
Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Сарапшылар құбырға бомбаларды техникалық қызмет көрсету роботтары қоюы мүмкін деп болжайды, сондай-ақ олар құбырда көп мөлшерде метанның жиналуына байланысты алаңдаушылық білдіріп отыр. Дания мен Швеция БҰҰ-ға ұсынған баяндамасында Балтық теңізіндегі Nord Stream газ құбырларында бірнеше жүз кило жарылғыш зат жарылғанын айтады, соның салдарынан құбыр тесіліп, газ суға ағып жатыр. Ал БҰҰ-ның Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы өткен жұма күні бөлінген метан мөлшерінің көптігі бұрын-соңды тіркелмегенін мәлімдеді. The Guardian басылымының ақпаратына сәйкес неміс билігі де екі құбырға жасалған диверсиялық шабуылдарға жарылғыш заттар себеп болды деп есептейтінін хабарлаған.
Ал ЕО, НАТО, Польша, Швеция және Дания үкіметтері құбырдың тесілуі әдейі жасалған әрекет деп отыр. ICOS барлық Еуропада жұмыс істейтін парниктік газдарды бақылау жүйесінің мәліметтері бойынша өткен дүйсенбіден бері екі құбырдан шығып жатқан табиғи газдан бөлінген метанның үлкен бөлігі Балтық теңізіне ағып кетудің аз-ақ алдында тұрғанын көрсетті.
«Қазірде Ресейден Германияға газ тасымалдау үшін салынған екі құбыр да газбен толтырылған, алайда осыған дейін біреуі ғана жұмыс істеп келді, енді жарылыс салдарынан екеуі де жарамсыз болды», деп мәлімдейді The Guardian. Spiegel жаңалықтар журналының ақпараты бойынша газ құбырлары төрт жерден жарылған, ол үшін ауыр әуе бомбасының жарылу қуатына тең 500 кг тротил қолданылған. Құбырлардағы ақау анықталған бойда неміс мамандары жарылыстардың күшін есептеу үшін сейсмикалық зерттеулер жүргізді. Зерттеу нәтижесі әлі анықталып жатыр.
Жарылыстардың алғашқы белгілерін өткен дүйсенбі күні таңертең Данияның сейсмологиялық стансасы Балтық теңізі акваториясында орын алған жайсыз әрекеттен кейін анықтаған. Данияның Борнхолм аралындағы бақылау стансасы күші жоғары жерасты дүмпулерін тіркеді. Швеция жағалау күзетінің өкілі Франс Пресс агенттігіне берген сұхбатында «Швеция аумағында екі және Дания жағында екі ағын бар», екенін айтады. Жарылғыш заттардың құбырға қалай түскені жұмбақ күйінде қалып отыр. Алдын ала мәлімет бойынша, жарылыстар 70-90 метр тереңдікте болған.
Жарылғыш заттар шағын сүңгуір қайықтар арқылы жеткізілуі мүмкін дегенді айтады сарапшылар. Дегенмен мамандар мұндай күшті жарылыстарды тудыруы үшін қажет болатын жарылғыш заттардың мөлшеріне сүңгуір қайықтардың әлеуеті жетпейтінін алға тартады. Сарапшылардың бірі бомбаларды құбыр құрылымының ішінде жұмыс істейтін, техникалық қызмет көрсететін роботтар жөндеу кезінде қойған болуы мүмкін деп пайымдайды. Егер бұл болжам расталса, Еуропаның Ресей билігіне деген күдігіне салмақ қосары белгілі. Бұған дейін Мәскеу Еуропаның энергетикалық инфрақұрылымын жоюға қабілетті екенін бірнеше рет атап өткен еді.
Өткен жұма күні Владимир Путин АҚШ пен оның одақтастарын құбырларды жарып жіберіп, дағдарысты ушықтырды деп айыптады. Ресей президенті Украинаның төрт аймағының аннексиялануына байланысты сөйлеген сөзінде ешқандай дәлел келтірместен «Англосаксондарға қарсы санкциялар жеткіліксіз болды: олар диверсияға айналды. Сену қиын, бірақ олардың «Солтүстік ағын» халықаралық газ құбырларында жарылыстар ұйымдастырғаны шындық», деп мәлімдеген болатын. Қазір мамандар метаннан шыққан бұлттар мұқият бақыланып отырғанын айтады. ICOS-тың ауа сапасын талдау бөлімі Балтық теңізінің үстінде қалықтап, Еуропа бойымен қозғалатын газдан бөлінген үлкен бұлттардың кадрларын көрсетті. Сонымен қатар Швеция, Норвегия және Финляндиядағы метан өлшеу стансалары соңғы күндері метан құрамының күрт артқанын көрсетті. Онда шығарындылардың көлемі Париж немесе Дания сияқты елдің аумағымен бірдей, метанның жылдық мөлшеріне сәйкес келеді делінген. «Бұл өте нашар көрсеткіш, бұл бұрын-соңды анықталған ең үлкен метан шығарындылары. Қазір оларды азайту қажет болған уақытта, тіпті пайдасыз, зияны көп болып отыр», деді UNEP халықаралық метан шығарындылары мониторы басшысының міндетін атқарушы Манфреди Калтагироне Reuters агенттігіне. Ал ICOS бақылау спутниктері бұлтты ауа райына байланысты шығарындыларды анықтай алмай отыр деп мәлімдеді.
Сонымен қатар норвегиялық ауаны зерттеу институтының профессоры Стивен Платт «Біздің болжамымызша, аймақтағы жел метан шығарындыларын солтүстікке Фин архипелагына қарай апарып, содан кейін Швеция мен Норвегияға бұрылды», дейді.
Германияның қоршаған ортаны қорғау жөніндегі федералдық агенттігі болса, атмосфераға 7,5 млн тонна СО2 эквивалентіндегі шығарындылар тарағанын айтады. Бұл Германияның жалпы жылдық шығарындыларының шамамен 1 пайызына сәйкес келеді. Елдің Солтүстігіндегі Варнемюнде қаласындағы Лейбниц атындағы Балтық теңізін зерттеу институтының өкілі Грегор Редер Spiegel журналына «Бұл шығарылған парниктік газдардың мөлшері климатқа қатты әсер етеді», деді. Өйткені метан – ең күшті парниктік газдардың бірі, атмосфераны 100 жыл ішінде көмірқышқыл газынан шамамен 30 есе жылытады.
Бұл олқылыққа әсіресе Норвегия қатты алаңдаулы, өйткені Норвегия Еуропаның негізгі газ жеткізушісі және шамамен 9 мың км құбырдың қауіпсіздігіне жауапты. Газ жеткізудегі кез келген үзіліс дереу энергетикалық дағдарысты тудыруы мүмкін, ал қолданыстағы құбырлардың жарылуы экологиялық апатқа әкеледі. Өз күшіне қоса, Осло НАТО одақтастарынан оның инфрақұрылымын патрульдеуге көмектесуді сұрады. Норвегияның премьер-министрі Йонас Гар Сторе жарылыстардан кейін елдегі мұнай-газ бұрғылау қондырғылары мен құбырлардағы әскери және полиция патрульдерін күшейтуді бұйырды. Өткен дүйсенбіде, Норвегияның мұнай қауіпсіздігі басқармасы елдің теңіздегі мұнай және газ бұрғылау қондырғыларының маңында белгісіз ұшқышсыз ұшақтардың ұшып жүргенін хабарлаған еді. Осы орайда, Ұлыбритания қорғаныс штабының басшысы, адмирал Тони Радакин Корольдік Әскери-теңіз күштері сенсорлар мен автономды суасты ұшқышсыз ұшақтар арқылы суасты инфрақұрылымын патрульдеу және қорғау үшін көпфункционалды мамандандырылған мұхитты бақылау кемесіне тапсырыс бергенін мәлімдеді. Ұлыбритания Әскери-теңіз күштері осындай екі кемені 2024 жылға дейін сатып алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Ұлыбритания билігі норвегиялық бұрғылау қондырғыларының маңында ұшқышсыз ұшақтарды байқап, «Солтүстік ағын» құбырларына зақым келгеннен кейін британдық мұнай бұрғылау қондырғыларының бұзылмауын қамтамасыз ету үшін «сақтық» шараларын қабылдауда. Жағдай шиеленіссе, MI5, Корольдіктің Әскери-теңіз және Әуе күштері қауіпсіздік шараларына жұмылдырылуы мүмкін.
Батыс қорғаныс шенеуніктері соңғы айларда теңізде ресейлік сүңгуір қайықтардың белсенділігінің артуы байқалмағанын айтқанымен, ресейлік сүңгуір қайықтар бірнеше жыл бойы теңіз түбіндегі маңызды кабельдер мен құбырлардың маңайын торуылдағанын айтады. The Guardian келтірген мәлімет бойынша, Ресейде 1000 метр тереңдікте жұмыс істей алатын, кабельдерді өңдеуге немесе кесуге қабілетті механикалық қарулармен жабдықталған ядролық шағын сүңгуір қайықтар бар. Бұл сүңгуір қайықтар аталған аймаққа әлдеқайда үлкен сүңгуір қайықтармен жеткізіледі, ал Ресейде оларды тасымалдауға және жеткізуге қабілетті «Подмосковье» және «Белгород» атты екі заманауи кеме класы бар. «Біз Калининград пен Кольск түбегіндегі қозғалыстарды үнемі қадағалап отырмыз», деді Скандинавия әскери өкілі.
Қазақстан мен Ресей арасындағы транзиттік байланысқа келер болсақ, өткен жылы Қазақстан мұнайының 97 пайызы Ресей арқылы өзге елдерге жөнелтілген. Мұнайдың 79 пайызы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы, 18 пайызы Атырау-Самара құбыры тасымалданған, сондай-ақ 3 пайызы Атасу-Алашаңқай құбыры арқылы Қытайға экспортталған. Ал наурызда КҚК істен шығып, үкімет шамамен 100-150 миллиард теңге зардап шеккен. Ресейге салынған санкциялар кесірінен осы жылы Атырау-Самара құбырына қатысты олқылықтардан Қазақстан да зардап шегіп, шығынға батты. Өйткені ел құбырларының барлығы Ресей арқылы өтетіндіктен, Қазақстан мұнайы Ресейдің Urals сортына жатқызылады. Мұнайдың бұл түрі болса санкциялар әсерінен нарықта құнын жоғалтты. Осы оқиғадан соң отандық өндірушілер ел мұнайын KEBСO (Kazakhstan Export Blend Crude Oil) жаңа сауда маркасымен бекітті.