
Сот жүйесіне енбейтін қазіргі Конституциялық кеңес 1995 жылы құрылған. Алайда Президенттің биылғы Жолдауында айтылған құқық қорғау институттарын күшейту үшін сот жүйесінің әділ төрелігі қажет болды. Осы мақсатта Конституциялық сот құру туралы шешім қабылданды. Конституциялық сот 2023 жылдың 1 қаңтарында жұмысын бастайды. Мұндай институт бүгінде әлемнің дамыған елдерінің барлығында бар.
– Конституциялық соттың қызметі үшін заңнамалық, құқықтық негізді қамтамасыз ету, оған Конституциямен жүктелген өкілеттіктерді іске асыру мақсатында «Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы» Конституциялық заң қабылданды. Конституциялық заң Конституциялық соттың және оның судьяларының мәртебесін, олардың өкілеттіктерін, кепілдіктері мен қамтамасыз етілуін толық ашады. Сондай-ақ конституциялық іс жүргізуді жүзеге асыру тәртібі жан-жақты регламенттелген. Конституциялық сот еліміздің барлық аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін орган болып саналатынын және биліктің сот тармағына жатпайтынын атап өткім келеді. Өйткені бұл мәселе Конституцияда нақты шешілген. Бұл Конституциялық сот сот шешімдерін қайта қарамайды немесе күшін жоймайды дегенді білдіреді, – деді Әділет вице-министрі Алма Мұқанова.
Вице-министрдің айтуынша, Конституциялық соттың Конституциялық кеңестен айырмашылығы азаматтар құзырлы органға тікелей жүгіне алады. Ал кеңесте мұндай мүмкіндік қарастырылмаған. Енді Конституциялық сот азаматтардың өтініштері бойынша олардың құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын нормативтік-құқықтық актілерді Ата Заңға сәйкестігін қарайды. Ел тұрғындарымен қатар, Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Конституциялық сотқа жүгінуге құқылы.
Жаңа заңда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құзыреті де күшейтілді.
– Конституцияның 83-1-бабының нормаларымен уәкіл қызметінің міндеттері, оның тәуелсіздігінің кепілдігі бекітілген. Бұдан былай уәкілдің құқықтық жағдайы мен қызметін ұйымдастыру Конституциялық заңмен айқындалады. Уәкілдің құзыреті күшейтілді. Атап айтқанда, Конституция нормаларын іске асыру үшін уәкілдің Конституцияда бекітілген адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігі мәселесі бойынша Конституциялық сотқа жүгіну құқығы көзделген. Уәкілдің қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріне және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға кедергісіз кіру құқығы бекітілді. Уәкілдің мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, өзге де ұйымдар мен азаматтар арасындағы дауларды реттеу жөніндегі қоғамдық диалогке қатысу мүмкіндігі және оларға тиісті ұсынымдар беру мүмкіндігі бекітілді, – деді А.Мұқанова.
Сонымен қатар сайлау заңнамасына өзгерістер енгізуге, Конституциялық сот құруға, Есеп комитетін Жоғары аудиторлық палатаға айналдыруға, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесін нығайтуға байланысты «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Сайлау заңнамасында атап айтсақ, сайлау процесін жетілдіруге бағытталған әлеуметтік желілердегі үгіт-насихатқа рұқсат беру, аумақтық сайлау комиссияларын кәсіби негізге ауыстыру, сайлау қорларына ерікті қайырымдылықтардың шекті мөлшерін белгілеу және тағы басқа да өзгерістер енгізілді. Әсіресе саяси партияларды тіркеу үшін бірқатар жеңілдік қарастырылған.
– Саяси партияларды тіркеу шегін 20 мыңнан 5 мың мүшеге дейін, саяси партиялардың өңірлік өкілдіктерінің ең аз санына қойылатын талаптар 600-ден 200 адамға дейін, саяси партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең аз санына қатысты талаптар 1 мыңнан 700 адамға дейін төмендетілді. Сондай-ақ мұнда саяси партия құру жөніндегі құрылтай съезін өткізу мерзімін 2 айдан 3 айға дейін ұлғайту бойынша түзетулер көзделген. Бұдан бөлек, жерге, оның қойнауына, суларына, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне, басқа да табиғи ресурстарға қатысты халық меншігін белгілеу бөлігінде Конституцияның 6-бабына қабылданған түзетулерге ұқсас нақтылайтын түзетулер енгізілді, – деді Әділет вице-министрі.
Бұған қоса аралас сайлау жүйесі енгізілді. Енді өңір мәслихаттары мажоритарлық жүйе бойынша 50, партиялық тізімдер бойынша 50 пайыз қағидаты бойынша құрылады.
– Аудан мәслихаттары тек бір мандатты округтер бойынша құрылады. Сайлау процесінің өзі уақыт талаптарына сүйене отырып жетілдіріледі. Депутаттық мандатты қайтарып алудың жаңа институты енгізілуде. Императивті мандат дегеніміз – егер бір мандатты округ бойынша сайланған депутат қоғамның сұраныстарын қанағаттандырмаса, мұндай депутатты қайтарып алу мүмкіндігі. Шын мәнінде бұл сайланатын депутаттардың жауапкершілігін арттыру тетігі және олар мәлімдеген сайлауалды бағдарламаларды іске асыруға ынталандыру. Бұл ретте мұндай модель кезінде депутаттың өкілеттігін тоқтату да аралас: не кандидатты партиялық тізімнен шығару, саяси партияны тарату не сайлаушылардың депутатты кері қайтарып алуы, – деді вице-министр.
Сондай-ақ аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау кезең-кезеңімен енгізілуде. Әкімдерді сайлау үш кезеңде өтеді, 2023 жылы әкімшілік-аумақтық бірліктердің – 25, 2024 жылы – 25 пайыз, ал 2025 жылы барлық аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда өтеді. Бұл ретте пилоттық өңір облыс әкімінің ұсынысы бойынша облыс мәслихатының шешімімен белгіленеді.