Құқық • 06 Ақпан, 2023

Іс көп, судья аз

223 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен жылы Шымкент қаласында балаларға жыныстық сипаттағы қылмыс жасаған 4 адамды химиялық жолмен кастрациялауға қатысты сот үкімі шыққан. Бұл туралы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Әбсаттар Шахидинов 2022 жылғы жұмыстарды қорытындылауға арналған брифингте мәлімдеді.

Іс көп, судья аз

Аса ауыр қылмыстарды қарайтын сот органы былтыр жасөспірімдер мен кәмелет жасқа толмағандарға қарсы жыныстық әрекеттерге барған 20 іс бойынша үкім кескен. Ең өкініштісі, өңірде сексуалдық жағдайдағы қыл­мыс­тардың саны жылдан-жылға өсіп барады.

Сот төрағасының айтуын­ша, мұның бәріне кінәлі қоғамдағы азғындық. Ал адамдарды әсіресе, жастардың тәрбиесін бұзып жатқан кәдімгі қалта телефоны. Ата-анасының бақылауынсыз қалған бала күндіз-түні телефоннан шық­пай, түрлі әлеуметтік желіге кіріп, қылмыскерлердің арбауына түсіп қалады. Көбінесе әлеуметтік желідегі жасырын танысу бұрыштары арқылы балалар арам пиғылды жандардың арбауына өздері байқамай ілігіп қалып жатады. Сондықтан сот төрағасы ата-аналарға бала тәрбиесінде қырағы болуға, барынша телефондағы виртуалды әлемнен алшақтатуға шақырып отыр.

Сонымен бірге өткен жылы кісі өлтіру дерегі бойынша 25 қылмыстық іс қаралған. Мұндай істер жалпы сотқа жолданған істердің 36 пайызын құрайды. Сондай-ақ сот үкімімен мемлекет ақшасын жымқырған мәдениет басқармасының бір­не­ше қызметкеріне жаза тағайын­далды. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты бұл қылмыс халық арасында үлкен қоғамдық резонанс тудырған болатын.

Спикердің мәлімдеуінше, жылдан-жылға сотқа келетін істер саны көбейіп барады. Мәселен, былтыр 70 қылмыстық іс қаралса, 2021 жылы оның саны 67 болған. Судьялардың жетіспеуінен оларға жүктелетін міндет те ауырлай түскен. Ай­та­лық, заң бойынша бір судья­ның жүктемесі айына 1,8 іс болса, қазір ол 3,5-ке арт­қан. Өткен жылы әр судьяға айы­на 2,5 істен келген екен. Өйт­кені жоғарыда айтылғандай, қа­зір­гі таңда қылмыстық істер жө­ніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бар-жо­­ғы екі-ақ судья бар. Бұл жо­ға­ры ла­уазымды қызметке үшін­­ші маманды тағайындау үшін Президент Жарлық шыға­рады. Ал Мемлекет басшысына ұсынысты Жоғары сот кеңесі береді. Брифингке мәлім болғандай бұл мәселе әлі қаралу үстінде екен.

Сондай-ақ судьялар алқа билерге қатысты да сөз қозғады. Мәселен, бұрын аса ауыр қыл­мыстық істер 24 санатқа бөлі­нетін. Қазір оның саны 33-ке көбейген. Осы ретте алқа би­лердің де санын арттыру қажет­тігі туындап отыр. Соны­мен бір­ге судьялар алқа билер­дің заңы­нан хабары бар, қоғам­дық жұмыста тәжірибесі мол, жауап­кершілікті сезінетін азаматтар болғаны дұрыс және оның құрамында әйелдер мен еркек­тердің арақатынасы тең болса деген ой-ұсыныстарын білдірді.

 

ШЫМКЕНТ