Қоғам • Бүгін, 08:10

Жетісуда жағымды жаңалық көп

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Жолдауында ауылдың ел экономикасы мен әлеуметтік тұрақтылықтағы шешуші рөлін айқын көрсетті. Сондықтан оны дамыту жекелеген инфрақұрылымдық жобалармен шектелмей, кешенді түрде жүргізілуі керек. Ауыл тұрғындарын сапалы жолмен, таза ауызсумен, жарықпен, интернетпен, медицина, білім қызметтерімен қамтамасыз ету – бүгінгі күннің маңызды тақырыбы.

Жетісуда жағымды жаңалық көп

Бұл ретте Жетісуда ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, су шаруашылығы саласында жалпы құны 35,6 млрд теңгені құрайтын 11 нысанның құрылысы қолға алынды. Бүгінде олардың бесеуі пайдалануға беріліп, қалған алтауы 2028 жылға дейін аяқталуға тиіс. Нәтижесінде, 5,3 мың гектар жаңа суармалы жер айналымға енгізіліп, 36 мың гектар алқап қайта қалпына келтіріледі.

Ал былтыр жолдарды жөндеуге 41 млрд теңге бөлініп, 193 шақырым облыстық маңызы бар жолдар мен 54 елді мекеннің ішкі көшелері жаңартылды. Биыл жол инфрақұрылымын дамытуға 52 млрд теңге бағытталып, 333 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Қазір өңірлерді жүйелі түрде табиғи газға қосу жұмысы кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Ауылдарды газдандыру көрсеткіші 110 елді мекенді қамтып отыр. 2027 жылға қарай газдандыру деңгейі 91%-ға жетіп, 210 ауыл толық қамтылатын болады.

пп

«Жолдауда көрсетілген басым­дық­тарға сәйкес, облыста 2025 жылы білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй, мәдениет, спорт, инженерлік желілер салалары бойынша кең ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл 271 нысан пайдалануға берілді, оның ішінде 8 білім беру нысаны, 101 денсаулық сақтау, 133 тұрғын үй, 4 мәдениет, 3 спорт, 20 инженерлік желі, 1 өрт сөндіру депосы және 1 ауыл шаруашылығы нысаны бар. Аталған жобалар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, ауылдық және қалалық аймақ­тардағы инфрақұрылымды жаң­­ғыртуға, қызмет көрсету деңгейін көтеруге бағытталған. Оған қоса 375 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп көзделген. Президент тапсырмасы бойынша жаңа тұрғын аудандарды инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары да жүйелі түрде жүргізіліліп жатыр. 2025 жылы 39 нысанның құрылысына 24,8 млрд теңге бөлінді. Оның 20-сы биыл, қалғаны 2026 жылы аяқталады», дейді облыстық мәслихат төрағасы Гүлнәр Тойлыбаева.

Биыл облыста барлығы 101 денсаулық сақтау нысанының құрылысы мен жөндеу жұмыстары жоспарланған. Оның ішінде 44 нысан – Президенттің Жолдауында атап көрсетілген ауылдық денсаулық сақтау жүйесін модернизациялау бағыты аясында жүзеге асырылады. Сонымен қатар агросекторды қолдауға 64 млрд теңге бөлініп, оның ішінде субсидия, жеңілдетілген несие және лизингтік қаржыландыру тетіктері арқылы шаруалардың өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтуге жағдай жасалып жатыр. «Кең Дала» бағдарламасының аясында қосымша қаржы қарастырылып, күзгі дала жұмыстарына өтінімдер қабыл­данады. Өңірдің стратегиялық дақылы саналатын қант қызылшасын толық өңдеп, жыл соңына дейін 90 мың тонна қант өндіру жоспарланған. Одан бөлек жүгері, сүт, майлы әрі дәнді дақылдарды өңдеу үлесінің өсуі ауыл экономикасының түрлі бағытта дамып жатқанын көрсетеді.

«Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін орындау, іске асырылуын бақылау және мониторинг жүргізу – депутаттардың күнделікті жұмыстарының бірі. Облыстық мәслихат депутаттары үнемі салынып жатқан нысандардың құрылысын қадағалап, жолдардың сапасын бақылап, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылуын басталған күннен бері назарда ұстап келеді. Сондай-ақ, осы жылдың тамыз айында облыс аумағында білім ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы бойынша мониторинг жұмыстары жүргізілді», дейді Г.Тойлыбаева.

Аталған мониторинг нәтижесінде бірнеше білім ұйымдарында кемші­ліктер анықталып, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары, жаңа мектеп құрылысы қажеттілігі анық­талған. Соған сай комиссияның отырысы ұйымдастырылып, облыс әкіміне анықтама жолданған. Бұл мәселе де депутаттардың бақылауында тұр.

Жыл басынан бері мемлекеттік органдарға 156 депутаттық сауал жол­данған. Оның 50-і жергілікті бюджеттен қаражат бөлуді талап ететін сауалдар. Мемлекеттік органдарға жолданған барлық депутаттық сауал уақытымен қаралып, тиісті шаралар қабылданған. Осы сауалдар негізінде 2026–2028 жылдарға арналған облыстық бюджетті қалыптастыру кезінде қаражат талап ететін депутаттық сауалдарда оң шешіліп жатыр.

«Мәселен, Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасына сатып алынған медициналық бұйымдарды төлеуге, медициналық жабдықтарды жөндеу жұмыстарына жалпы сомасы 600,6 млн теңге қарастырылды, сондай-ақ, Д.Рақышев атындағы қазақ мектеп – интернаты жатақханасына күрделі жөндеу жұ­мыстарын жүргізу үшін 82,0 млн тең-ге бөлінді. Бұдан басқа, көптен көтеріліп жүрген мәселелердің бірі – Көксу ауданы Лабасы ауылдық округі Еңбекшіқазақ ауылында, Тентек-Қарабұлақ теміржол аралығының 35 шақырымындағы ПК-2 жабық өткелін тұрақты негізде ашу мәселесі. Аталған мәселені шешу мақсатында Тұрақты комиссияның жоспардан тыс отырысын өткізіп, нәтижесінде Тентек-Қарабұлақ теміржол аралығының 35 шақырымындағы ПК-2 өткелін егін жинау және егін егу науқаны кезінде 3 айға ашу мәселесі шешілді. Алайда шаруа қожалықтарының өтініші өткелді тұрақты негізде ашу болған. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасын табатын болады. Осы ретте жыл басынан депутаттар 159 қоғамдық қабылдау өткізді, өтініш білдірген азаматтардың саны – 316, нәтижесінде, 201 мәселе шешімін тапты», дейді Г.Тойлыбаева.

Жалпы, облыста жүзеге асырылып жатқан ауқымды жұмыстар Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтардың тиімді орындалып жатқанын көрсетеді. Ауылдық аумақтарды дамыту, ин­фрақұрылымды жаңғырту, әлеу­мет­тік нысандардың қолжетімділігін арттыру, ауыл шаруашылығы мен өңдіріс саласын күшейту – өңірдің ұзақмерзімді өркендеуіне бағытталған жүйелі саясаттың нақты нәтижесі. Депутаттардың белсенді қоғамдық бақылауы, тұрғындармен тұрақты байланысы әрі жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылы өңір­дің әлеуметтік-экономикалық тұрақты­лығын қамтамасыз етуге ықпал етіп отыр.

 

Жетісу облысы