Қоғам • 31 Қаңтар, 2023

Әскери борыш: Бейбіт күндегі берекесіздік

320 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Әскерге «Отан қорғаймын!» деп кеткендер табытпен оралып жатыр. Соңғы уақытта елімізде сарбаздардың өлімі жиілеп кетті. Бейбіт күнде жалғыз ұлынан айырылған ананың көл болған көз жасын кім сүртеді? Қорғаныс министрлігі көбіне-көп суицидтің себебін «махаббат жырымен» байланыстырып, отбасындағы тәрбиенің осалдығын алға тартып отыр. Құзырлы орган нақты шаралар қабылдамаса, әскер жақтан тағы қанша қаралы хабар келеді?!

Әскери борыш:  Бейбіт күндегі берекесіздік

Қызыл диплом һәм қара қағаз

Қазір қоғамда әскер туралы теріс пікір қалыптасқан. Сарбаз өлімі жазатайым оқиға болса бір жөн. Өз-өзіне қол жұмсап, ажалы өзге сарбаздардың әлімжеттік әре­кеттерінен келіп жатыр. Сарбаз­дардың өлімі ұл тәрбиелеп отырған ата-аналардың жүйкесіне кері әсерін тигізіп отырғаны рас. Қазір кез келген тұрғынды тоқтатып, «Балаңызды әскерге жіберуге қалай қарайсыз?» деп сұраңызшы. Қорғаныс министрлігіне шағымын айтып, баласын әскерге жібергісі жоқ. «Қазіргідей халықаралық қақтығыстар белең алған алмағайып заманда тез арада әскерде тәртіп орнатылуға тиіс. «Балық басынан шіриді» демекші, әр сарбаздың өлімі үшін шенділер жауап беру керек», деген пікірді алға тартады жұртшылық. «Министрлік «сарбаздарға тегін білім грантын үлестіріп жатырмыз» деп жүйелі жұмыс істеп жатқан кейіп танытпай-ақ қойсын, қызыл диплом мен қара қағаздың құнын салыстыруға болмайды!» дейді қалың көпшілік.

Былтыр орын алған сарбаздардың өліміне қатысты қайғылы жағдайлар ұмытыла қойған жоқ. Жуырда өт­кен жылы Жамбыл облысындағы Шөл­дала шекара бекетінде өзіне-өзі қол салды делінген 18 жастағы сарбаз Бекбол Мираштың өліміне қатысты тың деректер жарияланып, қоғамды дүр сілкіндірген еді. Істің ақ-қарасы алдағы уақытта белгілі болар.

Өткен жылы 29 шілде сағат 21:00 шамасында Степногорск қала­сындағы әскери бөлімде Ұлттық ұланның әскери қызметкері асылып қалған жерінен табылған еді. «Автопаркте кезекші қызметін атқарып жүрген мерзімді қызметтегі қатардағы сарбаз Н.А.Оразбай кезекшіден дәретханаға баруға сұ­ранған. Біраз уақыттан кейін ол автопарк қоймасында асылып қалған жерінен табылды», делін­ген ресми хабарламада. Авто­парк кезекші қызметі дереу алғашқы медициналық көмек көрсет­кен. Одан кейін сарбаз жедел жәрдем­мен Степногорск қаласының орта­­лық қалалық ауруханасына жеткі­зілгенімен көз жұмды.

Араға күн салмай, дәлірек айт­сақ, 30 шілде сағат 05:15-те әскери бөлімге аға сержант А.С.Мер­ғалиевтің өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат түскен. «Мән-жайды нақтылау кезінде жұбайының түнгі сағат 03:30 шамасында күйеуінің денесін үйінің дәретханасынан тауып алғаны белгілі болды», деп хабарлады Ұлттық ұлан. Арнайы комендатураның қарауыл бастығы, аға сержант Абылай Мерғалиев Ұлттық ұлан қатарында 2015 жылдан бастап қызмет етіп келген.

Екі оқиғаны ғана тілге тиек еттік. Қайғылы жағдайлардың жиілеп кетуі соншалық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан армиясындағы әскери қызметшілер арасында өлім-жітімнің жиілегеніне ерекше назар аударып, арнайы комиссия құруды тапсырған болатын. Президент келеңсіздіктердің себебін тергеп-тексеру, әскери қызметшілер арасындағы заңсыздықтарды жою және келешекте әскердегі мұндай теріс іс-әрекеттерді болдырмауды нақтылап, осындай жағдайға жол берген офицерлер жазаланатынын ескерткен еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 22 сәуірде Жамбыл облысында Гвардейск әскери қалашығындағы госпитальде мерзімді әскери қыз­метке шақырылған сарбаз Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты істің нақты себебін анықтауды тап­­сыр­ғаны белгілі. Бұл ретте Қорғаныс министрлігі жеке құрам­­ды жеткі­ліксіз бақылау және 30212 әскери бөлімінің лауазымды тұлға­лары тарапынан жұмыстағы олқы­лықтар фактісі бойынша қызметтік тергеу жүргізген болатын. Кейіннен 30212 әскери бөлімінің командирі және осы бөлімнің оқу ротасының командирі лауазымынан шеттетілді. Одан бөлек сарбаз өліміне байланыс­ты аталған әскери бөлімнің тағы 3 лауазымды тұлғасы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Айтпағымыз, әр сарбаз өлімінің нақты себебі анықталып, кінәлілер қатаң жауапқа тартылуы керек! Бұл – қоғамның талабы.

 

Кім кінәлі?

Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев соң­ғы уақытта әскерде жиі болатын сарбаздардың өліміне байланыс­ты пікірін білдірді. Генерал азамат­тық борыштың бұрынғыдай 2-3 жыл емес, 1 жылға қысқарса да сар­баз­дардың өлім-жітімі тоқтамай тұрға­нына күйініп отыр.

– Мұнда барлық кінә – командирден. Әрі жергілікті әкімдіктер де жауапкершілікті сезінбейді. Әскерге жіберу жоспарын миларына құйып алған. Жүгіріп жүріп военкоматқа тізім тапсырады, болды. Әрі қарай бақылау жоқ. Командир сарбазға әке де, ана да болуы керек. Кейде оның көлеңкесінде өзгелері осындай қитұрқы әрекетке барып жатады. Бұл жағдайда да жауапты командир болып қалатыны сөзсіз. Сондықтан қазір көп адам командирліктен қашып жатыр. Мұны тоқтату үшін реформа керек. Яғни ол жерде ең алдымен кім болсаң да әрбір опа­сыздыққа кінәліні шеніне қара­май жазалау керек. Мейлі генерал, мей­лі сержант болсын, қатаң жазалау қа­жет. Тіпті бүкіл елге көрсету керек. Білсін. Сол кезде аяқ тартады. Бұл жағдай тоқтайды, – дейді генерал.

Жұртшылықтың жағымсыз пікіріне қатысты былтыр маусым айында Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов өз уәжін айтқан болатын. Оның пікірінше, соңғы кездері жиілеп кеткен сарбаздардың өліміне әскери сала кінәлі емес. Салаға жа­уапты тұлғаларға жала жаппас бұрын жастардың суицидке баруының себебін анықтау қажет.

– Біз бірінші кезекте жастардың өз-өзіне қол салуының астарына үңілуіміз қажет. Мұндай жағдайға тек әскер немесе әскери сала ғана кінәлі болмайды. Бозбала әскери борышын өтеуге келгеннен кейін оның өмірі үшін жауапкершілік командирге жүктелетіні айдан анық. Алайда адам әскер қатарына жетілген, толысқан күйде, қоғам ара­сынан келеді. Ол өз мәселелерін, жанын жеген проблемаларды өзімен бірге арқалай келуі мүмкін, – деген еді министр.

Министрліктің мәліметінше, әскерге барып, Отан алдындағы парыз­ды өтеуге әрбір азамат мін­дет­ті. «Әскерге барудан қорқып жүргендерге айтарымыз – қазір барлық Қарулы Күштерде құқық бұзушылықтарға жол бермеу шаралары қолданылып жатыр. Барлық құрылым бір шақырылымның әскери қызметшілерінен жинақта­лады. Әлімжеттік барлық жерде жойылған десек те болады. Казармалар әскери бөлім бойын­­ша кезекшіге шығарылған бейне­бақылау жүйелерімен жаб­дық­­талған, бұл жағдайды үнемі қадағалап отыруға мүмкіндік бере­ді», дейді аталған ведомство ұсынған ресми ақпаратта. Сондай-ақ ресми хабарламада әскерде болған келеңсіз жайттар туралы анонимді түрде хабар­лауға болатыны айтылған. «Сар­баздарға бас және өңірлік әскери қолбасшылары, тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бо­йынша орынбасарларының ұялы телефон нөмірлері беріледі. Ол нөмірлерге кез келген уақытта қоңы­рау шалып, SMS хабарлама жазуға болады. Сондай-ақ ано­­ним­ді түрде хабарлай алады. Келіп түскен әр өтініш бойынша тексе­ріс жүргізіледі. Егер тәртіп бұзу­шылық анықталса, жедел шара қолданылып, кемшіліктер жойылады», дейді министрлік басшылығы.

 

Әскери салаға реформа қажет

Әскерге міндетті борышкер­лердің статистикасын сараптасақ, 60 пайызы енжарлық немесе қор­қақтықтан бас тартса, 30 пайызы жарамсыздық себебінен әскерге бармайды екен. Тек 10 пайызы ғана өздігінен әскерге баруға сұрана­тын көрінеді. Қарулы Күштері Бас штабының ұйымдастыру-жұмылдыру департаментінің аға офицері Руслан Тапашевтің айтуынша, бүгінде елімізде 30 мыңнан аса азамат Отан алдындағы борышын өтеуден қашып жүрген көрінеді. Былтыр әскерге барудан жалтарып, есепке алу құжаттарын қасақана бүлдірген немесе жоғалтқан 4 мың­ға жуық адам әкімшілік жауапқа тартылған. «Жергілікті әскери органның шақыртуы бойынша келмеген азаматқа 5 АЕК айыппұл салынады. Ал әскерге шақырылушы әскерден бірнеше рет жалтаратын болса 1000 АЕК дейінгі айыппұл, не болмаса 400 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады немесе 1 жылға дейін бас бостандығынан айырылады», дейді Р.Тапашев.

Жастар неге әскерден жалтарады? Әлімжеттіктің әсері бар екені сөзсіз. Өзге де жекелей себептер де жоқ емес. Мәселен, психолог Балабек Сақтағановтың айтуынша, қазіргі уақытта жастардың тұрақты айналысатын хоббиі бар, өздерінің айналысатын сүйікті істері бар. «Сол істерінен, күнделікті қалып­тасып қалған өмір сүру дағдысынан ажырағысы келмейді, өмірін өзгерткісі келмейді», дейді ол.

Қорған болып ел қорғайтын қатарласым келді деудің орнына, бар білгенін үйретудің орнына ұрып-соғуға құмар «дембельдер». Балық басынан шіритінін біліп айтқан ғой бабаларымыз. Басшылар да бар былыққа көз жұма қарап отырғаны өтірік пе? «Бас жарылса бөрік ішінде» деген пиғылмен кез келген шуды әскери бөлімнің сыртына шығармауға тырысады. Сарбаз өлімін жасыру мүмкін емес, әрине. Отан алдындағы борышын өтеп келген кез келген жас «таяқ жедім» деп турасынан айта қоймас. Шын мәнінде «өмір мектебінен» өтетінін жасырмайды. Бұл – психологиялық әлсіздік. Құлдық сана. «Мен таяқ жедім, менен кейінгілер де таяқ жеуге тиіс» деген жабайылық. Әлімжеттік болмаса сарбаздар үйінен ақша сұ­рап сары уайымға салына ма? Жау­дың көзін құртуға берілген оқ өз-өзін «жұтуға» жұмсала ма? Әс­кер­ге сау болып барған жас отбасына ақыл-есі кем болып қайтар ма еді?

Қазіргідей алмағайып заманда әр сарбаздың тағдыры маңызды. Бейбіт күнде жалғыз ұлынан айырылу оңай емес. Сарапшылардың айтуынша, біздің Қарулы Күштерде екі проблема – қатардағы жауын­герлердің зәбір көруі, әскердің ел алдында беделінің төмендеуі байқа­лып отыр. Бұл – мемлекетті қорғау саласындағы жүйелі проблема, азаматтар мен әскер өкілдері бұл мәселені бірігіп шешуі қажет. Яғни еліміздегі әскери-патриоттық тәрбиені қайта қарау өте маңызды.