Ауыл • 07 Ақпан, 2023

Ауылға әл беретін несие

299 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ауылдағы ағайынның табысын арттыруды мақсат тұтқан тың жоба арқылы Қарағанды аймағында алдағы уақытта 11 мың шағын несие беріледі. Несиенің сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Кәсіп қылғысы келгенге арзан несие, шын мәнінде, зор көмек.

Ауылға әл беретін несие

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бұл қанатқақты жоба алғаш рет 2019 жылы Жамбыл облысында басталғаны мәлім. Енді Қарағандыда жалғасын таппақ. Өйткені Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бағ­дар­ламаны бүкіл Қазақстанда іске асыруды тапсырған еді. Президент тапсырмасына сәйкес, 2023 жылы жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 52,4 млрд теңге көзделген. Ал Қарағанды облысына 2023-2025 жылдарға 4,6 млрд теңге бөлінеді деген жоспар бар.

Жоба арқылы ауылдағы бұқараға кәсібін ашуға, дамытуға жағдай жасалады. Дәл қазіргі уақытта ауылдағы тұрғындар – облыста 213 мың шамасында. Бұл – пайызға шаққанда облыс тұрғындарының 18,7 пайызы. Ал деректер ауылдық жерде бизнесмендердің саны 8,5 мыңға жуықтағанын көрсетеді.

Қарағанды облысы ауыл шаруашы­лығы басқармасының басшысы Асқар Са­нау­баровтың айтуынша, қазіргі уа­қытта облыстың барлық ауданында жұ­мыс тобы құрылған. Жұмыс тобына ха­лыққа несие мен оның шарттарын түсіндіру жүктелген.

– Ауылдың әлеуметтік-экономикалық ахуалын анықтау үшін облыстың бар­лық ауылдық округіне скрининг жүр­гізілді. Сондай-ақ аудандарда ауыл ша­руашылығы кооперативтеріне беру үшін жер учаскелерін резервтеу жұ­мыст­а­рын жүргізіп жатырмыз. Болжамды ке­пілдерді, әлеуетті қарыз алушыларды талдау жұмыстары да назарда, – дейді басқарма басшысы Асқар Санаубаров.

Екі жылға бөлінетін 4,6 млрд теңгенің биылға 2,4 млрд теңгесі қарастырылған. Осы мақсатты қаржы арқылы биыл 500-ге жуық шағын несие беру – жоспарда. Бұл ретте стартаптардың үлесі барлық берілген несиенің кемінде 30%-ын құ­рауға тиіс екен.

Аймақтың өз ерекшелігін ескере отырып, дамыту бағыттары анықталған. Осы орайда ауыл тұрғындары мал, өсім­дік және ауыл шаруашылығы өнім­дерін қайта өңдеу үшін несие алуына мүмкіндік бар. Сонымен қатар басқа да бағыттар да айқындалары даусыз. Бас­қарма басшысының айтуынша, ол жеке дара қарастырылады екен.

Бүгінгі таңда аймақта қанатқақты жобаға қатысатын ауылдық округтер әлі де нақтыланып, сараланып жатыр. Мұндағы басты шарт – салық орган­дарында тіркелу және кепілмен қам­тамасыз ету. Несиені мерзімі оның саласына тікелей байланысты. Мәселен, мал шаруашылығындағы шағын несие уақыты – 7 жыл. Өзге бағыттарға 5 жыл белгіленген. Несие көлемі зәкірлі ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту үшін 2 500 айлық есептік көрсеткіш, бұл биыл – 8 625 000 теңге және 8000 айлық есептік көрсеткіш, яғни 27 600 000 теңгеге дейін екен.

Негізі борыш пен сыйақы өтеуде жеңілдік кезеңді атап өткен жөн. Бұл несие мерзімі ұзақтығының үштен бірі­нен аспайды. Басқарма басшы­сы­ның мәлім­деуінше, Қарағанды облы­сында несие беру мамыр айында бас­талады.