
«Ауыл» ХДП партиясының төрағасы Әли Бектаев кезектен тыс өтетін президент сайлауына президенттікке үміткер ретінде партияның атынан Қазақстан фермерлер қауымдастығының басқарма төрағасы Жигули Молдахалықұлы Дайрабаевтың кандидатурасын съезд қарауына ұсынды. Съезд делегаттары ұсынылған кандидатураны қолдап, бірауыздан дауыс берді.
«Ауыл» партиясы кезектен тыс президент сайлауы Жаңа Қазақстанның қалыптасу жолындағы маңызды кезең болады деп сенеді. Сондықтан да халықтық-демократиялық патриоттық партия 20 қарашада өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысатынын мәлімдейді. Президент сайлауына кандидат ұсынуы партияның еліміздегі іргелі қоғамдық-саяси ұйымдардың бірі ретінде Қазақстан Республикасы заңдарында көрсетілген құқықтарын қолдана отырып, демократия принциптеріне сай, мемлекет өміріндегі маңызды оқиғаларға қатысудағы шешімі мен ерік-жігерін айқын танытады. Президент сайлауына қатысу арқылы «Ауыл» партиясы өзінің жарғысы мен бағдарламасында көрсетілген мақсаттарын, стратегиялық міндеттерін алға тартады», деп мәлімдеді партия төрағасы Әли Бектаев.
«Алда Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы келе жатыр. Партия кезектен тыс сайлаудың жариялануын қазіргі кезеңде қалыптасқан күрделі геосаяси ахуалға байланысты қабылданған оң шешім, еліміздің бірлігі мен тұрақтылығын сақтауға бағытталған маңызды қадам деп санайды. Саяси дода ашық бәсекелестік пен әркімге тең мүмкіндіктер ұсынатын «халық үніне құлақ асатын мемлекет» пен «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамаларын қалыптастыру жолындағы Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асырудың негізгі алғышарты болмақ», деді партия мүшелері.
Партия съезінде делегаттар елімізде өткен жалпыұлттық референдумда отандастарымыз Мемлекет басшысы ұсынған конституциялық реформаларға айқын басымдықпен қолдау білдіргенін айтты. «Қазақстанда мемлекеттің саяси жүйесін жетілдіру бағытында ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылып, ел азаматтарының әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етілуін жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Азаматтарымыздың әл-ауқатының сапалы өсуі мемлекеттің экономикалық саясатының негізгі мақсатына айналды», деді партия жетекшісі.
Ол сондай-ақ «Ауыл» партиясы алдағы саяси додаға қатысу арқылы ауыл тұрғындарының, еңбек адамдарының, адал еңбеккерлердің мұң-мұқтажын қозғап, мүддесін қорғайтын ұйым ретінде саяси ұстанымын тағы бір мәрте дәлелдейтінін айтты. Партияның бұл ұстанымдары «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының 2022 жылғы 20 қарашадағы Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына қатысу туралы мәлімдемесінде де айқын көрініс тапқан. «Ауыл – дәстүрлі құндылықтарымыздың тамыры мен бастауы, өнегелі адамгершілік дәстүрлерінің өзегі, халқымыздың тілі мен мәдени діңгегін сақтаушы. «Ауыл» партиясының жүз мыңдаған мүшесінің арасында кез келген дағдарыстан шығу үшін мемлекеттік стратегияға негізделген нақты бағдарламаларын ұсына алатын, ел экономикасын жаңаша сапалық деңгейге көтеруге қабілетті, кәсіби деңгейі жоғары ауыл шаруашылығы саласының мамандары, ғалымдар және әлеуметтік сала мамандары жеткілікті. «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының басты мақсаты – саяси тұрғыдан тұрақты, экономикалық тұрғыдан өркендеген, әлеуметтік тұрғыдан әділетті Жаңа Қазақстанды қалыптастыруға атсалысу. Біз әрбір қазақстандықты алдағы сайлауға қатысып, еліміз үшін аса маңызды тарихи кезеңде азаматтық белсенділігін танытуға шақырамыз!», делінген мәлімдемеде.