
Мемлекетаралық қатынастар жалпы күш-жігермен жоғары деңгейге көтерілді. Тұрақты саяси диалог сақталып, делегациялар алмасу жүзеге асырылды, құқықтық базаның берік іргетасы қаланды. Парламентаралық және өңіраралық ынтымақтастық, іскерлік және мәдени-гуманитарлық байланыстар дамып келеді.
Мәселен, Қазақстан мен Хорватия өзара сыйластық қағидаты негізінде екі елдің әлемдік аренадағы ынтымақтастығын нығайтуды қолдайды. БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар шеңберінде халықаралық қауіпсіздік, халықаралық терроризмге қарсы күрес, ұйымдасқан қылмыс, есірткі құралдарының заңсыз айналымы, заңсыз көші-қон және басқа да трансұлттық сын-қатерлер мәселелері бойынша тығыз қарым-қатынас орнаған.
Мәдени байланыстарды дамытумен қатар, Қазақстан мен Хорватия арасындағы жан-жақты өзара іс-қимылды нығайтуға Хорватия-Қазақстан достығы қоғамы салмақты үлес қосып келеді.
Кейінгі жылдары Қазақстан мен Хорватия арасындағы сыртқы сауда айналымы тұрақты өсу үрдісіне ие. Статистикаға сүйенсек, 2021 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 680,96 млн долларды құраған. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында тауар айналымы 349 млн долларға жетті. Яғни былтырғы кезеңмен салыстырғанда 82 пайызға өскен. Қазақстанда құрылыс, фармацевтика, IT, тамақ өнеркәсібі және сауда салаларында жиырмадан аса хорват компаниясы тіркелген. Көлік-логистика, оның ішінде теңіз инфрақұрылымын дамыту, туристік және спорт салаларында нақты жобаларды іске асыру жөнінде уағдаластық бар.
Сондай-ақ Словениямен дипломатиялық байланыс орнағанына да 30 жыл толды. Осы уақыт аралығында екіжақты және көпжақты форматтағы сындарлы қатынастар мен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін аса жоғары және жоғары деңгейде сенімді диалог орнатылып, қолдау тауып келеді.
Ынтымақтастықтың серпінді бағыттарының бірі – көпжақты өзара әрекеттестік. Словения Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалығын қолдады. Атап айтқанда, Словения басшылығы Астанада саммит өткізуге, Астана қаласында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізуге өтінімнің алғашқы жақтаушыларының бірі болды. Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне, 2022-2024 жылдары БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне кандидатурасын қолдады. Өз кезегінде Қазақстан 2021-2022 жылдарға арналған МАГАТЭ Басқарушылар кеңесіне Словенияға дауыс берді.
Екіжақты қатынастарда парламентаралық өзара іс-қимыл ерекше орын алады. Қазақстан мен Словения парламенттерінде сапарлар мен тақырыптық іс-шаралар өткізу арқылы депутаттар арасындағы байланыстарды кеңейтуге ықпал ететін достық пен ынтымақтастық топтары жұмыс істейді.
Екіжақты ынтымақтастықтың маңызды тетігі ретінде Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияны айта аламыз. 2014 жылдан бастап Қазақстан мен Словения кәсіпкерлерінің бастамасымен іскерлік ынтымақтастықты кеңейту мақсатында «Қазақстандық-словен бизнес-клубы» (KSBC) құрылды. Инвестиция, көлік және логистика, ақпараттық технологиялар, туризм, денсаулық сақтау, фармацевтика, білім беру, сондай-ақ екіжақты қатынастардың шарттық-құқықтық базасын кеңейту сияқты салалардағы өзара іс-қимылдың перспективалары белгіленді.
Қазіргі таңда елімізде Словения капиталының қатысуымен фармацевтика, жаңартылатын энергия көздері, инженерия, телекоммуникация салаларындағы 19 кәсіпорын тіркелген.
Бұған қоса, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашизмге қарсы күрес екі елге де ортақ. Словенияның Тырново қаласында кеңес одағы жауынгерлеріне арналған мемориал орнатылды. Онда қаза тапқан қазақстандық сарбаздардың есімдері ескерткіш тақталарда жазылған.
Сонымен қатар 2018 жылы Повир ауылында Югославия партизандарымен бірге фашизмге қарсы соғысып, Балқан түбегін азат ету жолында қаза тапқан қазақстандық батыр Кассе Себероны еске алуға арналған «Жырақта жатсаң да, өшпес ерлігің еліңнің жадында!» сөздері бар мемориалдық тақтасының салтанатты ашылу рәсімі өткенін де айта кеткен жөн.