Қоғам • 31 Қаңтар, 2023

Жетімді жебейтін бағдарлама

215 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Ана үйі» қоғамдық қоры осыдан бес жыл бұрын Ақмола облысындағы балалар үйінің жұмысына оң өзгеріс әкелетін «Балажан» бағдарламасын қолға алған еді. Кезең-кезеңімен іске асатын жоба негізінде балалар үйінің ата­уын ауыстырумен шектелмей, балалардың отбасымен қауышуына көп көңіл бөлінді. Себебі бала құқығын қорғайтын халықаралық және елдегі ұйымдар балғындардың отбасындағы бақытты өмірін ешқандай мекеме алмастыра алмайтынынан хабардар.

Жетімді жебейтін бағдарлама

Былтыр Балалар жылы аясында іске асқан баянды бастамалар көп. Жас өскін­дер буыны қатайып, оң-солын танығанша қауіпсіз, жайлы ортада жетілуіне, балалық шағын бақытты өткізуіне үкімет бейжай қарамайтынын білдік. Сондықтан бала­лардың игілігі жолында басталған үйле­сімді жобалар жалғасады. Мысалы, «Балажан» жобасы бірнеше жылдың шеңберінде Оқу ағарту министрлігі, Ақмола облысының әкімдігі және «Ана үйі» қоғамдық қорының қолдауымен іске асып келеді. Жуырда ведомство, мекеме және ұйымдардың өкілдері интернат түріндегі балалар мекемелерін трансформациялау мәселесі бойынша кеңес өткізді. Кеңес отырысында Ақмола облысының Ақкөл қаласындағы балалар үйін балаларға қолдау көрсету орталығына ауыстыру бо­йынша қолға алынған шаруаның аралық қорытындысы қаралды.

Былтыр Ақмола облысы Ақкөл қала­сын­дағы балалар үйінің ресми атауы өзгеріп, өмірлік қиын жағдайдағы балалар­ды қолдау орталығы болып қайта құрыл­ды. Осы жаңашылдық та балаларды отбасымен қауышуға жәрдемдеседі. Оқу-ағарту министрлігінің балалар құқығын қор­ғау комитетінің бас сарапшысы Жанна Сәр­сен­баева бағдарламаның балаларға жайлы орта қалыптастыруға негізделгенін айтты.

– Бағдарламада балаларды отбасылық өмірге бейімдеуге басымдық берілген. Баланы өзінің отбасына, туыстарына немесе бала асырап алуды жоспарлаған отбасылардың тәрбиесіне беруге ықпалдасу маңызды. Нақ қазір елде 23 өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы ­­бар. Онда 3 мыңнан аса бала тәрбиеленеді. «Балажан» жобасының бір бағыты – балалардың ортасын барынша отбасылық өмірге негіздеу. Яғни орталықтағы балалар елдегі кәнігі қарапайым отбасындағы тіршілікті көріп, біліп өседі. Орталықта тәрбиешілер ананың қызметін атқарады. Әр үйде ас бөлме, ойын бөлмесі және жатын орны жабдықталған әрі бөлек орналасқан. Сонымен қатар бір анадан туған бауырлар ажырамай, бірге өмір сүреді. Бір сөзбен айтқанда, балалар отбасылық өмірді көріп, сезініп, түйсінеді. Бір үйдің балалары біріне-бірі жәрдемдесіп, қарайласады, – дейді сарапшы.

Мамандар бағдарламаның тиімді­лігі байқалғанын, балалардың психо-эмоционалдық жағдайы едәуір жақсар­ғанын алға тартады. Оған, расында, бал­ғын­дардың балалар үйінде емес, өз отба­сын­дағыдай жайлы, жылы ортада өмір сүруі әсер етсе керек. Министрлік хабарлағандай, елде 20 мыңнан аса жетім бала бар болса, оның 80 пайызы отбасында тәрбиеленіп жатыр. Түрлі себеппен орталыққа жақында келген балалар өздері осыған дейін білім алған мектебіне барады. Өйткені жас өскін орталыққа келгенде қиналмауы керек.

Осы тұста Ақкөл қаласы өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орта­лығының директоры Ботагөз Қазбеко­ва бағдарламаның тиімділігі жайында тарқатып айтып берді.

– Былтыр шілдеде Ақмола облысының әкімдігінің қаулысымен балалар үйінің атауы балаларды қолдау орталығы болып ауысты. Ал «Балажан» жобасын 2018 жылдан бері «Ана үйі» іске асырып келеді. Бұрын бізге жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар орналасатын. Ал қолдау орталығы болғалы біз жетім балаларды, ата-ана құқығынан айырылған отбасындағы балаларды және өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қабылдаймыз. Ата-анасы бар балаларды да уақытша орталыққа орналастыра аламыз. Ережеге сай олар 6 айға дейін қолдау орталығында тұруына болады. Сол уақыт аралығында біз баланың отбасымен байланыс орнатып, ата-ана мен балаға жан-жақты әлеуметтік, құқықтық қолдау көрсетеміз. Бізде әлеуметтік педагогтер, педагог-психолог, заңгер, дәрігер, тәрбиеші сынды мамандар бірлесе еңбек етіп, балаларды ең әуелі отбасына қосуға жәрдемдеседі. Орталықтың тағы бір мақсаты – жетімдіктің алдын алу. Бала отбасына қосылған соң да біз оларға әрдайым қолдау көрсетеміз. Үкімет қанша жайлы орта қалыптастырып, көмегін үйіп-төккенімен, балғындар ең бірінші өзінің жанұясын іздейді, ата-анасымен бірге тұруды армандайды. Орталықтағы мемлекеттік мектепте оқитын балалардың 70 пайызы – өзге ұлттан. Олар қазақ сыныптарында білім алып, қазір қазақ тілінде еркін сөйлеседі. Оның ішінде бір отбасынан келген төрт, үш ағайындылар да бар. Оларды бірінен-бірін бөлмейміз. Балалар бірін-бірі алаламайды. Керісінше, біріне-бірі көмектесіп, отбасы құндылығын түйсініп жетіліп жатыр, – дейді ол.

«Балажан» бағдарламасы орталықтағы балалардың отбасы құндылығын түсінуге мүмкіндік береді. Кейін орталықтағы балалар отбасына қосылғанда қиналмайды. Қазір Ақкөл қаласындағы осындай орталықта 8 отбасы бар екен. Әр отбасында – 8-9 баладан. Олар қаладағы төрт мектепке қатынайды. Сол секілді үш бала қаладағы балабақшаға барады. Бағдарлама басталған уақыттан бері дәл осы орталықтағы 104 бала отбасымен қауышқан. Қазір 73 бала бар. Ал төрт жыл бұрынғы есеп бойынша 125 бала болған. Осы тұста әр жылдары орталыққа келетін балалардың да бар екенін қаперден шығармағанымыз абзал. Осындай оң нәтижеден соң «Ана үйі» қоғамдық қоры тәжірибені елдегі өзге де өңірлерде іске асыруды көздеп отыр. Әзірге бұл мәселе заң шеңберінде қаралып жатыр.