Қоғам • 12 Қаңтар, 2023

«Еркектерді аялаңдар!»

170 рет көрсетілді

Қазақстан 2000 жылы суицид деген сұмдықтан дүниежүзінде 6-орынға шығып, отандастарымыздың арасын­да­ғы өзін-өзі өлтіру көрсеткіші 100 мың адамға 39,4 жағдайдан келген. Содан кейін еліміздегі осы қасіретті құбы­лыс біртіндеп кеми бастады. Дүние­жү­зілік денсаулық сақтау ұйымы 2021 жылы жариялаған рейтинг бойынша Қазақ­стандағы суицид 100 мың адамға шақ­қа­н­да 18,05 жағдайға дейін азайып, 184 мем­лекеттің ішінде 18-ші орынға жайға­сып­пыз.

Ал ТМД-ға мүше-мемлекеттердің ішінде Ресейдегі ахуал ғана біздің елмен салыс­тыр­ған­да нашар болып, ол 12-орынды (100 мың адамға шаққанда 21,6 жағдай) місе тұтыпты. Украина – 20-шы (17.73), Беларусь – 23-ші (16,49), Молдова – 51-ші (12,17), Өзбекстан – 92-ші (8,28), Қырғызстан – 93-ші (8,28), Тәжікстан – 135-ші (5,32), Әзербайжан – 153-ші (3,97), Армения 169-шы (2,66) орындарды еншілепті.

Өкінішке қарай, елімізде өзіне қол жұм­сағандар саны әлі де көп. Бас прокура­ту­раның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мә­лі­ме­тіне сүйенсек, былтыр өмірмен өз ер­кімен қоштасқан қазақстандықтардың саны 3951-ге жеткен. Кейінгі үш жылда, әсіресе ер адамдардың өзін-өзі өлтіруі көбейген. Мысалы, өткен жылы 3045 ер адам өз қо­лынан мерт болған. Бұл – суицид жасаған бар­лық адамның 77 пайызы. Тағы бір назар аударарлығы – өзін өлімге қиғандардың ең көбі (24 пайызы) – 45-54 жас аралығындағы, өмірдің ащы-тұщысын татқан азаматтар. Дені – ер адамдар.

Бір қынжыларлығы – отандастарымыздың суицидке бару себептері осы уақытқа дейін жете зерттелмепті. Өткен жылы өзіне-өзі қол жұмсау себептері анықталған аза­мат­тар­дың 10 пайызы – жалғыздықтан, 5,4 пайызы – әбден кедейленіп, қарызға бат­қан­дықтан, 3,6 пайызы ауыр науқасқа шы­да­ма­ғандықтан жан қиған көрінеді. Алайда былтыр суицид жасау себебі белгісіз адам­дардың үлесі 29 пайызға жетіпті. Бұл жал­ған­нан не үшін түңілгені жайлы ешкімге тіс жармай ақтық сапарға аттанған 1,1 мыңнан астам адамның ішінде қандай құпия сыр кеткені бір Аллаға аян.

Пайымдап қарасақ, осы қасіретті құбы­лыс­тың тамыры тереңде жатыр. Кеңес зама­нында халқымыз, негізінен, кеңшарлар мен ұжымшарларда «Жұмыс істесең де – 100 сом, жұмыс істеп жарытпасаң да 100 сом» де­ген­дей теңгермешілік жағдайында еңбек етіп, бойына жалқаулық дертін жұқтырып алды. Мандытып жұмыс істемесе де отба­­­сын аш-жалаңаш қалдырмауға жететін тұрақты жалақы алып үйренген жұрттың көбі қорасында мал ұстап та жарытқан жоқ. Оның үстіне, ел ішін маскүнемдік жай­лап, арақ ішпейтін кісі көзге түрткі болып, «ақ қарғаның» күйін кешті. Осылайша жалқаулық пен маскүнемдікке бой алдырған көпшілік, әсіресе ер азаматтар кеңес одағы ыды­рағаннан кейін тәуелсіздік алған Қазақ­станда экономикалық дағдарыс басталып, кеңшарлар мен ұжымшарлар жаппай жабылған кезде екі қолдарына бір күрек таппай қиналды. Аз да болса мал ұстағандары қорасындағы түлігінің басын көбейту қа­мына кіріссе, малы жоқтары өздері се­кіл­ді жұмыссыздармен бірге қарт ойнап, Қытайдан әкелінген арзан техникалық спиртті ішіп, денсаулықтарын құртып жатты. Сол кезде Мұқағали Мақатаевтың «Қайран біздің шешелер арды ойлаған» деп жырлағанындай, әйелдер отбасыларының тағдыры үшін зіл-батпан жауапкершілікті өз мойындарына алды. Қаладағы нәзік жандар белдері майыса ала қап арқалап, шет мемлекеттерден арзан тауар тасып, сау­да-саттықпен айналысса, ауылдағы аналар отбасыларынан артылған қаймағы мен майын аудан мен облыс орталықтарындағы базарларға, тіпті көршілес Ресейдің ірі өнеркәсіпті қалаларына апарып сатып, тиын-тебен тауып, бала-шағаларын асырады. Ал өз дәрменсіздігіне күйінген талай ер азамат өзіне қол жұмсап жазым болды. Сол келеңсіз жағдай кейінгі жылдары қайта туындағаны анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Қазақстанның байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында болған, халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайтын және мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес елде басқаша болуы мүмкін де емес еді. Ендігі үміт – Мемлекет басшысы ұсынған әділетті Қазақстанды орнатуда. Суицид белгілі кинофильмдегіше «Еркектерді аялаңдар!» деп тұрғандай болғанымен, ер азаматтарға, ең алдымен, жұмыс тауып беру керек.

 

Соңғы жаңалықтар

Дипломатияның даму жолдары

Саясат • Бүгін, 08:58

Сөз өнерінің суреткері

Қоғам • Бүгін, 08:50

Еңбек құқығы қорғалады

Еңбек • Бүгін, 08:45

Су басу қаупі жоқ

Төтенше жағдай • Бүгін, 08:40

Ауылға әл беретін несие

Ауыл • Бүгін, 08:30

Бағыты айқын «Respublica»

Партия • Кеше

Ауыл жоқшысы

Отбасы • Кеше

Парасатты полиция

Қоғам • Кеше

Іс көп, судья аз

Құқық • Кеше

Аспалы жолда абайла!

Аймақтар • Кеше

Апатты жағдайдың алдын алды

Төтенше жағдай • Кеше

Тасқынға – тосқын

Аймақтар • Кеше

Сағи жыры

Әдебиет • Кеше

Мәңгіліктің елесі

Әдебиет • Кеше

Ұқсас жаңалықтар