
Алғаш рет Астанада өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің саммитіне ұйымға мүше мемлекеттер, байқаушылар, қонақтар, жалпы саны 50-ден астам делегация қатысты. Оның 12-сі мемлекет және үкімет басшылары деңгейінде болды.
– Азия кеңесіндегі ең басты құжат – «Трансформация жөніндегі Астана мәлімдемесі» болды. Азия кеңесін толыққанды өңірлік халықаралық ұйымға біртіндеп кезең-кезеңмен және консенсусқа негізделген трансформациялаудың құрылымды, инклюзивті және ашық келіссөздер процесі басталды деген сөз. Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев бұл туралы әрдайым айтып жүретін. Азия кеңесінің қазіргі ерекшеліктері халықаралық ұйымға ұқсайды. Өйткені басқару органдары, атқарушы органдары, құрылымдары бар, – деді АӨСШК Бас хатшысы.
«Астана мәлімдемесінде» мүше мемлекеттердің өңірдегі қауіпсіздікті нығайту және экономикалық өсуді, өзара байланысты, әлеуметтік және мәдени дамуды қамтамасыз ету үшін бірлескен жұмыс топтастырылған, онда әр елдің саяси еркі және ұжымдық шешім қамтылған.
– Бұл мәлімдеме шеңберінде трансформацияның алғашқы қадамдары белгіленді. Осы күнге дейін барлық кездесулер басқосу немесе кездесу деп аталып келсе, енді бұл кездесулер институционалдық дәрежеге көтерілді. Олар енді мемлекет және үкімет басшылары деңгейіндегі кеңес, ал сыртқы істер министрлерінің басқосулары сыртқы істер министрлерінің кеңесі деп аталады. Екінші институционалды шешім – хатшылықты басқарып отырған Атқарушы директордың мәртебесі Бас хатшы мәртебесіне айналдырылды. Орта және ұзақмерзімді перспективада мүше мемлекеттер алға қойған мақсаттарға сай Азия кеңесінің заңнамалық және әкімшілік базасын нығайту, бюджеттік және кадрлық механизмдерді халықаралық практикаға жақындату жолымен бірқалыпты трансформация процесін жалғастыру көзделген», деді Кеңестің Бас хатшысы.
Биыл Кеңес құрамы Кувейт елімен толықты. Осылайша, Азия кеңесіне мүше мемлекет саны – 28. Ал 1999 жылы олардың саны 15 болған. Бұл Кеңес беделінің артып жатқанын, оның басқа мемлекеттер үшін тартымды екенін көрсетіп отыр деген пікірде Қайрат Сарыбай. «Былтыр Түрікменстан Азия кеңесінің байқаушы мәртебесіне ие болды. Сондай-ақ саммит қарсаңында Азия кеңесі мен Еуразиялық экономикалық одақ өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Осылайша, Азия кеңесінің отбасы және халықаралық байланыстар желісі өсіп, жалғасуда. Бұл да төрағалықтың бір басымдығы», деді Қ.Сарыбай.
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске Қазақстан 2024 жылға дейін төрағалық етеді.