Білім • 12 Қаңтар, 2023

Бәсеке заманындағы білім

565 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Ақылы мектептің артықшылығы мен кемшілігі неде?

«Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені мұғалім мектептің жүрегі» деген-ді Ы.Алтынсарин. Қазір осы дөп айтылған сөзбен қатар «Оқымайтын оқушы жоқ, қызықтыра алмайтын ата-ана, мұға­лімдер» деген пайым да айтылып жүр. Аңғарғанымыз, бұл пікірмен басқа-басқа, ақылы мектептің мұғалімдері санасады. Онда­ғы оқушылардың білімі таяз болса, ата-ана баласын ақылы мек­тепке сүйреп, шығындалып қайтеді? «Ақылы мектептің артық­шы­лығы мен кемшілігі неде?» деген сауалдың шеті осыдан шығады.

Бәсеке заманындағы білім

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Елде жекеменшік мектептер әлі ашыл­маған тұста ата-аналардың басым көп­шілігі баласының жақсы оқып, сапалы білім алуы ынта-жігеріне, талпынысына, тәрбиесіне байланысты деп топшылады емес пе? Түйсікте «Балалардың мүмкіндігі бірдей. Осалы жоқ» деген сипаттағы ой қалыптасып, санаға сіңіп жатқаны қазір ғой. Бұрын (қазір де бар-ау) мұғалімдер жоғары сыныптағы озат оқушының деңгейіне көбірек көңіл бөлсе, үлгерімі төмен балалар назардан тыс қалатын. «Тентекті тентек десе, бөркі қазандай болады» деген. Оқушыны оқымайды екен деп еркіне жіберсе, бала да мұғалімнің осы әрекетін санаға түйіп жетіледі ғой. Елімізде баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін мектептен тыс қосымша үйірме және спорт нысандарын ашуға басымдық беруінің мәні осында секілді.

Әрі былтыр «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының қолға алынуы тектен-тек емес. Ата-ана­лар баланың үлгеріміне төменгі сы­нып­тан бастап қарайласса, білімнің не­гізін санаға сіңірген оқушы орта және жоғары сыныпта өзі үшін іздене бастайды. Қазақ отбасыларында көбіне-көп үй кенжесінің үлгерімі төмен болатыны, сайып келгенде баланың сабағына жіті назар аудармағаннан болса керек.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елде жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру шеңберінде 500-ге жуық жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Оның 300-ден астамы – ақылы. Осы тұста жекеменшік мектептердің үлесін арттыруға арналған бағдарлама біріншіден, мектептегі орын тапшылығын жоюға бағытталғанын айта кеткеніміз жөн. Себебі елде үш ауысымда білім беретін, ескі, апатты жағдайдағы мектептер бар. Екіншіден, білім беру сапасын жақсартып, педагог мәртебесін арттыруға ықпалдасады. Үшіншіден, инвесторлар үшін ұзақмерзімді бизнес жоба. Ашып айтар болсақ, мемлекет жеке кәсіпкерлерге 8 жыл шеңберінде мектеп салғаны үшін 96 АЕК, мектепті жаңартқаны үшін 47 АЕК, сонымен қатар операциялық шығындар үшін жылына бір оқушыға орта есеппен 500 мың теңгеден аса қаражат ауда­­­­рады. Яғни алдымен кәсіпкер өз қа­ра­жатына мектеп салады. Мектептің құ­рылысы аяқталған соң мемлекеттен ақ­шалай төлем ала бастайды. Жеке мектеп кәсіпкердің меншігінде қалады және кәсіпкер қалауы бойынша оқу ақысын белгілейді. Бұл ретте жекеменшік мектептерде оқу ақысы қазақстандық оқыту нысаны кезінде жылына 1 200 АЕК-тен және халықаралық оқыту нысаны кезінде жылына 2 400 АЕК-тен аспауға тиіс деген қағида бар. Мемлекеттік төлемдер тек мектепте оқитын балалардың нақты санына қарай төленеді. Осыған байланыс­ты оқушыларды өз мектебіне шақыру үшін ақылы мектептің бағасы мен сапасы талапқа сай, көңілге қонымды болуы керек.

Астана қаласы әкімдігі білім басқар­ма­сының мәліметінше, елордада 50 же­­ке­меншік мектеп жұмыс істейді. Ондағы оқушы саны – 31 244. Оның ішінде 5 «Binom school» мектебі мем­ле­кет-жекеменшік серіктестік аясында са­лынған. Ақылы мектепте ата-аналар алдын ала жасалған келісімшарт бойынша белгіленген оқу ақысын төлейді, ал «Binom school» мектебінде орта білімге мемлекеттік білім беру тапсырысы бо­йынша жан басына қаржыландыру «Қаржы орталығы» АҚ арқылы жүргізіледі. Яғни осы мектепте ата-аналар оқуға ақша төлемейді. Барлық жекеменшік мектеп білім беру қызметін жүргізуге құқық бе­ре­тін лицензия бойынша жұмыс істейді. Сондай-ақ мектептердің оқу жоспары білім басқармасымен келісіліп, бекітіледі. Демек ақылы мектептің білім беру саясатымен қатар білім беру бағдарламасы да бақылауда.

 

Оқымайтын оқушы жоқ

Ақылы мектепке сұраныс жоғары. Мысалы, елордада 2018 жылы ашылған «Astana Garden School» мектебі бүгінде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеп отыр. Аталған мектептің даму және зерттеу жұмыстары жөніндегі департаментінің директоры Мақсат Жанпейісов мектеп ашылған тұста небәрі 5 оқушыны қабылдағанын, кейіннен оқушылардың саны 40-қа жеткенін айтады.

– Біздің мектепте білім алуды ойлас­тыр­ған балалардың саны тоқсан сайын арта бастады. Өйткені біз о баста мектепке сенім артып келген 40 оқушының өзін азсынбай, аса құрметпен қарадық. Мектеп басшылығы оқушылардың жоғары оқу орнына түсуіне, дұрыс таңдау жасауы­на баса назар аударды. Яғни IELTS, SAT сынды тестілерге дайындықты кү­­шей­тіп, оқушылардың шетелдегі жо­­ға­ры оқу орнында білім алуына жәр­дем­десетін дағдыларын дамыттық. Ака­де­миялық жазу, креативті жазу, сыни ойлау, еректілер қозғалысы, әлеуметтік жоба, ғылыми жоба, бизнес жобаға мән бердік. Қысқасы, оқушылардың шетелге оқуға түсерде қажет болатын құжаттарын кеңейтуге тырысамыз. Сондықтан оқу­шы­ларымыз алғашқы жылдан-ақ жақсы нәтиже көрсетті. 40 оқушының барлығы дерлік шетелдегі және елдегі үздік жо­ғары оқу орындарына оқуға түсті. Мек­теп­те 2019 жылы 86 оқушы болса, 2020 жылы – 134, 2021 жылы – 357, былтыр қазан айындағы есеп бойынша 770 оқушы қабылданса, қазір шамамен 800 оқушы бар. Оқушыларымыздың Еуропа, Американың 19 елінде білім алуына мүм­кін­дігі бар. Мектеп ашылғалы шетел­­­­­дегі жоғары оқу орындарынан біз­дің оқушыларға 208 шақырту түсті. Оның ішінде 31 оқушыны шетелдің бе­дел­­ді оқу орындары тегін оқуға ша­қыр­­са, 60 оқу­шы­ны жеңілдікпен ша­қыр­ды, – дейді ол.

Былтыр пайдалануға берілген мектеп­тің жаңа ғимаратының құрылысына ин­вес­торлар жәрдемдескен. Ақылы мек­тептердің тағы бір артықшылығы, ата-аналар баласына қосымша үйірме іздеп әуре болмайды. Мектеп ұжымы баланың қай бағытта білімін жетілдіруге бейіл екенін біліп, мамандық таңдауға да жәрдемдеседі. Бастауыш, орта және жоғары сыныптың оқушылары шетелдің озық білім беру тәсілдерін меңгеріп шығады. Яғни білім беру бағдарламасына халықаралық стандарттар енгізілген. Аталған мектепке қазір мемлекеттен әр балаға жан басына қаржыландыру есебінен ақша түсіп отырады. Енді осы ұжым халықаралық дәрежедегі мектеп мәртебесін алса, әр оқушыға бөлінетін қаржының көлемі де артады.

Мұнда оқу ақысы баланың қай сыныпта оқитынына қарай белгіленеді. Жоғары сыныпта оқитын оқушылардың оқу ақысы да жоғары болады. Ашып айтар болсақ, төменгі сыныпта оқитын оқушылардың ата-анасы жылына 4 млн теңгенің шамасында ақша аударса, орта сыныпта – 5 млн, ал жоғары сыныпта оқитын оқушыларға белгіленген оқу ақысы – 6 млн теңгенің маңайында. Балалардың мектеп формасы, спорттық киімі, оқушылардың таңғы 8:00-ден кешкі 17:00-ге дейін мектепте уақытын тиім­ді өткізуі, тіпті төрт мезгіл тамағы осы қаражатқа кіреді. Қысқасы, ата-аналар баланың біліміне бас қатырмайды. Шынтуайтында, оқу ақысы қымбат мұн­дай мектептерде екінің бірінің білім алуы­на мүмкіндік жоқ. Осыдан кейін білім бизнеске айналмады деп айтып көр. Енді тақырыптың өзегі болған сауал­ға оралсақ, ақылы мектептің даму және зерттеу жұмыстары жөніндегі депар­таментінің директоры Мақсат Жан­пе­йісов те «Оқымайтын оқушы жоқ, қызық­тыра алмайтын мұғалімдер», дейді.

– Ең әуелі оқушыны пәнге қызықтыру қажет. Егер оқушы тақырыпты не үшін үйренуге тиіс екенін түсінсе, ол міндетті түрде пәнді меңгереді. Ол үшін мұғалім сабаққа тыңғылықты дайындалып, сабақтың барысын жоспарлап, ол жоспарды ізденіске негіздесе нәтиже шығады. Мұғалімдер әр балаға жеке тұлға ретінде қарап, әр оқушыға жеке көңіл бөлуі керек деп ойлаймын. Біздің мемлекеттік мектептерден айырмашылығымыз, бәлкім мұғалімдердің әр оқушыға көңіл бөліп, тұл­ға ретінде әр баланы сыйлауын­­­­­да, жақсы көруінде болса керек. Бізде мұ­ға­­лімдердің миссиясы бар. Мысалы, ше­тел­дің маңдайалды оқу орындарында білім алған мұғалімдер өзінің түйген-білгенін оқушыларға түсіндіргісі келеді. Оқу­шылардың қабілетін арттырып, әлем­дегі, елдегі белді ЖОО-ға түсуіне барынша жәрдемдеседі. Сондай-ақ мұғалімдер балаларды шетелде қалып кетпей, туған, өскен, өнген өлкесіне қызмет етуге үн­дей­ді. Біздің мақсатымыз бизнес құру емес. Мақсатымыз – оқу-ағарту ісіне өз үлесімізді қосу, – дейді АҚШ-тың Кали­форния штатында білім алған сала маманы.

Осы мектепте М.Жанпейісов сынды шетелде білімін шыңдаған мұғалімдер көп. Мектеп басшылығы да шетелдің үздік оқу орындарынан білім алыпты. Әрине, мектепте тек шетелде ғана емес, еліміздің ЖОО, мектептерінен келген педагогтер де бар. Олар да мектепке жұмысқа орналасу үшін шеберлігін дәлелдейді. Аталған мектепте баласын оқытуға ниетті ата-аналар көп. Қазірдің өзінде бір орынға шамамен 6 оқушы үміткер деседі. Осы тұста «Astana Garden School» мектебіне 5 баласын оқуға берген көпбалалы ана Айгүл Елубаеваның пікірін білген едік.

– Жолдасымыз екеуміз жеті бала тәр­биелеп отырмыз. Қазір екі үлкен қы­зы­мыз – студент. Ақылы мектепке барған екінші қызымыз қазір БАӘ-Бри­­таниялық университетінде оқиды. Кейін­гі перзенттеріміз 9, 7, 5, 4 және 2-сы­­ныпта оқитын балаларымызды осы мек­тепке ауыстырдық. Мұнда жо­ға­ры сыныптың оқушыларына әлемнің беделді университеттерінде білім алуға жағдай жасалған. 8, 9-сыныптан бас­тап 11-сыныпқа дейін мұғалімдер ба­ланың қандай бағытта білім алуға қы­зы­ғатынына қарап, қандай оқу орнына тапсыру тиімді екенін айтады, жол нұсқайды. Мұндайды өзге мектептерден көрген емеспін. Сосын ата-ана ретінде өзіміз қосымша курстар іздеп сабылмаймыз. Бізде балаларымыз шетелде оқыса да кейін елде жұмыс істесе, елге көмегі тисе деген ниет қой. Ал ағылшын мектептерінде ұлттық құндылықтарға аса назар аудара қоймайды. Содан екінші қызымыз 10-сыныптан ақылы мектепке ауысты. Көп ұзамай 11-сынып оқып жүргенде шетелден оқуға шақырту алды. Әрине, оқу ақысы арзан деп айта алмаймыз. Қазір ақылы мектептегі балаларымыз жеңілдікпен оқып жатыр, – дейді ана.

 

Мектептің де озығы бар

Астана қаласындағы Қайым Мұхамед­ха­нов атындағы №90 ұлттық гимназия директоры Аятжан Ахмет­жанның айтуынша, мемлекеттік мектеп пен жеке­мен­шік мектеп арасында ауыз толтырып айтарлықтай айырмашылық жоқ.

– Мемлекеттік мектептің де озығы бар. Нашары да жоқ емес. Ақылы мектептер де тура осындай дегім келеді. Иә, қазір жұрттың мүмкіндігі болса бала­сын жекеменшік мектепке сүйреуінің басты себебі неде деген сауал туады. Айтайын, біріншіден, мемлекеттік мек­теп­тегі сыныптарда бала саны көп. Ақы­лы мектептегі бір сыныпта – 15, әрі асса, 20 бала оқиды. Тіпті бір сыныпта 12, 13 бала оқытатын жекеменшік мектептер бар. Екіншіден, көбінде жеке­мен­шік мектептердің материалдық базасы мемлекеттік мектептен көш ілгері болады. Жеке мектептердің бірлі-екілі осындай артықшылығы болмаса, ауыз толтырып айтарлықтай методикалық әдіс-тәсілдері жоқ. Енді кейбір ақылы мек­тептегі мұғалімдер мемлекеттік мек­теп­тегі мұғалімдерден артық ақша алып отырған соң, ұстаздардың сапасы жақсы болып жатады. Осылайша, мемлекеттік және ақылы мектептің де артық және кемшін тұстары бар деп айтар едім, – дейді тәжірибелі ұстаз.

Білім саласында түрлі қызметте болып, абыройлы еңбек еткен ардагер ұстаз Есенкүл Қохаеваның да пікірі осыған саяды.

– Қазір ақылы мектепте балалар жақсы оқиды, онда білім сапасы жоғары деген көзқарас қалыптасқан. Ал жалпы орта білім беретін мектептерде балалардың білім сапасы әртүрлі болса, мектеп-гимназияларда жоғары. Өйткені гимназияға озат, іріктелген балалар қабылданады. Мұғалімдер де солай іріктеледі. Ақылы мектепте оқитын балалардың білім сапасы да әрқалай. Баласын ақылы мектепке берген ата-аналардың пікірін естідік. Ақылы мектептегі әр сыныпта оқушы саны аз болады. Мұғалімнің 10-15 баланы оқытуы жеңілірек. Сондай-ақ мектепке ата-аналар ақша төлеген соң, мұғалімдердің де білімді шәкірт тәрбиелеуге ынтасы жоғары болады деп ойлаймын. Меніңше, қандай мектеп болса да мұғалімнің сабақ беру әдістемесі дұрыс болса, оқушылардың білім сапасына оң әсер етеді. Тіпті тақырыпты түсіндірген мұғалімнің сөйлеу мәнері, мәдениеті, даусының ырғағы, жағымдылығы да балаға әсер етеді. Мұғалімі білімді болса, бала қандай мектепте оқыса да сол пәнді жетік меңгереді. Мен өзім педа­гогикалық шеберлік орталығында басшылық қызметте жүргенде әр мектептен келген мұғалімнің деңгейі әртүрлі болатынын білдім. Соның ішінде алғыр, белсенді, білімді, сөзге ұста, ненің дұ­рыс, ненің бұрыс екенін бажайлай білетін, өз ойын ашық айта алатын мұғалімдер бар еді. Кейінірек мектептен келген мұғалімдердің арасында деңгейі төмендеу, кітап сөзімен сөйлейтін, тіпті өзінің пәнін жетік меңгермеген мұғалімдерді де көрдік. Мықты ұстаз қайда еңбек етсе де өзі білімді, әрі түй­ген-білгенін оқушыға түрлі әдіспен жет­кізетін қабілеті болса, оқушы да алғыр болады. Баласын ақылы мектепке берген ата-аналар өздеріне жауапкершілік алғысы келмейді. Ақшасын төлеп отырмыз, мектеп оқытады дейді де баланың біліміне бас қатырмайды, – деді ардагер ұстаз.

Ал психолог Айгүл Абдрахманова ақылы мектепте оқитын балалардың кө­біне жауапкершілігі жоғары болатынын жеткізді.

– Мына мектеп жақсы, мына мектеп нашар деп шорт кесіп айта алмаймыз. Алайда мемлекеттік мектептегі балалар қарапайым, онда бәсекелестік аса жоғары емес. Ал ақылы мектептердегі оқушылардың мендік қасиеттері жоғары болады. Яғни ақша беріп оқыған соң, жауапкершілігі жоғары болады. Мұға­лім­дерде де құлшыныс жоғары болады. Олардың бос уақыты жоқ. Күн тәртібінде бос уақыты көп балалар ғалам­тор­ға, тағысын тағы жағымсыз нәрсе­лерге әуестігі болып жатады. Ақылы мек­теп­тер­де үйірмелер көп. Мұғалімдер оқу­шының таңдаған бағытында білім беруге көбірек көңіл бөледі. Мемлекеттік мектептерде үйірмелер бар болса да, балалар сол мүмкіндікті 100 пайыз пайдаланып жатыр деп айта алмаймыз, – деді психолог.

Білім саласына енгізілген рефор­ма­лардың түп негізі білімді, тәрбиелі, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға бағытталғаны белгілі. Білім берудің озық үлгідегі әдіс-тәсілдерін Оқу-ағарту министрлігі саралап, халықтың болмысына, табиғатына сай келетін озығын кезең-кезеңімен ұсынуда. Бұл аз десеңіз, қазіргі білім беру бағдарламасының күрделі екенін айтып, шырылдайтын ата-аналар бар. Соның ішінде ақылы мектеп ашудағы ең негізгі мақсат бәсекеге қабілеттілікті арттыру, орын тапшылығын азайту болғаны анық. Ал кез келген ата-ана баласын қай мектепте оқытса да ертең үлгілі, алғыр, тәрбиелі азамат болсын деп үміт артады және сол ниетіне іштей сенеді. Ендеше, білімге ұмтылған жас ұлан шын ізденсе, қай мектепте оқыса да жақсы нәтижеге қол жеткізеді деген алдыңғы аға буынның түсінігін де теріске шығара алмаймыз.