшетін болдым. Ол кезде үлкен анам бар еді. Анам маған: «Қарағым, мынау туған жердің топырағының өзі адамға үлкен күш береді. Ата-бабаң да ықылым заманнан осы жерді мекен етіп келді. Көшкен жұрт көше берсін, туған жердің киесі, туған жердің топырағы қорғайды, сен көшпе!» деді. Анамның сөзін аттап кете алмадым. Сол тұста жұбайым қатты ауырып, төсек тартып қалғанда, Арқалықта үш ай қасында болып, ауылдан желтоқсанда кетіп, 22 наурызда бір-ақ оралдым. Ауылда керемет жайқалып тұрған ағаштар көп еді, тұрмыстың қиындығы сондай, жұрт сол ағаштың бәрін отқа жағып тастаған. Халық жеке күнелтудің не екенін білмеді. Осыдан кейін анамның ақылымен жұмыстың бәрін қайта бастауға тура келді. Қираған ауыл, бұзылған үйді қайтадан орнына келтіріп, елдің еңсесін көтеруге бекіндім, – дейді еңбек ардагері.

Соның нәтижесінде қазір Көл­қамыс Торғай өңіріндегі бірлігі мен ынтымағы жарасқан, тұрғындарының қолынан іс келетін іргелі ауылға айналды. Елді ауылға тұрақтандыру мақсатында елжанды азамат ең әуелі 9 жылдық ауыл мектебінің іргесін түзеп, шатырын бүтіндеп, медпункт ашты. Мұғалімдердің өзге өңірге кетіп қалмай, Көлқамыста қалуына жағдай жасады. Ол кезде ақша да жоқ. Кәкімжан аға мұғалімдердің әрқайсына мал беріп: «Осыны ұста немесе сатып, ақша қыл, әйтеуір мектеп қаңырап қалмасын» деп ауылдағы жалғыз білім ошағын ұстап қалады. Ауылды көгалдандырып, қайтадан ағаш екті. Бұрын ауыл мек­тебінің жанынан ашылған ша­ғын орталықта 27 бала бар еді, бүгінде мұнда тәрбиеленіп жатқан балдырғандардың саны 83-ке жетті.

– Бізде бала туу мәселесі де жақсы. Ауыл халқының азайып кет­пеуі үшін, жасыратыны жоқ, ауыл дәрігерінен «Биыл неше келін жүк­ті, шамамен неше перзент дүниеге келеді?» деп сұрап отырамын. Қазір шүкір, ел қалпына келді. Халық орнықты. Әрқайсының өзінің тұрақ­ты жұмысы, ұстап отырған малы бар, – дейді қария.

Кәкімжан ақсақал тек Көлқамыс­тың ғана қамын күйттеп отырған адам емес. Оны жалпы Торғай өңірінің тағдыры жиі алаңдатады. Абыз кеудеге көптен бері маза бермей келе жатқан түйткілді мәселе – туған жерге жастар көбірек тұрақтаса, ауданның бүгіні берекелі, болашағы жарқын болар еді деген ой. Ауданнан бір адам көшіп кетсе де қабырғасы қайысып, жүрегі ауырады. Әкімдерге телефон соғып: «Ол неге көшті? Не себеп? Оны алып қалуға қандай жағдай болмады?» деп ренішін білдіріп отырады. Тіпті кезінде қалаға көшіп кеткен елге тұтқа боларлық біраз азаматқа «Сіздер елді неге тастап кетесіздер? Әркімнің туған жері бар. Енді ақылман сендер кеткенде, білек күші бар жастар кеткенде, мынау Торғай орта түседі ғой» деп реніш-назын айтып, «Егемен Қазақстан» газетіне де ашық хат жазды.

Табиғатынан мінезге бай, кісі бойын­дағы қылтың-сылтың ұсақтық­қа жаны қас Кәкімжан ақсақалдың ел ішінде біреуге жақса, біреуге жақпай қалатыны да рас. Бар кінәсі – қанына дарыған турашылдығы мен бетке айтар тік мінезі. Ханға да, қараға да ойындағысын ашық ақтара салатыны содан. Әсіресе, мәселе ел мүддесіне келіп тірелгенде, ешкім­нің алдында еңсе түсіріп, ойын жасырып қалған емес.

– Осы өңірден кеткен жастары­мыздың көбі не Қостанайда, не Астанада керемет бір белгілі жұмыс істеп жатқан жоқ. Біреудің күзетшісі, біреудің жүгін тасып жатыр. Біз неге өзімізді өзіміз қорлаймыз? Атакәсіппен айналысқан адамға осы жерде үй де, көлік те, тамақ та, абырой-бедел де болады. Анда-санда ауыл аралап келетін депутат­тарға да: «Қарғам, еліңе, жұртыңа қарағандарың дұрыс. Мынау отыр­ған халық сіздерге арқа сүйеп отыр. Мынау бастауыш мектептер неге жабылады? Мектептің жабылуы халықты ыдырату ғой. Сонда әлгі депутат маған: «Бұл елде халық жоқ» деп жауап берді. Халық жоққа кім кінәлі? «Жағдайы болса, мүмкіндігі болса, бұл жерден халық кетпейді» дедім. Мынау мен көрші отырған ауылдан көшіп кеткен Әскербек деген інім қайтып көшіп келгенде, «Айналайын, елге көшіп келгенің үшін» деп соғымын апарып бердім, – дейді Кәкімжан қария.

Кейде «Дүние – жалған» деп жатамыз, егер ер азаматтың артында игі ісі, елге сіңірген еңбегі, ұлағатты ұрпағы қалса, бұл дүние неге жалған болсын? Кәкімжан ақсақалдың айтуынша, әр азамат толық адам болып қалыптасу үшін байлық-дүние қуып, құлқынға құл болып кетпегені жөн. Ең бастысы ақыл қайраты мен ыстық жүрегіндегі иман байлығын жұтатып алмауы керек.

– Кейбіреулер маған: «Сен бай­сың ғой» дейді. Соны жаным жек көреді. Адамның басы бай, жүрегі кең, пейілі түзу болуы керек. Осы қасиеттерге ие адам барлығын үлгертеді. Ал енді басы бай емес, пейілі жаман адам халықтың игілі­гіне жарата алмаса, қоралы қойдан, үйірлі жылқыдан қайыр таба ала ма? Осы біздің ауылда 30-дың үстінде түтін бар. Әрқайсының 100-ге тарта қойы, 10-15 сиыры, 3-4 жылқысы, түйесі бар. Жаз биесін байлайды, қыс сиырының сүтін сауып, майын алады. Қымызы мен шұбатын сатады. Осындай жағдайға келтірдік, – дейді Кәкімжан аға.

1997-1998 жылдары әйгілі Албар­бөгет жырылып шабындықтарға су жайылмай, жол қатынасы мүлдем қиындап кетті. Бұл мәселе ауыл жанашыры Кәкімжан Кәрбозовтың тікелей араласуымен Үкіметке дейін жетіп, мемлекеттен 74 млн теңге қаржы бөлініп, бұзылған бөгет дер кезінде күрделі жөндеуден өтті. «Кәкімжан ағаның араласуы­мен сол кезде күрделі жөндеу көрмегенде Албарбөгет бүгінде құнын жоғалтып, қазір бөгетті ұстап тұруымыз қиынға соғатын еді. Қазір жөндейтін болсақ, ол 74 млн емес, 700 млн теңге болып кетер ме еді? Дәл уақытында біткен іс болды», дейді аудан басшылары.

1996-1997 жылдары иесіз қалған шалғай қыс­тақтар мен шағын ауылдарда электр сым­дары ұрлана бастады. Мәселен, сол кезде Қарақоға бөлімшесі бағытындағы 16 баған­ның электр желілері қолды болып кетеді.

– Бір үй болсын, екі үй болсын, әр шаруа қожалығының басында электр қуаты келіп тұратын бағана бар. Осы бағаналардың сымы ұрлана бастағанда жан-жаққа күзет қойып, ешкімді жолатқан жоқ. Әйтпесе, өзінің Көлқамысының тоғын ғана сақтап қалып, отыра беруге болатын еді. Осы өңірдегі бір бағана сымдарының сақталып қалуы – осы Кәкімжан ағамыздың арқасы. Ол кісі әр жерге адам қойып аңдытып, ауданға, облысқа, республикаға дейін шығып сақтап қалды. Міне, уақыт өтті, қазір соның игілігін ел көріп жатыр, – дейді Жангелдин ауданының әкімі Шота Оспанов.

Кәкімжан Карбозов негізін қалаған «Сыма» шаруашылығы – бүгінде Қабырға бойын ен жайлаған бүтін бір елді мекеннің бере­келі тіршілігінің кепілі. Қайратты қария бүгін­де шаруашылық тізгінін ұлы Манатқа тапсыр­ған. Есті ұл әке кәсібін дөңгелетіп әкетті.

– Осы берекелі тұрмыс-тіршіліктің түп қазығы – әкемнен алған тәлім-тәрбие. Біз өзіміз, бір сөзбен айтқанда, ең­бекші отба­сында дүниеге келдік. Әкеміз осы өңір­­де туып-өсіп, ер жеткеннен кейін еңбекке аралас­ты. Бір адамдай ең­бек етіп, құрметті дема­лысқа шы­ғып, енді қазір әулеттің абыз ақса­­қа­лы болып отыр. Біздің еңбекке ерте ара­ла­суымызға, осындай шаруа­шы­лық­ты құруымызға, бәріне басшы бо­лып, жеткізген әкеміздің еңбег­і. Еш­қай­сы­мызды қатардан қал­­дыр­ған жоқ. Бәрімізді оқытты, тоқыт­ты. Отбасы­мызда – біз төрт ағайын­ды­мыз. Менің алдым­да екі ағам, бір қарын­дасым бар. Бәрі де өмір­де өз жол­дарын тауып, отбасылы болып, ұр­пақ тәр­биелеп жатыр, – дейді Манат Карбозов.

Бүгінде Манат Кәкімжанұлы басқарып отырған «Сыма К» шаруа қожалығында төрт түлік малдың барлық түрі бар. Жаңашыл, іскер азамат кәсібін дөң­гелетіп, ауыл тұрғындарын дер­лік жұмыспен қамтып отыр. Со­ның нәтижесінде шалғайдағы ауыл көркейіп, уақыт өткен сайын өсіп-өркендеп келеді. Ауылда ауыз­су мәселесі де толық шешілген. Кәсіпкер өз қаражатына мұндағы барлық үйге су құбырын кіргізіп берген.

Кешегі Қыпшақ Сейітқұлдың сынығы, Айсаның жалғасы, төскей­ден малы, төрінен қонағы арылмаған Торғайдың абыз ақсақалы бүгінде елдің берекесін тілеп, туған өлкенің гүлденуін қалайды. Батагөй қария дар­қан даланың ауылы құтты, бола­шағы кемел болатынына нық сенеді.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар