
Қыс басталғалы, әсіресе, жер үйлердегі өрт қаупі сейілмей тұр. Оның басты себебін мамандар пеш пен электр жылыту құрылғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтамау деп түсіндіреді. Осы орайда құтқарушылар жеке секторлардағы әрбір үйге кіріп, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша ақпарат беріп, тұрғындарға ескерту жасап жатыр.
Мәселен, жаңа жыл басталғалы бері елорданың бір ғана Алматы ауданында 24 өрт болған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 33,3 пайызға артық (2022 жылы 18 өрт тіркелген). Өрт сөндірушілер қызыл жалыннан 2 адамды құтқарып қалған, ал 3 тұрғын жарақат алған.
Рейдті Алматы ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ұйымдастырды.
– Статистика көрсетіп отырғандай, жеке секторларда орын алған өрт саны артып отыр. Сол себепті біз тұрғындарды сақ болып, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырып жатырмыз. Электр желілері мен құралдарын, газ жабдықтарын пайдалану кезінде барлығына селқос қарауға болмайды. Әсіресе жылыту құралдарын пайдалану кезінде оқшаулағышы зақымдалған электр сымдарын пайдалануға тыйым салынады, электр жылыту құралдарын жанғыш заттардың жанына орнатпау қажет. Үйден шыққан кезде барлық электр жылыту құрылғыларын міндетті түрде өшіру керек, – деді Алматы ауданы ТЖБ бас маманы, азаматтық қорғау майоры Ернұр Райымбеков.
Осындай сақтық іс-шаралары жалғаса береді: жылыту маусымы басталар алдында және әрбір үш ай сайын түтіндіктерді күйеден тазалау, жарықтары бар пештерді пайдаланбау, жанып жатқан пештерді, газ плитасын, камин, қосылған электр қыздырғыш және газ аспаптарын қараусыз және балаларды ересектерсіз өздерін қалдырмау қажет. Сондай-ақ электр желісінің артық жүктелуіне әкелетін бірнеше қуатты электр тұтынушыларын бір мезгілде қосуға болмайды, үй, пәтерлерде газ иісі сезілген жағдайда электр жарығын қосуға, сіріңке жағуға, темекі шегуге, ашық отты пайдалануға жол бермеу қажет.
«Өрт немесе түтін шыққан жағдайда өрт сөндіру қызметіне нақты мекенжайын көрсете отырып, «101» немесе «112» нөмірлеріне дереу қоңырау шалу керек», дейді Е.Райымбеков.